Беллдің айтуынша, мәміле жұмыс берушінің банкрот болу қаупін туындатпай, корпоративтік қайта құрылымдау барысында зейнетақы міндеттемелерін қайта бөлу үшін 2012 жылы енгізілген міндеттемелерді икемді бөлу тетігі (Flexible Apportionment Arrangement) арқылы жүзеге асырылған.
Министрдің нақтылауынша, активтерді басқару компаниясы бұл құралды өткен жылдың желтоқсан айында заң шығарушылар бастапқыда көздемеген тәсілмен қолданған.
«Сондықтан біз заңнаманың осы бөлігін қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте реттеуші стандарттар мен қорғау тетіктері зейнетақы нарығындағы инновациялардан қалып қоймай, олармен қатар дамуы тиіс», — делінген Беллдің мәлімдемесінде.
Мәміленің егжей-тегжейі мен оған қатысқан компанияның атауы жарияланған жоқ. Қағидаларды қайта қарау міндеттемелерді икемді бөлу тетіктерін қолдану тәртібіне әсер етіп, осындай операцияларға қойылатын талаптарды күшейтеді деп күтілуде.
Ұлыбританияның зейнетақы жүйесі
Ұлыбританияның зейнетақы жүйесі мемлекеттік қамтамасыз ету, міндетті корпоративтік жинақтар және ерікті жеке жинақтарды біріктіретін үш деңгейлі күрделі құрылымнан тұрады. Соңғы жылдары жүйе зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігін арттыруға және халықтың қартаюына бейімделуге бағытталған ауқымды реформалардан өтуде.
Мемлекеттік зейнетақы
Мемлекеттік зейнетақы – азаматтардың еңбек қызметі барысында Ұлттық сақтандыру (National Insurance) жүйесіне аударған жарналары есебінен қалыптасатын зейнетақымен қамсыздандырудың базалық деңгейі.
Қазіргі уақытта Ұлыбританияда екі қатар жұмыс істейтін мемлекеттік зейнетақы жүйесі бар:
- «Ескі» мемлекеттік зейнетақы – 1951 жылғы 6 сәуірге дейін туған ер адамдарға және 1953 жылғы 6 сәуірге дейін туған әйелдерге арналған. Ол негізгі мемлекеттік зейнетақыдан (Basic State Pension) және SERPS (1978–2002 жж.) пен State Second Pension (2002 жылдан бастап) бағдарламалары арқылы қалыптасқан қосымша мемлекеттік зейнетақыдан (Additional State Pension) тұрады.
- «Жаңа» мемлекеттік зейнетақы (New State Pension) – 2016 жылғы 6 сәуірден кейін зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар үшін 2016 жылы енгізілген.
Мемлекеттік зейнетақының мөлшері Ұлттық сақтандыру жүйесіне жарна төленген жылдар санына байланысты. Ең төменгі зейнетақыны алу үшін кемінде 10 жыл еңбек өтілі қажет, ал толық мөлшердегі зейнетақы 35 жыл бойы жарна аударған жағдайда төленеді.
2025 жылғы сәуірден бастап жаңа мемлекеттік зейнетақының толық мөлшері аптасына 230,25 фунт стерлингті (жылына 11 973 фунт стерлинг) құрайды, ал негізгі мемлекеттік зейнетақы – аптасына 176,45 фунт стерлинг.
2026 жылғы сәуірден бастап «үштік кепілдік» (Triple Lock) тетігінің арқасында мемлекеттік зейнетақы аптасына 241,30 фунт стерлингке дейін ұлғаяды.
«Үштік кепілдік» (Triple Lock) тетігі
Ұлыбританияда мемлекеттік зейнетақылар жыл сайын келесі үш көрсеткіштің ең жоғарысына сәйкес индекстеледі:
- орташа жалақының өсу қарқыны;
- инфляция деңгейі;
- 2,5%.
2025 жылы зейнетақы мөлшері жалақы өсіміне сәйкес 4,1%-ға индекстелді. Соның нәтижесінде зейнеткерлер инфляция бойынша ғана индекстелген жағдаймен салыстырғанда жылына қосымша 470 фунт стерлингке дейін артық табыс алады.
Қазіргі уақытта Ұлыбританияда зейнеткерлік жас әйелдер мен ерлер үшін бірдей – 66 жас. 2026–2028 жылдары ол 67 жасқа, ал 2044–2046 жылдары 68 жасқа дейін кезең-кезеңімен ұлғайтылады.
Корпоративтік зейнетақылар (Workplace Pensions)
Жүйенің екінші деңгейі – жұмыс берушілер 2012 жылдан бері қолданылып келе жатқан автоматты тіркеу (Auto-enrolment) бағдарламасы аясында қызметкерлерге ұсынуға міндетті корпоративтік зейнетақы жоспарлары.
Корпоративтік зейнетақылардың екі негізгі түрі бар:
- Белгіленген төлемдері бар жоспарлар (Defined Benefit, DB) – зейнетке шыққаннан кейінгі тұрақты төлемді кепілдендіреді. Оның мөлшері қызметкердің жалақысы мен еңбек өтіліне байланысты есептеледі. Бұрын мұндай жүйе мемлекеттік секторда және ірі компанияларда кеңінен қолданылғанымен, соңғы жылдары олардың көпшілігі жаңа қатысушылар үшін жабылды.
- Белгіленген жарналары бар жоспарлар (Defined Contribution, DC) – әрбір қызметкердің жеке «зейнетақы шотын» қалыптастырады. Болашақ төлем мөлшері аударылған жарналардың көлеміне және инвестициялық табысқа байланысты болады. Бұл қазіргі таңда жекеменшік сектордағы ең кең таралған корпоративтік зейнетақы түрі.
Автоматты тіркеу бағдарламасы бойынша ең төменгі жарна жалақының 8%-ын құрайды:
- 5%-ын қызметкер (салықтық жеңілдіктерді ескере отырып);
- 3%-ын жұмыс беруші төлейді.
2025/26 қаржы жылында салықтық жеңілдіктер қолданылатын зейнетақы жарналарының жылдық шекті мөлшері 60 000 фунт стерлингті немесе жылдық табыстың 100%-ын (қайсысы аз болса) құрайды.
Ұжымдық белгіленген жарналы зейнетақы жүйесі (Collective Defined Contribution, CDC)
2025 жылы Ұлыбритания Үкіметі ұжымдық белгіленген жарналы зейнетақы жүйесін (Collective Defined Contribution, CDC) құқықтық тұрғыдан реттеуді енгізді.
Бұл модель DB және DC жүйелерінің артықшылықтарын біріктіреді: қызметкерлер жарналарды ортақ қорға аударады, қаражат бірлесіп инвестицияланады, ал кейінгі зейнетақы төлемдері барлық қатысушылар арасында бөлінеді.
Сарапшылардың бағалауынша, CDC жүйесі қызметкерлердің болашақ зейнетақы кірісін 60%-ға дейін арттыруы мүмкін.
Жеке зейнетақы жоспарлары (Personal Pensions)
Үшінші деңгей – ерікті жеке зейнетақы жоспарлары. Оларды корпоративтік зейнетақыға қосымша ретінде жалдамалы қызметкерлер де, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да аша алады.
Бұл жоспарлар да салықтық жеңілдіктерді пайдаланады және инвестициялық стратегияларды таңдауда икемділік береді.
Табысы төмен зейнеткерлер үшін мемлекет Pension Credit атты атаулы әлеуметтік қолдау көрсетеді.
2025 жылғы сәуірден бастап бұл төлем:
- жалғыз тұратын зейнеткердің апталық табысын 227,10 фунт стерлингке дейін;
- ерлі-зайыптылардың жиынтық апталық табысын 346,60 фунт стерлингке дейін жеткізеді.
2025/26 қаржы жылында Ұлыбританияның зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын жалпы шығыны 174,9 млрд фунт стерлингті, яғни елдің ЖІӨ-нің 5,8%-ын құрайды.
Фото: ашық дереккөздерден.


