«Стратегиялық бағыт – нәтижелі және формалды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталған сақтандыру жүйесін дамыту. Бұл ретте ұсынылып отырған өзгерістердің басты тренді: біріншіден, мемлекет жүйесіне жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің қатысуы; екіншіден, қатысу өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту. Бұл дегеніміз, тәуекелдер туындаған жағдайда жоғалған кірісті өтеу көбінесе азаматтардың жинақталған зейнетақы мен сақтандыру активтері есебінен жүргізілетінін білдіреді», – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Министр бүгінгі таңда мемлекеттік төлемдердің үлесі зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінде де, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де басым екенін атап өтті. Халықтың басым көпшілігі әлі күнге дейін олардың әлеуметтік қамсыздандырылуына тек мемлекет жауапты болуы керек деп санайды.
«Зейнетақы және әлеуметтік сақтандыру жүйелерінің міндеттілігіне қарамастан, жеке меншік сақтандыру компанияларында қамту төмен деңгейде. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ғана емес, жалдамалы жұмыскерлердің белгілі бір бөлігі де қамтылмаған күйінде қалып отыр.
Егер кірістердің жоғарғы шектерін ескермесек, онда зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар аударылатын кірістердің деңгейлері де әр түрлі болады. Зейнетақы жарналарының орташа табысы экономика бойынша орташа айлық жалақыдан 20%-ға төмен.
Ірі жұмыс берушілер мен зиянды өндірістердің қызметкерлері жоғары сақтандыру тарифтеріне, өмірді сақтандыру компанияларынан төленетін төлемдердің төмен мөлшеріне және сақтандыру компаниялары қызметінің ашықтығына назар аударады. Шара қолданбау болашақта жүйенің сенімі мен қаржылық тұрақтылығы мәселелеріне әкелуі мүмкін», – деді Тамара Дүйсенова.
Министр БЖЗҚ, МӘСҚ, МАК және сақтандыру компанияларымен бірлесіп ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысы іске асырылатынын және жүйеге қатысушылардың өсуі бойынша әрбір институт үшін KPI анықталатынын хабарлады.
Сондай-ақ жүйеге қатысу өтіліне байланысты зейнетақы және сақтандыру төлемдерінің мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайту жалғасады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы қабылданған зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістер азаматтарға бұрынғы табыстарының кемінде 40% мөлшерінде зейнетақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өсім ең алдымен базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін алатын зейнеткерлерден басталады. 2023 жылы зейнеткерлердің осы санаты үшін тек базалық зейнетақы мөлшері 21% - ға дейін көтерілді. Кезең-кезеңмен өсу 5 жыл ішінде, яғни 2023 жылдан 2027 жылға дейін жүргізіледі, бұл өткен жылғы инфляцияны және оның кейінгі жылдарға арналған болжамды дәлізін жабуға мүмкіндік береді.
Дәл осындай жұмыс әлеуметтік сақтандыру жүйесінде жүргізілмек. Биыл жұмысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдер мөлшері жоғалтқан табыстың 45%-на дейін жеткізілетін болады», – деп атап өтті ЕХӘҚМ басшысы.
Сөз соңында Тамара Дүйсенова 2024 жылдан бастап жас салымшыларды зейнетақымен қамсыздандырудың шартты-жинақтаушы жүйесін қалыптастыру үшін жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары енгізілетінін хабарлады.
Бұдан басқа, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында салымшыларға өздерінің зейнетақы жинақтарының 50%-ын жеке басқаруға беру құқығы қарастырылады.
Сурет ашық дереккөздерден