Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығында ата-аналарға балаларға арналған екі негізгі өнім түрі ұсынылады: жинақтаушы сақтандыру полистері және мерзімді (тәуекелдік) сақтандыру полистері. Олар әртүрлі міндеттерді шешуге арналған.
Мысалы, тәуекелдік сақтандыру полистері капитал жинамайды. Олардың негізгі мақсаты – белгілі бір сақтандыру жағдайы орын алған кезде сақтандыру төлемін жүзеге асыру. Мұндай жағдайларға жарақат, сүйектің сынуы, күйік, жануардың тістеуі немесе басқа да жазатайым оқиғалар жатады. Әдетте мұндай шарттар бір жылға жасалады және емделу мен оңалту шығындарын өтейді. Олар әсіресе белсенді балалар үшін және жарақат алу қаупі жоғарылайтын жаз мезгілінде өзекті.
«Сақтандыру полисіне жарақат алу және ауруханаға жатқызылу тәуекелдері енгізілуі мүмкін. Әдетте мұндай ұсыныстар кросс-сату бағдарламалары аясында қалыптастырылады. Бұл жағдайда сақтандыру туристік агенттіктің, спорт секциясының немесе балалардың бос уақытын ұйымдастыратын мекеменің тұтынушылық артықшылықтарын күшейтеді. "Еуразия" ӨСК осындай бірқатар жобаларды жоспарлап отыр, оларды іске асыру белгілі бір маусымға немесе жыл мезгіліне тәуелді болмайды», – деп түсіндірді «Еуразия» ӨСК сату және өңірлік даму департаментінің директоры Рамай Құрбанғалиев.
Жазатайым оқиға салдарынан сақтандырылған тұлғаға мүгедектік белгіленген немесе қайтыс болған жағдайда 1 миллион теңге көлеміндегі сақтандыру сомасын, сондай-ақ жарақат, ауруханаға жатқызу және уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша төлемдерді көздейтін сақтандыру полисінің құны жылына 35 мың теңгені құрайды.
«Сақтандыру құны сақтандыру сомасының мөлшеріне қарай пропорционалды түрде өзгереді. Шартты рәсімдеу уақыты таңдалған сақтандыру тәуекелдеріне байланысты және, әдетте, бір жұмыс күні ішінде жасалады», – деп нақтылады спикер.
Nomad Life компаниясында отбасының қажеттіліктері мен балалардың жас ерекшеліктеріне сай түрлі сақтандыру шешімдері ұсынылады. Өмірді мерзімді сақтандыру және жазатайым оқиғалардан сақтандыру бағдарламалары бойынша 7 жастан бастап балаларға сақтандыру полисін рәсімдеуге болады. Шарт жазатайым оқиға салдарынан болған жарақаттар үшін, сондай-ақ осы себеппен ауруханаға жатқызылған жағдайда сақтандыру төлемдерін қарастырады.
«Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап Nomad Life компаниясында "Сенім" атты жаңа өнім іске қосылды. Оның аясында 1 жасқа толған баланың өмірі мен денсаулығын сақтандыруға болады. Балаларды сақтандыру жарақаттар немесе аурулар кезінде туындайтын күтпеген шығындарды өтеуге көмектесіп, сапалы жеке медицинаға қолжетімділікті қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді Nomad Life ӨСК баспасөз қызметі.
Мамандандырылған өнімдердің бірі – Halyk Life компаниясының «Балам» бағдарламасы. Ол балаларды дене жарақаттары кезінде қаржылық қорғауға арналған және жарақат алғаннан кейін емделу мен оңалту шығындары бойынша сақтандыру төлемдерін көздейді. Сақтандыру төлемінің мөлшері 1 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
«"Балам" бағдарламасы әсіресе жазғы демалыс кезінде өзекті. Өйткені дәл осы уақытта демалыс, сапарлар, спорт секциялары мен белсенді бос уақыт кезінде балалардың жарақат алу қаупі артады. Полис жарақат алған жағдайда баланы емдеуге және оңалтуға кеткен шығындарды өтеуге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда сақтандыруды баланың белсенділігі жоғары кезеңге, оның ішінде спортпен шұғылдану және каникул кезіндегі демалыс уақытына рәсімдеуге болады», – деп хабарлады Halyk Life ӨСК баспасөз қызметі.
«Балам» бағдарламасының құны жылына 6000 теңгені құрайды. Оны Halyk Life мобильді қосымшасы арқылы бірнеше минут ішінде онлайн рәсімдеуге болады. Сақтандыру жағдайы орын алған кезде Halyk Life ӨСК филиалына барлық қажетті құжаттарды – мөр қойылған жарақат пунктінің қорытындысын, медициналық үзіндіні, рентген суретін және IBAN шотын ұсыну қажет. Сақтандыру төлемі 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жинақтаушы сақтандыру полистері
Жинақтаушы сақтандыру полистері – ұзақ мерзімді бағдарламалар (әдетте бала 18 жасқа толғанға дейін), олар белгілі бір мерзімге, мысалы, кәмелетке толған кезде немесе жоғары оқу орнына түсер алдында қажетті капитал жинауға мүмкіндік береді. Ата-ана жүйелі түрде жарна төлейді, ал сақтандыру компаниясы бұл қаражатты инвестициялап, инвестициялық табыс қалыптастырады.
«Осы мақсатта Nomad Life мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мен "Келешек" бағдарламасына қатысатын Nomad Bolashaq білім беру жинақтау бағдарламасын ұсынады. Бағдарлама баланың оқуына қажетті қаражатты кезең-кезеңімен жинақтауға мүмкіндік беріп қана қоймай, жинақтау мерзімі бойы сақтандыру қорғанысын қамтамасыз етеді. Осылайша ата-аналар бір мезгілде екі міндетті шеше алады: бүгін отбасы бюджетін күтпеген жағдайлардан қорғап, болашақта баланың біліміне қажетті қаражатты алдын ала жинақтау», – деп нақтылады Nomad Life ӨСК баспасөз қызметі.
Компанияның мәліметінше, «Келешек» бағдарламасына деген қызығушылық жоғары деңгейде сақталып отыр. Себебі ата-аналар білім беру құнының жылдан-жылға өсіп келе жатқанын түсінеді және мұндай шығындарға алдын ала дайындалмау тәуекелін бағалай бастады.
«Тағы бір маңызды ерекшелік – жинақ валютасын таңдау мүмкіндігі. Банктердегі білім беру депозиттері тек теңгемен ашылса, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында өмірді сақтандыру компаниялары арқылы қаражатты теңгемен де, АҚШ долларымен де жинақтауға болады. Баласының оқуын 10–15 жылдан кейін жоспарлап отырған отбасы үшін жинақтың сатып алу қабілетін сақтау аса маңызды. Ал шетел валютасында жинақтау болашақ білім беру капиталына девальвация тәуекелдерінің әсерін азайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Nomad Life ӨСК.
Бағдарлама аясында мемлекет балалардың басым бөлігі үшін 60 АЕК, ал әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін 120 АЕК көлемінде бастапқы білім беру капиталын ұсынады. Бұл қаражат мемлекет тарапынан бір рет беріледі және бағдарлама талаптары сақталған жағдайда баланың болашақ білім беру жинағының құрамына енгізіледі.
Бұл тетіктің басты артықшылығы – отбасы баласының болашақ біліміне қаражат жинауды жалғыз бастамайды. Мемлекет жинақтау процесіне бастапқы кезеңнен қатысып, болашақ білім алуға қажетті алғашқы қаржылық негізді қалыптастыруға көмектеседі.
Сонымен қатар, барлық сақтандыру компанияларындағы бұл өнім шарт мерзімі аяқталғанға дейін өмір сүру, І–ІІ топтағы мүгедектік белгіленуі және сақтандырылған адамның қайтыс болуы тәуекелдерін қамтиды.
«Банктік депозиттен негізгі айырмашылығы – сақтандыру қорғанысының болуы. Егер сақтандыру жағдайы орын алса, компания шарт талаптарына сәйкес сақтандыру төлемін жүзеге асырады, ал қарапайым депозит мұндай қорғауды қамтамасыз етпейді. Бұдан бөлек, білім беру жинақтау бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында мемлекеттік сыйлықақы қарастырылған», – деп атап өтті Halyk Life ӨСК.
Бұл жоба балаңыздың Қазақстандағы немесе шетелдегі кез келген жоғары оқу орнына түсу туралы арманын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Білім алуға арналған жинақтаушы сақтандыру бағдарламасы шарт мерзімі аяқталған кезде жоғары инвестициялық табыспен бірге сақтандыру төлеміне кепілдік береді.
«Осылайша таңдау отбасының басымдықтарына байланысты. Егер негізгі мақсат – баланың оқуына қаражат жинау болса, жинақтаушы сақтандыру таңдалады. Ал дәл қазір жарақаттан қаржылық қорғаныс қажет болса, мерзімді тәуекелдік сақтандыру полисі рәсімделеді. Көптеген ата-аналар баланың жан-жақты қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сақтандырудың екі түрін қатар пайдаланады», – деп қорытындылады Рамай Құрбанғалиев.


