Go Digit Life Insurance компаниясының жаңа есебіне сәйкес, 2026 қаржы жылында өмірді сақтандыру рәсімдеген 21–30 жас аралығындағы жастардың саны 60%-дан астам өскен. Сонымен қатар олар рәсімдеген жалпы сақтандыру сомасы 50%-дан артық артқан. Бұл жастардың сақтандыру полистерін жай ғана сатып алып қоймай, қаржылық қорғанысқа байыппен қарап, елеулі көлемде сақтандыру рәсімдеп жатқанын көрсетеді.
Бұл көрсеткіштердің өсуіне кімдер ықпал етіп отыр? Әрине, Z буыны. Еңбек жолын енді бастап жатқан 21–30 жастағы жастар бүгінде қандай да бір жағдай орын алса, жақындарының болашағы не болатыны туралы алдын ала ойлана бастады. Бұрын Үндістанда өмірді сақтандыру көбіне үйленгеннен кейін немесе бала дүниеге келген соң сатып алынатын. Қазір бұл көзқарас өзгерді. Жастар «ерекше жағдайды» күтпей-ақ, тұрақты табыс тапқан сәттен бастап сақтандыру полисін рәсімдеуді жөн көреді.
Мұның бірнеше себебі бар. Есепте айтылғандай, ең алдымен COVID-19 пандемиясы адамдарға өмірдің қаншалықты нәзік екенін көрсетіп, тәуекелдер туралы ойлануға мәжбүр етті. Екіншіден, қаржылық сауаттылық деңгейі артты. Жас үндістандықтар сақтандырудың не үшін қажет екенін және оның қалай жұмыс істейтінін жақсырақ түсіне бастады. Үшіншіден, жазатайым оқиғалар мен күтпеген тәуекелдерге қатысты алаңдаушылық күшейді. Бұған нақты себептер де бар.
Сол есептегі деректер алаңдатарлық көрінеді. Жазатайым оқиғаға ұшыраған адамның орташа жасы небәрі 33 жасты құрайды. Ал барлық апаттардың үштен бірінен астамы 21–30 жас аралығындағы адамдардың үлесіне тиесілі. Бұл – өмірді сақтандырудың маңызын айқын көрсететін көрсеткіш. Есепте атап өтілгендей, «жол қауіпсіздігіне қатысты деректер қырағылықты жоғалтпау қажеттігін үнемі еске салып отырады».
Тағы бір маңызды өзгеріс сатып алу тәсіліне қатысты. Жастар цифрлық арналарды таңдайды. Олар сақтандыру полистерін сақтандыру компанияларының кеңселерінде емес, мобильді қосымшалар мен веб-сайттар арқылы рәсімдейді. Оның үстіне өткен жылы бөлшек сақтандыру сатып алуларының шамамен бестен бірі демалыс күндері жасалған. Яғни адамдар сенбі немесе жексенбі күні үйде отырып, түрлі ұсыныстарды салыстырады, пікірлерді оқиды және өздеріне ыңғайлы уақытта сақтандыру рәсімдейді.
Үндістан сақтандырудың ену деңгейі бойынша дамыған нарықтардан әлі де артта қалып отыр. Дегенмен жастар арасында үнсіз өзгеріс жүріп жатыр деуге болады. Олар қаржылық қорғанысты ертерек ойластырып, көбірек сақтандырылып және бұл шешімді саналы түрде қабылдай бастады. Егер бұл үрдіс жалғасса, алдағы он жыл ішінде Үндістан сақтандыру мәдениеті деңгейі бойынша көптеген көрші елдеріне жақындауы мүмкін. Ал әзірге Z буыны ата-аналары жасамаған қадамға барып отыр: олар отбасы құрмай тұрып-ақ сақтандыру рәсімдеуде. Бұл, бәлкім, дұрыс шешім шығар.
Дереккөз: Asia Insurance Review
Фото ашық дереккөздерден алынды


