Сақтандыру пулдары – бірнеше сақтандыру компаниясы бірігіп, ресурстарын ортақ тәуекелдерді басқаруға жұмылдыратын құрылым. Мұндай пулдар әсіресе төлем көлемі өте жоғары немесе жаппай апаттар кезінде бір ғана компанияға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, көп адамды қамтитын өндірістік жарақаттар жағдайында немесе ірі салалық тәуекелдерді бір компания аясында бөлу қиын болғанда, сондай-ақ шығын деңгейі қатты құбылатын кезде тәуекелдерді теңдей бөлу қажет болғанда пулдың рөлі айрықша.
«Қайта сақтандыру пулдары міндетті өндірістік жазатайым оқиғалардан сақтандыру (ОСНС) жүйесінде өте маңызды. Бұл жерде төлем көлемі бір компания үшін өте үлкен болуы мүмкін. Пул ірі тәуекелдерді барлық нарық қатысушылары арасында тиімді бөлуге мүмкіндік беріп, ОСНС жүйесінің тұрақтылығын және зардап шеккендерге уақтылы төлемді қамтамасыз етеді», – дейді «Евразия» өмірді сақтандыру компаниясының басқарушы директоры Алуа Ашимханова.
КСЖ клиенттері үшін басты артықшылық – төлемдердің сенімділігі. Жазатайым оқиға қаншалықты ауқымды болса да, жеке компанияның қаржылық жағдайына қарамастан пул механизмі міндеттемелердің орындалуын кепілдейді. Бұл ОСНС жүйесіне деген сенімді арттырып, сақтандырудың әлеуметтік маңызын күшейтеді.
«Сақтандыру компаниялары үшін пулға қатысу – жаңа әкімшілік тетіктерді білдіреді: бірыңғай есеп жүргізу ережелері, төлемдерді үйлестіру және ақпарат алмасу. Бұл шынымен де процестерді ашық ете түседі: жекелеген компанияларға түсетін салмақ азайып, тәуекелдерді басқару жүйелі деңгейге көтеріледі», – деп түсіндірді КСЖ Freedom Life басқарма төрағасы Азамат Ердесов.
Пул 2025 жылдың ақпанында іске қосылды. Қазірдің өзінде барлық рәсімдер ресмилендірілген: ОСНС бірыңғай қайта сақтандыру пулы арқылы жүзеге асады, оған тоғыз өмірді сақтандыру компаниясы кірді.
«Қайта сақтандыру пулын енгізу арқылы нарықтағы процестер әлдеқайда жүйелі және ашық болады. Біріншіден, қатысушылар арасында тұрақты өзара есеп айырысу кезең-кезеңімен енгізіледі. Екіншіден, тәуекелдерді бағалау және басқарудың орталықтандырылған жүйесі іске қосылады, бұл деректерді кешенді әрі проактивті түрде пайдалануға мүмкіндік береді. Үшіншіден, төлемдерді әкімшілендірудің бірыңғай, нақты тәртібі бекітіледі. Мұның бәрі клиенттерге төлемдердің ортақ және ашық стандарттарға сай, кідіріссіз және түсініспеушіліксіз жүргізілуін қамтамасыз етеді», – деп атап өтті КСЖ Nomad Life басқарма төрағасының орынбасары Мустафа Зурабов.
Қазақстан Ұлттық банкінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемі 84,5 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға көп. Сақтандыру төлемдерінің көлемі де өсіп, 2025 жылғы 1 тамызда 27,2 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 4,7%-ға жоғары.
«Біріншіден, нарық толықтай цифрлық форматқа – келісім-шарт жасаудан бастап төлемдерді жүзеге асыруға дейін – көшуге мүмкіндік алады, әсіресе мемлекеттік деректер базаларымен интеграция жұмыстарының белсенділігі арқасында. Бұл өз кезегінде клиенттік процестерді жеделдетеді. Екіншіден, сақтандыру тарифтерін жетілдіруге болады және қажет, олар тек салаға ғана емес, нақты еңбек жағдайларына да сүйенуі тиіс. Сонда еңбек қауіпсіздігіне инвестиция салатын кәсіпорындар аз төлейді, ал еңбек қорғауды елемейтіндер көп төлейді», – деп қорытындылады КСЖ BCC Life басқарма төрайымы Гүлжан Жақсыметова.
Пул ағымдағы тәуекелдерді ғана шешіп қоймайды, ең бастысы – міндетті сақтандыру жүйесінің болашақ дамуына негіз қалайды: оны анағұрлым тұрақты, ашық және сақтандырылғандар мүддесіне бағытталған етеді.
Фото ашық дереккөздерден алынған