– Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып зейнетақы жүйесіне реформа жүргізуіне қандай факторлар негізгі рөл атқарды?
– Зейнетақы жүйесіне реформа қажет болды, өйткені ынтымақты жүйе банкроттыққа ұшырады. Адамдардың көбісі ұмытып қалған болар, бірақы 1997 жылы зейнетақыны төлеу бойынша кідіртулер алты айды құраған еді, ал зейнетақы бойынша жалпы берешек шамамен $0,5 млрд құраған еді. Біздің еліміз үшін бұл тым үлкен сома еді. Сондай-ақ, көп адамдар зейнетақы реформасы екі кезеңмен өткенін ұмытып қалды. Бізде парламент зейнетке шығу жасын көтеру туралы шешімді 1996 жылы қабылдаған еді, және де сол кезде ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларын ашу туралы шешім де қабылданды. Сол кезде мен қадағалауға жауап беретін Ұлттық Банк төрағасының орынбасары болып жұмыс істедім, бізге реформаны жүзеге асыру тапсырылды. Біз жарты жылдай зейнетақы жүйелерін жан-жақты зерттеп, ерікті қорлар болашақ зейнеткерлердің мәселелерін шешпейді деген қорытындыға келдік. Осы кезде зейнетақы реформа туралы бірнеше елдер: Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Украина шындап ойлаған еді. Қырғызстан бір ерікті зейнетақы қорын құрып еді, қазір 21 жылдан кейін бұл қор ешқандай мәселелерді шешпегені түсінікті болды. Мен ол кезде Президенттің атына хат дайындап, оны ҰБ төрағасы Ораз Жандосовқа бергенмін. Ол оны түзеп, Елбасымызға жіберген. Кейін мен жеке барып егжей-тегжей түсіндіріп жүргенмін, содан кейін Президент үкіметке тапсырма берді. Бұл 1996 жылғы қараша-желтоқсан айлары еді. Содан кейін біз парламентке заң жобасымен шықтық. Мәжілісте бұл тақырыпқа байланысты көптеген пікірталас болды.
Зейнетақы реформасы – бұл бәріміздің жетістігіміз. Ең бастысы бізде саяси еркіміз, оған қоса Президентіміз бен үкіметтің қолдауы болды. Айтпақшы, ол кезде премьер барлық министрліктердің және Ұлттық Банктің өкілдерін сол құжатқа қол қоюды талап еткен. Бұл шамамен жиырма шақты адам болды. Ол кезде премьер былай айтқан: егер 20 жылдан кейін реформаны кім жасады деп сұраса, олардың есімдері белгілі болады. 20 жылдан асты – біз бәрін де дұрыс жасадық.
– Сіз басқарған әзірлеушілер тобы Чили мемлекетінің үлгісін таңдаған. Неліктен дәл осы үлгі?
– Бізде әрдайым барлығын жеңілдетіп, белгі қою қажет. Біз әр түрлі сингапурдық, швейцарлық үлгілерді қарастырдық, Дүниежүзі банкпен жұмыс жасадық. Ол кезде ең үздік үлгі – бұл сингапурдық, чилилік және швейцарлық жүйелердің қоспасы екені есептелген. Ең басынан зейнетақы жүйесі жинақтаушы болады, бірақ ынтымақты жүйе де қалатыны туралы шешім қабылданды, ынтымақты жүйеде болған барлық міндеттемелер қалды – адамдар әлі күнге дейін төлемдерді алады. Ынтымақты және жинақтаушы жүйелер – бұл екі аяқ, бұл тұрақты үлгі. Жинақтаушы жүйе капиталдың нарығына сүйенеді. Адам ақшаны өз шотына жинайды, ақша инвестицияланады. Егер біз ұзақ жүйе туралы айтып жатқан болсақ (40-50 жыл – «Къ»), адам қанша алатындығын, және бұл ЗҚ табыстылығына байланысты болатындығын түсіну керек. Ынтымақты жүйе еңбек өтіліне және еңбек нарығына байланысты болады. Капитал нарығында және еңбек нарығында корреляция деңгейі жоғары емес. Кейде бір нарықта жағдай жақсырақ болады, ал екінші нарықта онша емес, және керісінше. Адамда еңбек нарығына және капитал нарығына байламы болса, ол көбірек ақшаға қол жеткізеді. Бізде жүйені чилиялық деп атауға үйреніп қалды, бірақ онда бізді ол жүйеден ерекшелендіретін бір қатар параметрлер бар. Мысалы, бізде әрқашан Зейнетақы төлеудіңбірыңғай орталығы болды, ал Чилиде әрбір зейнетақы қоры оны өзі жүзеге асырады. Бұл үлкен шығындарды көздейді, және ол шығындар салымшыға жүктеледі. Жұмыстың алғашқы жылы Чилидің зейнетақы қорлары минус 8% табыстылығын көрсетті, өйткені олар барлық шығындарды адамдарға жүктеді. Бізде жетілдірілген чилиялық үлгі, деп есептейміз.
– Зейнетақы қорлары KASE-ның дамуына көмек тигізді ме?
– Иә да, жоқ та десек болады. Белгілі бір түрткі болды, бірақ біз қалағандай емес. 1996 жылы Президент мақұлдаған алғашқы идея үш үрдістің үйлесуін көздеген болатын. Бұл: ЖЗҚ (оған ақша түседі) құруы; жекешелендіруді өткізу (біздің мемлекеттік компаниялар АҚ болып, акциялардың бөлігін биржаға орналастырар еді), және үшінші аспект – біздің компаниялар зейнетақы қорларының (институционалды инвесторлар) қаржысын тарту арқылы дамыған. Өкінішке орай, ол кезде бізде үкіметпен дау туындады (соның кесірінен мен жеке секторға кетіп қалдым), өйткені жекешелендіру тізімінде болған бір қатар компаниялар одан шығарылды. Біз үлкен жұмысты жасадық, батыс инвестициялық банктерді жалдадық, бірақ үкімет тыйым салды. Сөзсіз түрткі болды, бірақ егер де барлығы бастапқы нобай бойынша жүргізілетін болса, бізде бағалы қағаздардың басқа нарығы болар еді.
– Қазақстанның зейнетақы жүйесі үшін қай жыл ең қиын болды?
– Ең қиын жыл 1998 жыл болды, ол кезде елімізде дағдарыс орын алған еді, және де Қазақстанға Джеймс Гиффен келді. Ол өзімен бірге Гарвардтан екі маманды алып келген, олар бүкіл зейнетақы жүйесінен бас тарту керек деген еді. Оларды үкіметтің жартысы қолдады. Мен ол кезде үкіметте жұмыс істемедім, бірақ мені арнайы Астанаға шақыртты. Мен осы мамандармен түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Біз жеңдік. Түсінесіз бе, сен ұзақ мерзімді жүйені жасайсың да, оны іске қосқаннан кейін дағдарыс басталып кетеді. Дәл сол кезде осыны жасаудың қажеті жоқ еді, ынтымақты жүйе дұрыстау еді дейтін сыншылар көбейіп кетеді. Бұл нағыз өтірік! Әлемнің ешбір елінде ынтымақты жүйенің зейнеткерлердің төлемдеріне шамасы жетпейді. Германияда зейнетақылардың үштен бір бөлігі бензинге акциздер арқылы төленеді. Егер олар зейнетақыны тек жарналар арқылы төлеген болса, олар зейнетақының үштен бір бөлігіне кем зейнетақы алар еді. Швейцарияда ынтымақты жүйе 2013 жылы банкротқаұшырау керек еді (сондықтан да олар 90-шы жылдарда жинақтаушы жүйені енгізді). Барлық елде ынтымақты жүйе банкротыққа ұшырайтын күні бар. Бұл болжамдарды Дүниежүзі Банкі 90-шы жылдарда жасаған еді.
– Олар неге сүйенді?
– Зейнетақы жүйесі кез келген басқа қаржы жүйесінен айырмашылығы, зейнетақы жүйесін 40-50 жыл алға есептеу керек.
Бірінші фактор – бұл барлық елдерде өмір ұзақтығының өсуі. Орташа есеппен бұл көрсеткіш ХІХ ғ. Басында 38 жас болса, қазір – 72 жас. Бисмарк Германияда зейнетақы жүйесін енгізген кезде, өмір сүрудің орташа ұзақтығы ерлерде 35 жас, әйелдерде 38 жас болған. Ал Германияда ол кезде зейнетке 65 жаста шығатын еді. Оған дейін көбісі өмір сүрмейтіндігін барлығы түсінетін.
Екінші маңызды фактор – бұл туу көрсеткішінің төмендетілуі. 30-жылдарда бір зейнеткерге 7 қызметкер болған (бұл өте жақсы), ал қазір бір зейнеткерге 2 жұмыс істейтін адам келеді. Болашақта 2050 жылға дейін бір зейнеткерге 1,5 жұмыс істейтін болады. Ал кейін 1:1 арақатынас болады. Сонда қалай?!
Бізде, мысалы, әйелдер орташа есеппен 23 жыл жұмыс істеп, 25 жыл зейнеткер болады. Мұнда ынтымақты жүйенің шамасы жетпейтіні анық, сондықтан жинақтаушы жүйе қажет. Сол үшін көптеген халық үшін жинақтаушы жүйе негізгі болуы керек.
Менің ойымша, жинақтаушы да, ынтымақты та жүйе болуы керек, бірақ зейнетақының негізгі мөлшері жинақтаушы жүйеден төленуі тиіс.
– Қиын кезең туралы айтқанда, Сіз 2012-2013 жылдарды атамадыңыз. Сіз ол жылдары Ұлттық Банкті басқарған едіңіз және зейнетақы қорларын біріктіруге қарсы болдыңыз...
– Не үшін біріктіру қажет болғанын мен түсінбеймін. Бұл Ұлттық Банк әрдайым қарсы болған жоба еді. Қазір біз нарықта бәсекелестік болғанда, дұрыс болғанын көріп отырмыз. Біз құрған бастапқы үлгі ең дұрыс болған еді, ал зейнетақы қорларын БЖЗҚ-ға біріктіру – бұл, әрине, дұрыс емес.
Алайда ең маңызды қорытынды – негізінен бәрі де дұрыс жасалған. Екінші – біз бұны бәрінен бұрын, және ТМД елдері арасында бәрінен тиімді жасадық. Үшінші – қазіргі кездегі РФ-да, Украинада және Беларусьте барлық пікірталастар біз қателеспегенімізді дәлелдейді, ал сол кезде бізді сынаған адамдар қазір үндемей қалды. Реформаларды енгізуді кешіктірудің бағасы – бұл ондаған және ондаған миллиард доллар болар еді. Егер бізде ескі жүйе қалатын болса, біздің еліміздегі зейнетақылардың деңгейі төмен болар еді, ал жинақтаушы бөлігі болмас еді. ЗҚ пайда болған уақыттың ішінде адамдарға қанша ақша төленді? Бұл триллиондаған теңге. Ынтымақты жүйеде бұл ақшаны ешкім де төлемес еді.
Егер біз жүйені өзгертпеген болсақ, бізге не болар еді, оған дәлел ретінде Қырғызстанды айтуға болады. Олар бір ерікті зейнетақы қорын құрды. Қараңыздар: доллармен алғанда бізде Қырғызстанмен салыстырғанда, орташа зейнетақы мөлшері 3,5 есеге артық.
– Ресей және Беларусь өзінің зейнетақы жүйелеріне реформа жүргізбекші. Сіз олардың жоспарланып отырған реформаларын қалай бағалайсыз?
– Ресей мен Беларусьте ағымдағы жағдайды бақылап отыру қызық, өйткені бұл біздің 96-97-жылдардағы пікірталас. Олар мұндай реформаны тек 20 жылдан кейін жасап бастады.
Бұл туралы ешкім айтпаған: біздің зейнетақы шоттарымызда сақталатын ақша – ол адамның меншігі, ал Ресейде ол Зейнетақы қорының меншігі болып табылады. егер қор банкротқа ұшырайтын болса, онда сізге тек тарату комиссия «шығарып алатын» ақшаны ғана қайтарады. Бұл дұрыс емес, бұл туралы біз көп айтқан болатын.
Кейін олар зейнетақы жасын ерлерге 65 жасқа дейін көтеруді ұсынып отыр – бұл да дұрыс емес, деп ойлаймын. Егер біз Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы айтатын болсақ, онда біз бірімізбірге отырып, бұны талқылауымыз керек. Қазақстан, Ресей, Беларусь және ЕАЭО басқа елдері үшін бірыңғай зейнетақы жүйесі бойынша келісімге келу керек. Қазір Беларусь 20 жылдан кейін 63-58 зейнетақы жасын енгізіп жатыр, Ресей 65-63 жасқа дейін ұзартпақшы, біз болсақ – 63-63 деп теңестіріп отырмыз. Бәріміз отырып, бір келісімге келу керекпіз.
– Сіз өзіңіз зейнетке мерзімінен бұрын шықтыңыз ба?
– Мен қашанда қаржы секторында немесе мемлекеттік қызметте жұмыс істеген едім. Олар адал жұмыс берушілер және жалақымнан 10% кесте бойынша төлеп отыратын. Сондықтан мен зейнетақымды бұрынырақ ресімдедім. Бізде егер шотта актуарлық есептер бойынша жеткілікті ақша жинаған болсаңыз, мерзімінен бұрын зейнетке шығуға болады. Мен 55-жасқа толғанда зейнетақымды ресімдеп алдым, енді мен зейнеткермін. Ерікті зейнеткермін, ешқайда жұмыс істемеймін, және маған бұл ұнайды. Зейнетке шығу мерзімімен келіспейтін адамдар кездескенде, ешкім оларға көбірек ақша жинауға және мерзімінен бұрын зейнетке шығуға кедергі болмайтындығын естеріңізге сала кетейін. Бұл ретте еркектер үшін зейнетке мерзімінен шығу жасы 55 жас, ал әйелдер үшін тек 50 жасты құрап отыр. Бірақ қосымша ерікті аударымдар мүмкіндігімен адамдардың аз саны – республика бойынша тек қана 30-40 мың адам пайдалануда. Мен пайдаландым, сондықтан көбірек жинадым.
Міндетті 10% жарна бар, тағы 5% – ерікті жарналар. Егер адам физикалық ауыр өндірісте жұмыс жасаса, тағы 5% жұмыс беруші төлейді. Онда зейнетақы қорға 20% жиналады. Ең бастысы жинақтаушы жүйеде бұл күрделі пайыздың күші. Бұл туралы Эйнштейн жазған, пайыздар пайыздарға жинақталады. Егер аударымдар табыс салығынан босатылған болса, және табыс әкелетін құралдарға салынып жатса, және бұл табыс қайта салынады, онда адамның шотында зейнетке шығатын кезде (40 жылдан кейін) айтарлықтай үлкен сома жианалып қалады.
Зейнетақы жүйесіне сенген адамдар ақшаларын аударып отырады және соған риза. Менде зейнетақыны 55 жасында ресімдеген ондаған таныстарым бар, олардың барлығы қазір өз еркімен зейнеткер болып табылады. олардың біреуі де өмірге ренжіп жүрген жоқ. Ал тағы бір топ адамдар «Мемлекетке сенуге болмайды! Бізді алдайды», – деп қайталай береді. Олар ақшаларын аудармайды. Кім кімді алдап жүр?! Олар зейнетке шыққан кезде оларда тек ынтымақты зейнетақы және өздері жинаған аздау қаражаты болады.
Дереккөзі: https://www.kursiv.kz/news/finansy/grigorij-marcenko-o-pensionnoj-sisteme-my-vse-sdelali-pravilno/
Фото: kapital.kz