Өмір сақтандыру компаниялары халықтың қаржылық қажеттіліктерін қамтамасыз ету тұрғысынан банктермен жарыспақ.
Цифрларға сүйенсек, сақтандыру секторында қызық оқиғалар дәуірі жақындап қалған тәрізді. Өмір сақтандыру компаниялары (ӨСК), өнімдерінің халық арасында көп пайдаланылмауы салдарынан кешегі аутсайдерлер қатарында бола тұра, кенеттен сақтандыру олимпінде мүліктік және жеке сақтандыру полистерін сататын компанияларды біртіндеп ығыстыра бастады. Қазан айының басына қарай, бұл Ұлттық банктің ең соңғы мәліметтері бойынша, бес ірі сақтандыру ұйымының үшеуі өмір сақтандырумен айналысып келген. ӨСК активтері жиналатын сыйақы мөлшерінің тұрақты өсуі арқасында, барлық сақтандыру компанияларының жиынтық активтерінің 28,5%-ын қамтиды. Аннуитеттерді сату (2016 жылдың қазан айымен салыстырғанда 36,9%-ға), қызметкерді өндірістегі жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру полистерін сату (14,5%-ға), өмір сақтандыру өнімдерін сату (20,4%-ға) артқан. Бұл бүкіл сақтандыру нарығы небары 6,4%-дық өсім көрсетіп отырған жағдайдың өзінде. ӨСК-ның нық ілгерілеуі олардың қаржылық жағдайларын да нығайтты. Өткен жылы сақтандырушыларының активтері бойынша аса ірі үштікте бір де бір ӨСК болмаған. 2012 жылы, осыдан бес жыл бұрын, бір ғана ӨСК құрметті тоғызыншы орынға тұрақтап, үздік 10 құрамына қосылды, барлық ӨСК активтерінің үлесі 13% құраған. Содан бері сақтандыру нарығының активтері 1,7 есе, ӨСК активтері – 4,6 есе артқан.
Дегенмен, ӨСК ренессансы техникалық сәттермен, атап айтқанда, полис құнының өсуімен көбірек байланысты. Индустрияның толыққанды дамуына жүйелі қателер кедергі келтіруде, олардың жойылуы сақтандыру өнімдерінің қоғамға енуін жылдамдатып, халыққа жеке қаржыландыру көздерін таңдау мүмкіндігін береді. Банк секторындағы жаңа тұрақсыздық шегіне жету – лицензияларынан айрылу және банк акционерлерімен келіссөздер өткізу жағдайында – ескі қаржылық институттарды құтқару туралы ғана емес, жаңаларын дамыту жөнінде де ойланатын кез келді. Мұны қалай жасауға болатыны туралы abctv.kz-ке «Сақтандыру төлемдерін кепілдеу қоры» АҚ (СТКҚ) басқарма төрағасының орынбасары Ержан Коңырбаев айтып берді.
– Кәсіби ортада ерікті жеке сақтандыру саласындағы ағымдағы икемдеулердің дәурені өткен, өсудің жаңа драйверлерін іздеу керек деген пікірлер бар. Ал сіздің ойыңызша, нені өзгерту керек?
– Алдымен басын ашып алайық, өмір сақтандыру – айтарлықтай күрделі өнім. Бұл халыққа бұрыннан таныс депозит емес. Юұл өнім туралы түсінік жете қалыптаспаған. Әйтсе де, есіңізде болса, Кеңес Одағында әрбір жұмысшының нақты тұтыну мақсатына арналған жинақтау полисі болған: баланың кәмелетке толу шағына, оқуға, үйлендіруге. Адамдар осындай сақтандыру полистерін неліктен сатып алған? Себебі тұрақтылық болды, жалпы тауарлар тұрғысынан инфляция деңгейі де төмен болды. Мәселен хрусталь немесе сән-салтанат дүниелері қымбаттаса да, нан мен сүттің бағасы сол күйінде қала беретін. Халық сондықтан қаражат жинауға қызығушылық танытқан, осылай сақтандырылған. Тағы бір маңызды жайт, кеңес азаматтарын ынталандырған жинақтаушы сақтандырудың тартымды мөлшерлемелері. Госстрах полистері бойынша табыстылық мөлшерлемесі 2% құраған, банк салымдары бойынша мөлшерлеме 2%-дан аспаған. Сақтандыру өнімі бәсекеге қабілетті болған.
Қазіргі кезде сақтандыру саласын түрлі реттеулердің көптігі соншалық, сақтандыру салымы бойынша ресми түрде тіпті атаулы жылдық мөлшерлеменің көлемі 6%-дан аспайды. Нормативтік құжаттарға сәйкес, өмір сақтандыру компаниялары өз қаржылық ағындарын 6%-дан асырмай дисконттауы керек. Өзіңіз ойлаңызшы, банк депозиттері бойынша мөлшерлемелер 10-12% құраған кезде, және банктер мөлшерлемені көтеріп немесе түсіріп, ақша құнына икемделіп отырған жағдайда, жинақтаушы сақтандыруға қызығушылық тым төмен болары анық. Егер сақтандыру мөлшерлемесі (тіпті атаулы болса да) сәл де болсын банк мөлшерлемесіне жақындайтын болса, мысалы, жылдық мөлшерлемесі 8-9% құраса, осындай жағдайда сұраныс та арта түсер еді. Әрине, бұл жүйелі мәселе, бұл тұста қор нарығының жетілмеуін (қаржылық құралдардың болмауын) және халықта өз әл-ауқаты мен молшылығы жөнінде ойлауға итермелейтін ынталандыру құралдарының болмауын айта кеткен жөн.
– Кеңестік кезеңде жинақтаушы сақтандыру әртүрлі қажеттіліктерге ақша жинауға мүмкіндік беретін. Бүгінде ақшаны жинақтау және қамсыздандыру функциясы өзіңізге кез келген мақсатта тұтынушылық кредит бере алатын банктердің еншісіне өтті. Банк тұрғанда, жылдар бойы жинаудың қажеті не? Нәтижесінде қазір екінің бірі кез келген уақытта кредит ала салады да, басқа қаржылық өнімдерге көп мән бермейді. Осы тұста адамдардың жеке қаржыларын басқару тұрғысынан тұтынушылық мәдениетін өзгерту керек тәрізді…
– Ойыңыз дұрыс, бірақ қандай да жеке қорландырудың мақсаттарын да ұғыну керек. Банк өнімдері, шын мәнісінде, қысқа мерзімді болып келеді, ал адам өз өмірін жоспарлап, өмірінің белгілі кезеңдерін қалай қаржыландыру керектігін ұғынуы керек.
Егер адамда қандай да қаражаттары бола тұра, ол бұл ақшаның өзіне бір-екі жылда керек болатынын түсінетін болса, ол банкке барып, депозит ашады. Ал бірақ нақты мерзімге немесе оқиғаға ақша жинау керек болса – тек өмірді сақтандыру ғана көмектеседі. Бар мәселе адамдардың сақтандыру компаниясына емес, банктерге барып, қарызға кіруінде жатыр.
– Бәрі де ақшаны жылдам және бірден алғысы келеді, ал банктер сол іздегендерін береді...
– Бұл жағдайда біз қаржылық асырауда болу ұғымын дамытамыз. Адамдарды өз табыстарын дұрыс басқаруға және бүкіл әлемде қабылданған қағида бойынша табысының ең болмаса он пайызын жинақтауға салуға дағдыландыру керек. Бұл пәлендей көп емес. Мұндай пайыз жеке бюджетке қатты әсер етпесі анық.
Экономикаға ұзын ақшаны жеткізушілер – өмір сақтандыру компаниялары екені бұрыннан белгілі. Банктердің қорландырылуы қысқа, ең көбі үш-бес жылға, Егер депозитор кез келген кезде келіп, өз депозитін еш шығынсыз, айыппұлсыз алып кете алатын болса, неліктен біз банктерден тұрақты өткізу нарықтары бола тұра, жиырма жыл бойы өзін ақтайтын зауыт құрылысын қаржыландыруды талап етеміз? Бізге банктер, өмір сақтандыру компаниялары, зейнетақы қоры және бағалы қағаздар нарығы не үшін керек екенін нақты ұғыну керек. Олардың барлығы экономикаға қызмет етеді, бірақ бәрінің де ақшалары мақсатты болып табылады. Банктер қысқа мерзімді ақша береді. Өмір сақтандыру компаниялары мен зейнетақы қорлары – ұзақ мерзімді арзан ақша ұсынушылар. Бағалы қағаздар нарығы акциялар мен облигацияларды шығаруға мүмкіндік бере отыра, бәріне қызмет көрсетеді, сөйтіп капиталды қайтадан үлестіреді.
Менің сенімді пікірім бойынша, өмір сақтандыру компанияларын зейнетақы актвитерімен жұмыс істеуге бағдарлау керек. Естеріңізге сала кетейін, бұрын бағалы қағаздар нарығындағы заңнама өмір сақтандыру компанияларына осындай құқықты беріп келген. Бірақ бұл норма белгісіз себептермен және халықаралық тәжірибеге қарамастан алынып тасталды.
Сақтандыру компаниялары өз клиенттерінің активтерін жинақтау өнімдері аясында басқарады және олардың зейнетақы қаражаттарына да басшылық ете алады. Өмір сақтандыру компанияларына қайтадан заңнамалық түрде өз клиенттерінің зейнетақы жинақтаулары да кіретін портфельдерін зейнетақы активтерін басқару нарығында бәсекелестікті жандандыру бойынша реттеуші өткізіп жатқан жұмыс аясында басқару құқығын бекіту керек.
Жинақтаушы өмір сақтандыруды танымал ету жолдарына қатысты тағы бір ұсынысым бар. Неліктен бізде зейнетақы қорына балама жоқ? Неліктен біз міндетті зейнетақы аударымдарын тек зейнетақы қорына жібереміз? Неліктен азаматтарымызға таңдау жасау мүмкіндігін бермеске: олар ақшаларын бұрынғыдай зейнетақы қорына сала бере алады немесе еңбекақысынан ұсталып қалатын сол он пайызына (тіпті соның бір бөлігіне) өмір сақтандыру полисін сатып алады. Бәсекелестіктің болмауы – тиімсіз басқарудың басты көзі мен себебі екендігіне талай көзіміз жетіп жүрген жоқ па?
Өмір сақтандыру полисі – бұл асыраушысынан айрылудан, ауыр сырқаттардан, мүгедектіктен қорғайтын жинақтаулар мен әлкуметтік кепілдеме. Сәби туған бойда, оған кәмелет жасына жету полисі сатып алынады. Сосын оның оқуына, сосын үйлену тойына жинайды. Маман жұмысқа орналасса – өз балаларына полис алады, қартаю шағына қаражат жинайды. Ешқандай асырауда болу орын алмайды. Батыста өмір сақтандыру компаниясы адамның дүниеге келген сәтінен бастап өлер шағына дейін отбасылық дәрігер сияқты жанында болады. Мақсатты қаржылық «жинақ қобдишалары» болуы тиіс. Және мемлекет тарапынан да көмек көрсетілуі керек. Неліктен мемлекет банктің пайыздық мөлшерлемесінің күнін бекітеді? Осындай тіжірибені сақтандыру компанияларына қатысты қолданса болмай ма? Олар да білім беру займдары тәрізді білім беру полистерін ұсына алар еді. Зейнетақы қорымен де дәл осындай схема бойынша жүреміз. Зейнетақы нарығында бәсекелестік жоқ, мемлекеттік қор өзін онша жағымды емес тұстан көрсетті. Зейнетақы секторында бәсекелестікті қайта жандандырып, оны тіпті бүкіл қаржы нарығында барынша қолдап көрейік.
– Ұлттық Банкі әзірлеген БҚН туралы заң жобасы басқарушы компанияларға міндетті зейнетақы жинақтарының бір бөлігін басқаруға мүмкіндік береді …
– Бұл схеманың жаңалығы неде? Бұл бұрынғы қатемізге қайта оралу ғана. Зейнетақы нарығын ашып, оған сақтандырушыларды кіргізіп көрейікші. Олар брокерлердің активтерін басқарушылардан еш кем емес, кей жерлерде тіпті жақсырақ болар, себебі орташа банктердің деңгейімен салыстыруға келетін өз активтерін басқарады. Бәсекелестік әлдеқайда жандана түседі.
– Сақтандырушылар Ресей Федерациясымен өмір сақтандыру бойынша арбитражға шағымдануда. Мәселенің мәні неде?
– Ең бастысы, арбитраж жинақтау полисін сатып алған кездегі салықтар бойынша пайда болады. Ресейлік клиент полисті өз елінде РФ-да сатып алған кезде, отандық клиентке қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие болады, соның ішінде салық жеңілдіктеріне де. Өмір сақтандыру төлемдеріне табыс салығы салынбайды. Сонымен қатар, 2015 жылдан бері клиент, менің білуімше, жылына 120 мың рубльден аспайтын сыйақыдан салық шегерімін алады.
Іс жүзінде жинақтаушы сақтандыру полисін Қазақстаннан көрі Ресейде сатып алған тиімдірек. Және ортақ нарық құрылған жағдайда, біздің азаматтарымыз ресейлік жинақтаушы сақтандыру полистерін сатып алуды жөн көретін тәрізді.
– Ортақ нарыққа дейін әлі ерте ғой…
– Мұндай полисті тіпті қазірдің өзінде де белгілі бір жағдайларда, мәселен, оқуға, жұмысқа барған кезде, сатып алуға ешкім тыйым салмайды.
Бауырым, тәуекелді кім өтейді?
– Өмір сақтандыру нарығын қайта реттеу тақырыбына қайта орала келе, алдымен нені түзету керек?
– Ең алдымен реттеудің өзін түзетіп алу керек. Реттеуші сақтандыру компанияларының сатуларын емес, резервтерін реттеу керек екенін түсінуі керек. Қазір бәрі керісінше. Сақтандыру компанияларына сақтандыру өнімдерін сату бойынша және резервтер бойынша шектеулер белгіленіп жатар. Атап айтқанда, бірыңғай сақтандыру қорының деректерін (БСҚД) мемлекеттік кредиттік бюроға (МКБ) табыстау іс жүзінде реттеушінің сақтандыру компанияларының операциялық қызметіне кірісуін білдіреді.
Баса айта кеткім келгені, қадағалаудың қайта қаралуы оның жүз пайыз әлсіреуін білдірмейді, оның тек аздап саралануы мүмкін, сонда әрбір өнімге арнап (сақтандыру түрі – санаты) өз реттеу талаптары ұсынылатын болады, дегенмен бұл тұста ырықтандыру туралы да ойлануға болар еді. Ал бізде жалпы шаблондар ғана қолданылады, соның салдарынан епті икемдеулерді талап ететін өнімдер қозғалыссыз тұр. Бұл өмірді сақтандыру бойынша классикалық өнімдерге де, сақтандырушының инвестициялық табысқа қатысуымен – инвестициялық өмір сақтандыру өнімдеріне де қатысты. Өнімдер тым асыра реттеліп тасталған, сондықтан сол баяғы депозиттермен салыстырғанда бәсекелестікке қабілетсіз болып барады. Екінші күрделі мәселе – қаржылық құралдардың жалпы жетіспеушілігі.
– Мәселенің шешімі неде деп ойлайсыз?
– Шынайы табыс табатын ұзақ мерзімді қағаздар пайда болуы керек. Мәселен, табыстылығы ағымдағы инфляцияға байланатын құрдымға кеткен МЕУЖКАМ-дарға қатысты Қаржы министрілігінің ұзақ мерзімді міндеттемелерін шығарудың оң тәжірибесін қайта жаңғыртуға болады. Қазір мұндай жинақтаушы құралдар мүлдем жоқ. Сонымен қатар, өмір сақтандыру компанияларына аукциондарға айрықша құқығы бар банктерге комиссия төлемеу үшін, мемлекеттік қағаздарды орналастыру бойынша аукциондарды қолжетімді ету керек.
– Егер кедергілерді алып тастамаса, өмір сақтандырудың келешегі қандай болмақ?
– Нарық тоқырап, сақтандыру компаниялары тек міндетті сақтандыру түрі – қызметкерлерді жазатайым оқиғадан сақтандыру және банктердің өз қарызгерлерін сақтандыру кезіндегі банк сақтандыруы есебінен күнін көреді. Өмір сақтандырудың ену деңгейі бойынша Қазақстанға әлемдегі ең дамыған және бәсекеге қабілетті елдер қатарынан лайық орнын алуға мүмкіндік беретін саланың дамуы болмайды. Тіпті зейнетақы аннуитеттері де дамымайды. Мұндағы көлемдер зейнетақы аннуитеттерін сатып алу үшін зейнетақы жинақтарының сомасы мен жасын ұлғайтқан жаңа стандарттар қабылданғанға дейін бірнеше жыл бұрын болғандай және күтілгендей емес.
– Қазір жеті өмір сақтандыру компаниясы жұмыс жасайды. Бұл қолайлы сан ба?
– Компаниялардың қажетті саны туралы сұрақ онша дұрыс емес. Егер компаниялар өздері үшін табыстылығы қалыпты деп санаса, демек қолайлы болғаны. Егер кім де кім табыстарын қолайсыз деп есептеп, нарықтан кетіп қалса, бұл да орынды. Нарық үлкен әрі бәсекеге қабілетті болып, акционерлер маржа бойынша өз талаптарын қойған жағдайда, неге жұмыс істемеске? Бұл нарықтық және эволюциялық мәселе, ал нарықтағы компаниялардың жеткіліктілігі немесе артықтылығы туралы барлық пайымдауларды жай кәсіби емес әңгіме, іске жете білмей қарау ретінде қарастырамын.
– Ұлттық банктің парламентке ұсынған сақтандыру заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша заң жобасы өмір сақтандыру компанияларының жағдайын жақсартуы тиіс және оларды міндетті түрде кепілдендіру жүйесімен қамтуы керек. Компаниялар әлеуетті сақтандырушылардың ниеттестігін арттыратын бейне бір қаржылық көпшікке қолжетімді болады деп болжамданады, себебі олардың ақшалары қорғалған болады, яғни кепілдендіру қорымен кепілдендіріледі. Кепілдендіру жүйесі қалайша ұйымдастырылады?
– Іс жүзінде, сіздің сұрағыңыз СТКҚ-на емес, кепілдендіруді енгізгісі келетіндерге арналған. Біз заң жобасында әзірше өмір сақтандыру компанияларын кепілдендіру жүйесі қалай қалыптастырылатындығы жөнінде нақты ұсыныстар мен айқын механизмді көріп тұрған жоқпыз. Жай сілтемелік нормалар және бұлыңғыр тұжырымдамалар ғана бар. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, заңда идеяны жүзеге асырудың егжей-тегжейлі құрастырылған механизмі болмайынша, кез келген оң бастама нарық үшін мүшкіл нәтижеге алып келіп, халыққа тек қолайсыздық тудырады. Заң жобасында нені, қаншаға және қалай кепілдендіретініміз деген сұраққа жауап әзірше жоқ. Естеріңе сала кетейін, екі мыңыншы жылдардың соңында өмір сақтандыру компаниялары СТКҚ құрамына кірген болатын, бірақ кепілдендіру механизмі болмағандықтан, міндеттеме алынып тасталған. Өкінішке орай, біз өкінішті тәжірибеміздің санын көбейтпекпіз.
– Өмір сақтандыру компанияларының кепілдіктерін Қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қорына (ҚДКҚ) қоса салған жеңілірек емес пе?
– Бұл идея бізге әбден орынды болып көрінеді. Дүниежүзілік практикада жалпы сақтандыру компанияларының кепілдендіру қоры моторлық бюро болып табылады, себебі осындай барлық компаниялар автосақтандырумен айналысады. СТКҚ негізінде моторлық бюро құру идеясы айтарлықтай өзекті. Өмір сақтандыру компанияларын кепілдеу қоры ретінде жекелеген кепілдендіру қорлары бола алады. Мұндай қордың капиталы едәуір үлкен болуы тиіс, себебі өмір сақтандыру компаниялары жылдар бойы жинақталатын қомақты резервтермен жұмыс істейді.
Сақтандыру нарығы ТҚИ МАҚС, КАСКО сияқты кластар бойынша қаныққан, олар өздерінің ең жоғары мәндеріне жақындап келеді. Ал өмір сақтандыру компанияларының резервтері енді ғана өсе бастайды: олардың шарттары ұзақ, олардың ерекшелігі де осында, нарық та әзірше даму үстінде. Оларға кепілдендірудің бүгінде әзірше жоқ басқа үлгісі қажет.
Сонымен қатар, СТКҚ өмір сақтандыру компанияларының портфелін толық көлемде берілуін кепілдей (қамтамасыз ете) алмайды. Бұл оңай мәселе емес. Біздің ойымызша, тек ұзақ мерзімді шарттар бойынша ғана кепілдендіру қолайлы болар еді, ал портфельдер компаниядан компанияға қалған активтердің ескерілуімен табысталады, және олар жетіспеген жағдайда, СТКҚ олардың толық көлемде табысталуын қамтамасыз ете алмайды. Қазір заң жобасындағы нормалардың бірі – бұл портфель кепілдігі, біз бұған қарсымыз, себебі бұл жағдайда кепілдендіру қатысушыларына арналған жарналар мүлдем ауыр болып кетеді. Сондай-ақ зейнетақылық аннуитет шарттарын сатып алу Қазақстанда міндетті болып табылмайды, сондықтан оны кепілдендірудің өзектілігі күмән тудырады.
Жеке тұлғалардың депозиттерін кепілдендіретін СТКҚ 100% мемлекетке тиесілі екенін айта кету керек (Ұлттық банктің 100% еншілес ұйымы болып табылады), неліктен өмір сақтандыру саласындағы аннуитет шарттарын кепілдендіру жағдайында да осы түзетулердің бастамашысына тиесілі болмасқа
– Ұлттық Банк өмір сақтандыру компанияларына арналған жаңа жүйенің басты спонсоры (акционері) бола алмай ма? Бөлек кепілдендіру қорын құруға қомақты қаржы бөлу немесе СТКҚ капиталын арттыру арқылы. Бұны неліктен жеке қор жасауы тиіс? – Өмір сақтандыру компаниялары банкроттыққа ұшыраған жағдайда, СТКҚ тәуекелді жалпы сақтандыру компанияларының ақшасымен өтеуі керек болмай ма?
– Сөзсіз. Қордың капиталы ортақ, әйтсе де кепілдендіру резервтері және олардың есебі бізде сақтандыру класы мен салаға – жалпы сақтандыруға немесе өмір сақтандыруға қатыстылығы бойынша бөлінеді.
Менің ойымша, капиталды да міндетті түрде бөлу керек, және әрине бөлек заңды тұлға қажет, себебі СТКҚ даму мақсаттары өмір сақтандыру компанияларына онша келмейді. Бұл тұрғыдан СТКҚ жақсы үлгі болып табылады, Ұлттық Банк оны өз ақшасына құрды, ал қордың қаржыландыруы түсінікті әрі тұрақты болған кезде, реттеуші капиталдан шығып, акцияларын сақтандыру компанияларына сатқан.
Татьяна Батищева
Дерекнама: http://abctv.kz/ru/news/pora-uhodit-ot-finansovogo-izhdivenchestva