bs-preloader__icon
ru kz

Зейнетақы жинақтарына есептелген инвестициялық табыс 2,28 трлн теңгені құрады

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) зейнетақы активтерін басқару жөніндегі инвестициялық қызметінің нәтижесінде, сондай-ақ шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы мен қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі әсерінен, 2025 жылғы ақпаннан 2026 жылғы қаңтарға дейінгі соңғы 12 айда есептелген инвестициялық табыс шамамен 2,28 трлн теңгені құрады. Осы кезеңдегі табыстылық 9,74% болды. Бұл туралы БЖЗҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Зейнетақы жинақтарына есептелген инвестициялық табыс 2,28 трлн теңгені құрады

Айта кету керек, қысқа мерзімді жекелеген кезеңдердегі зейнетақы активтерінің табыстылығы олардың басқару тиімділігінің көрсеткіші болып табылмайды. Себебі қысқа уақыт аралығында қаржы құралдары мен басқа операциялар бойынша есептелген кірістер әрдайым осы кезеңдегі бағалы қағаздар құны мен валюта бағамдарының ауытқуын жаба бермейді. Сондықтан инвестициялық табыс көлемін объективті бағалау үшін оны неғұрлым ұзақ кезең ішінде талдаған жөн.

Орта және ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан жоғары) табыстылығы қамтамасыз етіледі. 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жинақталған инвестициялық табыстылық 1 173,15%-ды құрады, ал осы кезеңдегі инфляция деңгейі 952,32% болды.

2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 2014 жылдан бері (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) жинақталған таза инвестициялық табыс 13,99 трлн теңгені құрады. Жүргізілген төлемдерді ескере отырып, оның салымшылардың (алушылардың) жалпы зейнетақы жинақтары көлеміндегі үлесі 41,5%-ды құрайды. Бұл азаматтардың жинақтары құрылымында инвестициялық қызметтің маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.

Сондай-ақ салымшылардың зейнетақы активтерінің бір бөлігін (міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтардың 50%-на дейін және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтардың 100%-на дейін) реттеуші талаптарына сәйкес келетін жеке инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың (ЖИПБ) басқаруына аударуға құқығы бар екенін атап өтеміз.

Зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз етуге және ұзақ мерзімді кезеңде оң табыстылық алуға бағытталған ҚРҰБ-ның неғұрлым консервативті басқаруымен салыстырғанда, ЖИПБ-ның инвестициялық декларациялары мен реттеуші талаптары табыстылықты арттыру мақсатында кеңірек инвестициялық мүмкіндіктерді көздейді (бұл ретте ЖИПБ-дағы тәуекел деңгейі де жоғары).

Еске саламыз, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, ҚРҰБ басқаруындағы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына мемлекеттік бірегей кепілдік қолданылады. Жекелеген кезеңдерде табыстылық төмендеп, ол салымшының жинақталған табыстылығына әсер еткен жағдайда, төлем жасау құқығы туындаған кезде айырма мемлекет тарапынан өтеледі.

Фото ашық дереккөздерден

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру