VSS Life КСЖ-да генеративті ЖИ-дің әлеуеті үлкен деректерді өңдеу мен қосалқы процестерді автоматтандыру үшін маңызды деп бағаланады. Алайда сезімтал бағыттарда — андеррайтинг пен комплаенсте — компания консервативті ұстанымды сақтап отыр.
«Ірі тәуекелдер бойынша шешім қабылдауға қатысты барлық процестер абсолютті дәлдікті, ашықтықты және нормативтік талаптарға сәйкестікті қажет етеді. Өмірді сақтандыру саласы әлі де қатаң реттелетін сала болып қала береді, сондықтан кез келген ауытқу елеулі тәуекелдерге әкелуі мүмкін», — деп түсіндіреді VSS Life КСЖ IT жөніндегі басқарма мүшесі Бахтияр Түгелбасов. — «Біз андеррайтингте шешім қабылдау құралы ретінде ЖИ-агенттерді қолдануды қарастырмаймыз. Оның орнына біз “hard-coded rules” тәсіліне сүйенеміз — қолданыстағы регламенттерге негізделген нақты бағдарламаланған ережелер, лимиттер мен алгоритмдер».
Компанияда ЖИ-ді операциялық тиімділікті арттыру немесе клиенттік сервисті жақсарту үшін қолдануға рұқсат етіледі, алайда андеррайтингтегі түпкілікті шешімдер ЖИ-дің «галлюцинация» тәуекелдерін жоққа шығаратын формалданған модельдер аясында қабылданады. Сонымен қатар ЖИ-агенттер қазірдің өзінде IT-дің қосалқы процестерінде белсенді қолданылады: код жазуға көмектесу, тапсырмаларды рәсімдеу, JIRA жобаларын талдау.
«Евразия» КСЖ-да ЖИ-мен жұмыс істеуге арналған жеке «песочница» (сынақ ортасы) қалыптастырылған. Компания локалды модельдерді тестілеп, ішкі процестерге ЖИ интеграциялауға арналған микросервистер әзірлеуде. Негізгі бағыттардың бірі — әзірлеушілердің рутиналық жұмысын автоматтандыру және API-қызметтерді тестілеу, бұл жаңа өнімдерді нарыққа шығаруды жеделдетеді.
Басқарушы директор Игорь Еңғалчевтің пікірінше, Қазақстан нарығы үшін ең шынайы сценарий — ЖИ-ді қарапайым жағдайларды автоматтандыруға қолдану. Болашақта денсаулық туралы мемлекеттік деректер базаларына қолжетімділік кеңейсе, генеративті ЖИ анамнезді талдап, дәстүрлі әдістерге қарағанда әлдеқайда жылдам жеке тарифтерді қалыптастыра алады.
Nomad Life КСЖ-да сақтандырудың адам денсаулығын бағалаумен тікелей байланысты екені атап өтіледі, ал ҚР Азаматтық кодексінің 830-бабы сақтандыру құпиясын көздейді. Сондықтан андеррайтингте ЖИ қолдану тиісті шектеулер аясында жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен қатар компанияда қазірдің өзінде бірқатар өнімдер бойынша тәуекелдерді жылдам бағалауды қамтамасыз ететін автоматты андеррайтинг параметрлері жұмыс істейді.
Дереккөз: https://prodengi.kz/post/iskusstvennyi-intellekt-v-straxovanii-zizni
Ашық дереккөздерден алынған фото


