Сонымен бірге шетелге шығатын азаматтар саны артып, өз кезегінде туристі міндетті сақтандыру және медициналық сақтандыруға деген сұраныс күрт өскен. Әлбетте, бұл әуелі қаржылық сауаттылыққа байланысты қалыптасатын нарық. Осы ретте отандық сақтандыру нарығы ойыншыларының қазіргі экономикалық сын-қатерлер кезеңінде тұтынушыларды тартуда қандай қадамдарға барып жатқанын зерделеген едік.
Nomad Life компаниясының мәлімдеуінше, 2020 жылы ішкі жалпы өнімдегі өмірді сақтандыру саласының үлесі 0,3 пайыз болса, 2022 жылы 0,5 пайызға жеткен. Өмірді сақтандыру бойынша Астана мен Алматы қалалары көшбасшы. 2022 жылы бұл өнімді тұтынғысы келетіндер саны күрт өспегенімен, қалыпты қарқынмен жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл 8 айда 54,4 млрд теңге сақтандыру сыйлықақысын жинаған компанияның корпоративті табыс салығын есептемегенде, таза табысы 8,8 млрд теңге. Адамдардың көбі зейнетақы аннуитетін және жинақтаушы сақтандыруды сұрайды. Қазір бірлескен зейнетақы аннуитеті танымал бола бастады. Компания бұл өнімді енгізуге дайындалып жатыр.
«Бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу мүмкіндігі заңда көзделген. Бірақ осы мүмкіндікті практикалық тұрғыдан іске асыру үшін өмірді сақтандыру нарығы уәкілетті мемлекеттік органның бірлескен зейнетақы аннуитеті шартының үлгілік нысанын айқындайтын, сондай-ақ бірлескен зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру ұйымынан сақтандыру сыйлықақысы мен сақтандыру төлемін есептеуге қойылатын талаптарды белгілейтін заңға тәуелді нормативтік актілерді қабылдауын күтеді. Олар осы қарашада бекітіледі деп күтілуде», - делінген компания жауабында.
Freedom Life өмірді сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Азамат Ердесовтің айтуынша, азаматтардың қаржылық сауатын арттыру мақсатында компания бірқатар шараны қолға алған. Мәселен, балалардың сауатын ашатын Freedom Camp курсы, Алматыдағы төрт университеттің студенттері үшін дәрістер өткізді. Компания биыл 21,67 млрд теңге сыйлықақы жинап (2021 жылмен салыстырғанда 43,7 пайызға көп), 3,84 млрд теңге таза пайда тапқан.
«Қазір компания зейнетақы аннуитеті, өмірді жинақтаушы сақтандыру бағдарламасы, сондай-ақ COVID-19 диагнозымен ауруханаға жатқызу тәуекелі кіретін туристік сақтандыру бойынша келісімшарттарды жасап жатыр. Қазақстандықтар арасында осы бағдарламалар танымал. 2021 жылы кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілген соң, зейнетақы аннуитеті бойынша келісімдер саны күрт өсті. Девальвация кезінде жинақтаушы сақтандыру бағдарламалары сұранысқа ие болады. Әсіресе долларлық эквивалентте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесімен жинауға мүміндік береді. Мысалы, Freedom First жинақтау бағдарламасы бойынша бұл долларда 2,76 пайызды құрайды», деді А. Ердесов.
«Евразия» сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Жантөреев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржылық сауаттылықты арттыру жобаларына белсенді үн қосып жатқанын жеткізді. Өздерін «Сақтандыру көмекшісіміз» деп атайтын, шын мәнінде нарыққа залал келтіріп, алаяқтықпен айналысатын топтармен күресетін бірегей компания ретінде санайтынын айтады. Міндетті сақтандыруға қарағанда, ерікті сақтандыру үлесі артып келеді. Демек, азаматтар сақтандырудың қажет және маңызды өнім екенін түсіне бастады. Өнімдерді тұтыну бойынша белсенді қалалар ретінде Астана, Алматы және Атырауды атайды.
«2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Ұлттық банк дерегінше «Еуразияның» жыл басынан бергі таза табысы 31 млрд теңгеге жетті. Есепті мерзімде компания 122 млрд теңге сыйлықақы жинады. Бұл – нарықтағы бүкіл компания сыйлықақысының 32,7 пайызы. Халық арасында ең көп сұранысқа ие сақтандыру өнімі – жүргізуші жауапкершілігін міндетті сақтандыру немесе автокөлікті сақтандыру. Мұнда да Еуразия жиналған сыйлықақылардың 30 пайызы немесе 21,6 млрд теңге үлесімен жетекші орын алады», дейді Н. Жантөреев.
«Халық-Life» АҚ басқарма төрайымы Жанар Жұбаниязованың сөзіне сүйенсек, компания клиенті екі жыл бұрын 1 млн болса, қазір 1,3 млн-нан асты. Биыл 8 айда бұл компаниямен өмірді сақтандыру бойынша шарт жасасқан клиенттердің 49 пайызы – әйелдер, 51 пайызы ерлер болған.
«Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша жарналардың көлемін бағалайтын болсақ, ер адамдар әйелдерге қарағанда көбірек инвестиция салады. Осылайша, әйелдердің сақтандыру жарнасының орташа мөлшері 20 млн теңгені, ерлерде 44 млн теңгені құрайды. Клиенттердің көбі жасы 40-тан асқан орта жастағы қазақстандықтар. Бұл деректер өмірді сақтандыру бағдарламаларына қаражат салу жалпы отбасын, балаларын, тіпті мұрагерлерінің болашағына алаңдайтын азаматтар екенін байқауға мүмкіндік береді. Олар үшін өз жинақтарын барынша тиімді инвестициялау, оны валюта бағамының ауытқу қаупінен қорғау және күтпеген оқиғалар орын алған жағдайда өз өмірлерін қаржылай қорғау маңызды. Өйткені олардың отбасылары мен жақындары үшін жауапкершілігі жоғары. Өңірлерге бөлетін болсақ, әрине халқы көп қалалар – Алматы, Шымкент, Астана алда келеді. Өмірді жинақтаушы сақтандырудың артықшылықтарының бірі – кез келген жастағы адам үшін оңтайлы бағдарламаны таңдауға болады», дейді Ж.Жұбаниязова.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша компания 82,6 млрд көлемінде сақтандыру сыйлықақыларын жинады және оның нарықтағы үлесі 34 пайызды құрайды. 8 айдағы таза табыс – 5,9 млрд теңге.
«Іс жүзінде көрсеткіштерге назар аударсақ, қазір өмірді сақтандыру нарығында әрбір үшінші шарт бізде жасалады екен. Мұны мақтан тұтамыз. Сондықтан клиенттер үшін жаңа өнімдер мен сервистерді енгізе отырып, осы сенімді ақтауға барынша күш саламыз. Компанияның ең танымал өнімдерінің бірі – валютада пайыздық мөлшерлемесі 3,52 пайызға дейінгі «Халық-Қазына» атты өмірді сақтандырудың ұзақ мерзімді жинақтаушы бағдарламасы. Бұл бойынша клиенттер өз жинақтарын ұлттық валюта бағамының ауытқуынан қорғайды, сондай-ақ жинақтау мерзіміне сақтандыру қорғанысында болады», деп түсіндірді компания басшысы.
Қазір «Халық-Life» АҚ «Unit-linked» өмірді инвестициялық сақтандыру өнімін сатуға мұқият дайындалуда. «Өмірді инвестициялық сақтандыру өнімі мүмкіндігінше икемді, ыңғайлы және сонымен бірге технологиялық болуы керек екенін ескере отырып, бұл мәселе мұқият зерттеуді қажет етеді. Компания осы өнімнің шығуына байланысты барлық тәуекелді ескеруде», деді Ж.Жұбаниязова.
«Номад Иншуранс» сақтандыру компаниясы қаржылық сауатты арттыру жөнімен Nomad Agent қосымшасын іске қосқан. Онда азаматар сақтандыру негіздері бойынша тегін оқу бағдарламасына қатысып, ықыласы түскен жағдайда сақтандыру агенті де бола алады. Сондай-ақ бұл компанияда менеджерлерді оқытатын, сосын агенттер мен брокерлер үшін консультация жүргізетін штаттық бизнес-тренерлер жұмыс істейді.
«Nomad.kz сайтында биыл 9 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда КАСКО және мүлік сияқты ерікті сақтандыру түрлері есебінен сатылымдар 32 пайызға өсті. Сайтта полистерді сатып алу адамдардың өнімдерді және олардың шарттарын өз бетінше зерттей отырып, сақтандыруды таңдауға саналы түрде жақындағанын көрсетеді. Сондай-ақ экономикалық құрамдас бөліктің ішінара жақсаруына байланысты халықтың бір бөлігі өзінің автопаркін жаңартты және My Car сияқты кейбір жобалар есебінен КАСКО-ның есептелген сақтандыруын іске асырдық, соның есебінен оның сату көлемі ұлғайды. 8 айдағы таза пайдамыз 5,2 млрд теңге болса, жиналған сыйлықақы көлемі 25,4 млрд теңгені құрады», дейді басқарма төрағасы Дәурен Иманжанов.
«KM Life» өмірді сақтандыру компаниясы басқарма төрағасы Назым Бекболатованың пікіріне қарағанда, қаржылық сауаттылық деңгейі, оның ішінде сақтандыру мәдениеті ұдайы өсіп келе жатыр. Бірақ Қазақстанда сақтандырудың кірігіп кету деңгейі әлі жоғары емес. Бүгінде компания сақтандырудың мынадай түрлері бойынша белсенді жұмыс атқаруда: қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру, ЖОМС шеңберіндегі аннуитеттік сақтандыру, ерікті медициналық сақтандыру және қарыз алушыларды сақтандыру.
«1 қыркүйектегі жағдай бойынша 13,1 млрд теңге сақтандыру сыйлықақысы жиналды. Былтырмен салыстырғанда 24 пайызға өсім бар. Жыл басынан бергі компанияның таза пайдасы – 920 137 мың теңге. Оған бағалы қағаздар портфелінің құнын қайта бағалау, әлемдік нарықтардағы жаһандық өзгерістер, жоғары инфляция, ставкалардың өсуі және тағы басқа факторлар айтарлықтай әсер етеді», деді Н.Бекболатова.
Оның айтуынша, мемлекет пен қаржы реттеушісінің қолдауымен отандық сақтандыру нарығында қажетті шаралар дер уақытында қабылданды. Бұл – заңнамаға өзгерістер мен түзетулер енгізу, дағдарысқа ұшырамаған қаржы ұйымдарына активтерді орналастыру және т. б.
«Аталған шаралар компаниялардың нарықтағы орнықты ұстанымдарын сақтауға, тұрақты қаржылық климатты қалыптастыруға және сақтандыру секторын бүлдіруі мүмкін теріс әсерлердің болмауына жағдай жасады. Егер сақтандыру компанияларының жыл басындағы және қазіргі көрсеткіштерін талдайтын болсақ, сақтандыру секторы барлық көрсеткіш бойынша дамуын және өсуін жалғастырып жатқанын көруге болады. Реттеушінің үйлесімді жұмысын атап өтіп, сақтандыру нарығын қолдағаны, ынтымақтастығы және дамытқаны үшін зор алғыс білдірген жөн», деді басқарма төрағасы.
Дереккөзі: https://egemen.kz/article/327041-saqtandyru-naryghynynh-qauqary-qanday