Ұйымның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлттық Банк бұл жұмысты қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қоғамдастығымен және халықаралық әріптестермен бірлесіп жүргізеді.
Зерттеу шеңберінде ҚРҰБ бөлшек цифрлық валюта бойынша пилоттық жобаны іске асыруды, цифрлық теңгенің әсерін бағалау бойынша зерттеулер сериясын және цифрлық теңгенің ерекшеліктерін талқылау үшін нарыққа қатысушылармен және халықаралық әріптестермен бірнеше сессия өткізуді жоспарлап отыр.
Осы жұмыстың қорытындысы бойынша ҰБ технологиялық инфрақұрылымға және ұлттық цифрлық валютаға байланысты мәселелерді реттеуге, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптары бар цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы шешім қабылдайтын болады.
«Цифрлық теңге ҚР ҰБ-нің ақшаның барлық ерекшеліктері мен функцияларына ие міндеттемелерінің тағы бір көрінісі болады. Бұл ретте ол қолма-қол және қолма-қол емес ақшаның бірқатар ерекшеліктерін біріктіреді, сондай-ақ іскерлік айналым қатысушылары мен мемлекеттік институттар үшін жаңа функционалдық мүмкіндіктер ашады. Цифрлық теңге қолма-қол ақшаны немесе қолма-қол емес ақшаны алмастыруға арналмаған, ол ақшаның қосымша нысаны ретінде бірге жұмыс істейтін болады», - делінеді реттеуіштің баяндамасында.
Ұлттық Банк цифрлық теңгенің эмитенті болады. Ұлттық валютаның жаңа түрі экономиканың барлық субъектілері төлемдер мен есеп айырысуларды жүзеге асырған кезде қолжетімді болады. Цифрлық теңге жеке электрондық әмияндарға жазылатын және олардың арасында орын ауыстыра алатын бірегей цифрлық реттілік форматында шығарылатын болады. Сонымен қатар ҚРҰБ цифрлық платформаны технологиялық іске асырудың басқа да нұсқаларын қарастырады.
Сурет ашық дереккөздерден