bs-preloader__icon
ru kz

Қаржылық қорғау – Мемлекет кепілдігімен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қаржы нарығы мен миллиондаған азаматтар үшін маңызды заңға қол қойды. Енді өмірді жинақтаушы сақтандыру (ӨЖС) шарттары бойынша халықтың жинақтары қосымша түрде қорғалады. Бұл ретте Сақтандыру төлемдерін кепілдендіру қорының (СТКҚ) кепілдіктері барлық жинақтаушы сақтандыру түрлерін қамтитын болды.
Қаржылық қорғау – Мемлекет кепілдігімен

Бұған дейін СТКҚ кепілдіктері негізінен міндетті сақтандырудың басым бөлігіне (міндетті емес түрінен басқа) қолданылатын. Мысалы, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) аясындағы сақтандыру шарттары немесе зейнетақы аннуитеттері (жинақталған зейнетақы қаражатынан өмір бойғы төлемдер) кіретін.

Ұлттық Банктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, МБЖЖ аясындағы ӨЖС шарттары бойынша сыйақы көлемі 527,7 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 235%-ға артты.

2025 – 527 785
2024 – 157 591

Зейнетақы аннуитеттері бойынша 2021 жылдан бастап кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілген соң сұраныс тұрақты өсіп келеді.

2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, бұл бағыттағы сыйақы көлемі 154,7 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 39,3%-ға көп.

2025 – 154 766 721
2024 – 111 063 352

Алайда осы уақытқа дейін ӨЖС шарттары кепілдік жүйесіне кірмеген болатын. «Бұл заң ең басты кедергіні жояды – азаматтардың жинағын жоғалтып алам ба деген үрейін. Енді мемлекет барлық жинақтаушы полистер бойынша төлемдерге кепілдік береді — дәл банк салымдарындағыдай. Бұл сақтандыру өніміне деген сенімді арттырып, оны еліміздің қаржы жүйесінің толыққанды бөлігіне айналдырады», – деп нақтылады Nomad Life өмірді сақтандыру компаниясынан.

ӨЖС – қаржылық қауіпсіздік пен жинақтың үйлесімі

ӨЖС – денсаулықты сақтандыру мен капитал жинауды біріктіретін қаржылық құрал. Ол адамға күтпеген жағдайлар (мысалы, қайтыс болу немесе мүгедектік) кезінде сақтандыру қорғанысын ұсына отырып, ұзақ мерзімді мақсаттарға — баланың білім алуы, баспана сатып алу немесе лайықты зейнетақы қамтамасыз етуге қаражат жинауға мүмкіндік береді.

Freedom Life басқарма төрағасы Азамат Ердәсов:
«Кепілдіктердің кеңеюіне байланысты біз ақпараттық қолдау мен өнімдерді алға жылжыту жұмыстарына баса назар аударамыз. Бұл өнімдердің артықшылықтарын барынша көп азамат пайдалана алуы тиіс. Өнімдерге қосымша өзгеріс енгізу жоспарланбайды – қолданыстағы шешімдер нарық пен заң талаптарына толық сәйкес келеді», – дейді.

Сонымен қатар, сақтандыру компаниясының инвестициясынан түсетін табыстың кепілдігі жоқ екенін ескеру қажет – ол нарықтық жағдай мен басқару тиімділігіне тәуелді. Сондықтан ӨЖС – қысқа мерзімді пайда емес, ұзақмерзімді қаржылық стратегия ретінде қарастырылуы керек.

ВСС Life компаниясының басқарма төрайымы Гүлжан Жақсымабетова:
«ӨЖС кепілдіктерін кеңейту туралы заң – сақтандыру нарығы үшін маңызды қадам. Бұл қадам азаматтардың ұзақ мерзімді сақтандыру өнімдеріне сенімін арттырады. Әсіресе ӨЖС таралу деңгейі өте төмен Қазақстанда бұл өзекті мәселе», – деп атап өтті.

Ұлттық Банктің мәліметі бойынша, 2025 жылғы 1 маусымға ӨЖС шарттарына ие адамдар саны небәрі 86,1 мың адам (экономикалық белсенді халықтың 0,9%-ы). Бұл – дамушы елдермен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш, себебі оларда бұл көрсеткіш 5–8% аралығында. Сенімсіздік пен жинақтардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық – басты кедергілердің бірі. СТКҚ кепілдіктері бұл тәуекелдерді азайтып, сақтандыру компаниясы таратылған жағдайда да азаматтардың жинақтарын қорғайды.

Гүлжан Жақсымабетова:
«Бұл орташа табысы бар азаматтар үшін өте маңызды. Бұрын олар ұзақмерзімді инвестицияларға сақтықпен қарайтын. Енді бұл заң ӨЖС өнімдеріне деген сұранысты арттырып, экономиканың ұзақмерзімді инвестициямен толығуына сеп болады», – дейді.

СТКҚ – сақтандырушының сақтандырушысы

Егер ӨЖС полисін берген компания банкротқа ұшыраса немесе лицензиясынан айырылса, СТКҚ заңда бекітілген шектерде клиенттің жинағын өтеуді қамтамасыз етеді. Бұл азаматтардың қаражатын сақтандыру ұйымының төлем қабілетсіздігінен қорғайды.

Halyk Life баспасөз қызметі:
«Біз ӨЖС полистеріне қызығушылықтың артуын күтеміз. Заң күшіне енген соң сақтандыру өнімдерінің қорғаныс деңгейі банк депозиттеріне жақындайды. Бұл оларды кең ауқымды халық үшін тартымды етеді. Әсіресе ұзақ мерзімді мақсаттарға – білім, зейнетақы, денсаулық үшін жинақ жасағысы келетіндер үшін өзекті. Заң қаржылық қауіпсіздік сезімін арттырады, бұл өз кезегінде сұранысты өсіреді», – деп мәлімдеді.

Онжылдықтарға арналған сенімді серіктестер

Өмірді сақтандыру компаниялары – қаржы ұйымдарының ең тұрақты сегменті. Олар әр келісімшарт бойынша резерв жинақтауға міндетті, бұл олардың экономикалық құбылмалылыққа төзімділігін қамтамасыз етеді. Қазақстанда ӨСК банкроттық жағдайлары өте сирек кездеседі және, әдетте, жүйелі заң бұзушылықтарға байланысты болады.

Олардың қызметі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мен халықаралық стандарттар аясында қатаң реттеледі. Компаниялар тұрақты түрде аудиттен өтіп, стресс-тесттер мен қаржылық тұрақтылық бойынша есеп береді. Инвестициялар сенімді құралдарға бағытталады, бұл қосымша қауіпсіздік кепілі.

ӨЖС келісімшарттары 10, 20 жылдан астам мерзімге жасалады. Мұндай қарым-қатынас жоғары сенім мен беделді жауапкершілікті талап етеді. Резервтер мен мемлекеттік қадағалау жүйесі КСЖ-ны азаматтар үшін сенімді қаржылық серіктеске айналдырып отыр.

КСЖ «Евразия» басқарма мүшесі, басқарушы директор Алуа Ашимханова:
«СТКҚ кепілдігі – сала дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Бірақ бұл жалғыз фактор емес. КСЖ – тарихи түрде тұрақты құрылымдар. Олар несие берумен айналыспайды, сондықтан клиент қаражаты жоғары несиелік тәуекелге ұшырамайды. Оның орнына, олар ұзақмерзімді, жоғары сенімді активтерге – жоғары рейтингті бағалы қағаздарға инвестиция жасайды. Ай сайын реттеуші органдар КСЖ қызметін төлем қабілеттілігі маржасы, өтімді активтердің жеткіліктілігі сынды пруденциялық нормативтер арқылы қадағалайды».

СТКҚ кепілдіктері – шексіз, депозиттердегі КФГД шектеуінен артық

Банк салымдарындағыдай КФГД кепілдіктері белгілі бір сомамен шектелсе, ӨЖС бойынша СТКҚ кепілдіктерінде мұндай лимит жоқ. Бұл ӨЖС өнімдерін ірі инвестициялар үшін бәсекеге қабілетті қаржы құралы етеді.

Нарыққа не қажет?

Freedom Life басқарма төрағасы:
«ӨЖС сегментінің тұрақты дамуы үшін жеке тұлғаларға салықтық ынталандыру енгізу маңызды. Сонымен қатар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет – бұл мемлекет тарапынан да, жеке бастамалар арқылы да жүзеге асуы тиіс», – деп есептейді.

КСЖ «Евразия» басқарушы директоры:
«Салықтық жеңілдіктер, цифрландыру және жастар мен аймақтар тұрғындары үшін қолжетімділікті арттыру маңызды. Онлайн арналарды дамыту – өнімнің қолжетімділігін арттырады», – дейді.

Halyk Life өкілдері:
«Салықтық ынталандыру, қаржылық сауаттылықты арттыру, инвестициялық құрамдас бөлігі бар өнімдерге регуляторлық қолдау, білім мен зейнетақыға жинақтау бойынша әлеуметтік бағдарланған мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіру қажет».

Гүлжан Жақсымабетова (ВСС Life):
«Нарықтың өсуі үшін халыққа ӨЖС артықшылықтарын түсіндіру, цифрлық платформалар арқылы полистерді рәсімдеу мен басқаруды жеңілдету, қашықтан қызмет көрсету жүйесін дамыту – бәрі маңызды. Бұл сенімді арттырып, клиент шығындарын азайтады».

Nomad Life пікірінше:
«Қаржылық сауаттылықты арттыру, цифрлық дистрибуция арналары мен салықтық жеңілдіктер енгізу арқылы ӨЖС тартымдылығы артады. Халық арасында ұзақмерзімді қаржылық жоспарлау мәдениетін қалыптастыру керек – мектептен бастап».

Дереккөз: dknews.kz

Фото: Ашық дереккөздерден

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз
Дубай шоколады денсаулыққа қауіпті болды
Дубай шоколады денсаулыққа қауіпті болды

Әлеуметтік желілерде танымал болған Дубай шок...

Тимур Турлов «Freedom Finance Life» ірі қатысушысы болды
Тимур Турлов «Freedom Finance Life» ірі қатысушысы болды

Осы жөнінде ҚР Ұлттық банкі өзінің ресми сайты...

Аулақ болуы тиіс мифтер
Аулақ болуы тиіс мифтер

Кейбір адамдар зейнетке шыққанда өте аз табыс ...

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру