2022 жылдың шілде айының бір таңында Кит Хаббард Андерсон қаласындағы 81-ші тасжолмен мотоциклімен жолға шықты. Ол жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында қаза тапты. Оның жұбайы Лора Хаббард-Коверт сол бағытпен бөлек келе жатқан. Жолдағы жарқылдақ шамдарды көрген ол кері бұрылып, бір жамандық болғанын іштей сезген.
«Апаттың өте ауыр болғаны сонша, мен оның денесін көре алмадым. Кейін оны кремациялауға тура келді. Мен қатты күйзелдім, шынымды айтсам, алғашында болған жағдайға сене алмадым», – деп еске алады Лора WYFF News 4 телеарнасына берген сұхбатында.
Кит 20 жыл бойы еңбек етіп, Лораның қаржылық қорғаныста болуы үшін өмірді сақтандыру полистерін тұрақты түрде рәсімдеп келген.
«Ол өзіне бірдеңе бола қалса, менің қамқорлықсыз қалмауыма әрдайым мән беретін», – дейді Лора.
Бастапқыда Sun Life компаниясы 300 мың доллар төлеуге уәде берген. Алайда Лора өтініш берген кезде сақтандыру төлемінен бас тарту туралы шешім шығарылды.
Бұған кейіннен қате деп танылған полиция есебі себеп болды. Құжатта Кит апат кезінде жол ережесін бұзып, заңсыз кері бұрылмақ болғаны көрсетілген. Мұны бір куәгер растаған. Сондай-ақ есепте Китті қағып кеткен жүргізушінің сағатына 45 миль рұқсат етілген жылдамдықпен жүргені жазылған.
Осы құжатқа сүйене отырып, сақтандыру компаниясы Китті құқық бұзушылық жасады деп таныды. Ал мұндай жағдай көптеген өмірді сақтандыру полистерінде төлем жасаудан бас тартуға негіз болып саналады.
«Сақтандыру компаниясынан келген алғашқы хаттарды оқығанда өзімді қылмыскердей сезіндім. Күйеуім жылдар бойы төлеп келген ақшаны қайтаруға тырысқаным үшін заңсыз әрекет жасап жүргендей әсер алдым», – дейді Лора.
Лора адвокат Крис Прахтты жалдады. Оның бастамасымен оқиға орнына тәуелсіз сараптама жүргізілді. Қорытынды полиция есебіндегі мәліметтерге мүлде қайшы шықты: Китті қағып кеткен жүргізуші сағатына 45 миль емес, 76 миль жылдамдықпен жүрген (бұл шамамен сағатына 122 шақырым), әрі ешқандай заңсыз бұрылыс болмаған.
Сот жесір әйелдің пайдасына шешім шығарды. Sun Life 300 мың доллар төледі. Бірақ оның шамамен 100 мың доллары сот шығындарына, адвокаттардың қаламақысына және басқа да қосымша шығындарға жұмсалды.
«Олар төлем жасады, бірақ бұл мисс Хаббардтың уақытын, күйзелісін, адвокаттарға төлеген ақысын және сақтандыру компаниясын өз міндетін орындауға мәжбүрлеу барысында шыққан шығындарын өтей алмады», – деді адвокат Прахт.
Ол тағы бір маңызды мәселені атап өтті:
«Жалдау ақысын қалай төлеймін? Шоттарды қалай жабамын? Біз өмірді сақтандыруды дәл осы үшін сатып аламыз емес пе? Ең қиын жағдай орын алғанда, ең болмаса қаржылық қауіпсіздік болып, сол кезеңнен өтуге мүмкіндік беруі тиіс. Ал Лорада ондай мүмкіндік болмады».
Бұл оқиға сақтандыру компаниялары көп жағдайда ашық айта бермейтін бірнеше маңызды жайтты көрсетеді. Біріншіден, полистің болуы төлемнің міндетті түрде жасалатынына кепілдік бермейді. Сақтандырушы тіпті қате құжаттың негізінде де төлемнен бас тарта алады, ал өзіңіздің дұрыстығыңызды дәлелдеу міндеті сізге жүктеледі.
Екіншіден, тәжірибелі заңгердің көмегінсіз мұндай дауларда жеңіске жету өте қиын.
Лораның өзі де:
«Егер сіздің мүддеңізді қорғайтын адвокатыңыз болса, бұл қаражатты алу ықтималдығы әлдеқайда жоғары болады. Сондықтан уақыт жоғалтпаңыз. Адвокат жалдаңыз», – дейді.
Үшіншіден, сотта жеңіске жеткен күннің өзінде төлемнің едәуір бөлігін жоғалтуыңыз мүмкін. Лора 300 мың доллар алғанымен, оның шамамен үштен бірі түрлі шығындарға кетті. Яғни сақтандыру төлемінің өзі оны алу жолындағы шығындарды толық өтей алмады.
Осындай жағдайға тап болмас үшін не істеу керек?
Сақтандыру полисіне қатысты барлық құжаттарды қауіпсіз жерде сақтаңыз. Жұбайыңыз немесе мұрагерлеріңіз полиске қол жеткізе алуы және онда қандай ерекшеліктер мен шектеулер көрсетілгенін білуі қажет.
Полисте «құқық бұзушылық» деп қандай әрекеттер танылатынын алдын ала нақтылап алыңыз. Кей жағдайда оған әкімшілік құқық бұзушылықтар да енгізілуі мүмкін.
Жол-көлік оқиғасынан кейін тек бір ғана полиция есебіне сүйенбеңіз. Егер мәселе жүздеген мың доллар туралы болса, тәуелсіз сараптама жүргізуді қарастырыңыз.
Сот шығындарын да есепке алған жөн. Өзіңіз толықтай құқықты болсаңыз да, төлем үшін күрес ондаған мың доллар шығын талап етуі мүмкін.
Сондай-ақ заңдық дауларға қатысты қосымша қорғаныс мүмкіндіктерін қарастырыңыз. Кейбір сақтандыру өнімдерінде құқықтық қолдау көрсету опциялары болады.
Кит Хаббард мотоциклдерді, жол талғамайтын көліктер жарысын және BMX спортын ерекше жақсы көрген. Техникаға деген қызығушылығының арқасында ол Лорамен бірге екіжақты радиобайланыс құрылғыларын өндіретін кәсіп ашқан.
Оның құрметіне апат болған жерге естелік крест орнатылған. Лора жыл сайын Киттің ең сүйікті мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында сол жерге барып, гүл қояды.
Кит бұл жол учаскесінде қаза тапқан алғашқы адам емес. Айналада тағы бірнеше естелік кресттерді көруге болады.
Sun Life компаниясы WYFF News 4 телеарнасының сауалына түсініктеме беруден бас тартты.
Фото ашық дереккөздерден алынды.


