Сонымен қатар теңгенің нығаюы (2026 жылдың алғашқы 5 айында 3,8%-ға) валюталық қайта бағалаудың теріс әсерін туғызып, қорытынды қаржылық нәтижені ішінара төмендетті. Соған қарамастан, инвестициялық табыс зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда шешуші рөл атқарып, олардың жалпы көлемінің 40%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр.
Портфель құрылымы
Жалпы портфель құрылымы негізінен консервативті сипатта қалуда: активтердің 61%-ы мемлекеттік бағалы қағаздарға тиесілі, 22%-ы сыртқы басқаруға берілген, ал қаржы құралдарының 96%-дан астамы инвестициялық кредиттік рейтингке ие. Бұл инвестициялық тәуекелдерді төмендетуге ықпал еткенімен, ұзақ мерзімді кірістілік әлеуетін шектейді.
Ағымдағы жылы барлық жеке басқарушы компаниялар нақты мәнде оң кірістілік көрсетіп отыр. Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы портфельдің кірістілігі (жыл басынан бері +3,03%) инфляция деңгейінен (2026 жылдың 5 айында 4,3%) төмен қалыптасты.
Зейнетақы активтерін жеке басқару институты біртіндеп дамып келеді, алайда оның жүйедегі рөлі әлі де шектеулі. Инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруындағы активтердің жиынтық көлемі 110 млрд теңгеге (+24,2%) жетті. Дегенмен олардың үлесі зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің небәрі 0,4%-ын құрайды. Зейнетақы активтерінің 99,6%-ы әлі де Ұлттық Банктің басқаруында. Бұл зейнетақы активтерін басқару жүйесіндегі жоғары шоғырланудың сақталып отырғанын және жеке басқарушы компаниялардың рөлі жеткіліксіз екенін көрсетеді.
Салымшылардың өз зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерін кеңейту (инвестициялық стратегияны таңдау, жинақтардың 100%-ын инвестициялық портфельді басқарушыларға беру) бәсекелестікті күшейтуге алғышарт жасайды. Сондай-ақ тәуекел деңгейі мен әлеуетті кірістілігі әртүрлі инвестициялық стратегияларды таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, сенімгерлік басқару нарығының одан әрі дамуына ықпал етеді.
Төлемдер мен жарналар
Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану тетігі бірнеше жыл бойы белсенді қолданылғаннан кейін зейнетақы саясаты біртіндеп жинақтаушы жүйенің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталып келеді. 2026 жылғы қаңтар–мамыр аралығында тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге арналған төлемдер 308 млрд теңгені құрады. Ал түскен зейнетақы жарналарының көлемі 1,5 трлн теңгеге жуықтады. Бұл зейнетақы активтерінің одан әрі өсуіне және жүйенің инвестициялық әлеуетінің артуына ықпал етеді.
Ынтымақты зейнетақының үлесі табиғи түрде төмендеген сайын, зейнетақы төлемдерінің негізгі көзі ретінде жинақтаушы құрамдастың рөлі арта түседі. Осыған байланысты жарналардың тұрақты аударылуы мен зейнетақы активтерін тиімді басқарудың маңызы күшейеді.
Зейнетақы жинақтарының тұрақты өсуіне және ЖІӨ-нің 14,5%-ына жетуіне қарамастан, Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ауқымы зейнетақы жүйесі барынша дамыған елдердің көрсеткіштерінен әлі де айтарлықтай төмен. Салыстыру үшін, Дания, Исландия, Швейцария, Канада, Нидерланд және Австралия сияқты елдерде зейнетақы активтерінің көлемі, әдетте, ЖІӨ-нің 100%-ынан асып, 135–206%-ына жетеді.
Осы жағдайда Қазақстан үшін стратегиялық басымдық зейнетақы жинақтарын пайдалану бағыттарын одан әрі кеңейту емес, ең алдымен олардың көлемін ұлғайтуға қажетті жағдайлар жасау болуы тиіс.
Халықты зейнетақы жүйесімен қамтудың жеткіліксіздігі
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізгі мәселелерінің бірі – қалыптастырылатын зейнетақы жинақтарының жеткіліксіздігі. Бүгінде тұрақты зейнетақы жарналарын (жылына 9–12 ай бойы) небәрі 4,7 млн адам немесе елдегі жұмыс күшінің жартысынан азы аударады. Бұл халықтың едәуір бөлігі үшін негізгі мәселе зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігінде емес, зейнетке шыққан кезде олардың жеткіліксіз көлемде болуында екенін көрсетеді.
Сондықтан зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту, ең алдымен, халықты тұрақты зейнетақы жарналарымен қамтуды кеңейтуге, ресми жұмыспен қамту деңгейін арттыруға, еңбек өнімділігі мен халық табысын өсіруге, сондай-ақ зейнетақы активтерінің тұрақты нақты кірістілігін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.
Зейнетақы саясатының болжамдылығы мен азаматтардың жинақтаушы жүйеге деген сенімін сақтау да маңызды шарттардың бірі болып қала береді. Осы міндеттерді кешенді түрде шешу зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын, зейнетақы жинақтарының жеткіліктілігін және болашақ ұрпақтың зейнетақымен қамтылу деңгейін айқындайды.
Фото ашық дереккөздерден алынды.


