Өнімдік таңдауларға келсек, шетелдік әйелдер гендерлік ерекшеліктерді ескеретін полистерді жиі таңдайды. Азияда (AIA) және Жапонияда «әйелдерге тән ауыр ауруларды» қамтитын бағдарламалар сұранысқа ие: сүт безі обыры, ревматоидты артрит, остеопороз, сондай-ақ жазатайым оқиғалардан кейінгі қалпына келтіру хирургиясы. АҚШ пен Еуропада әйелдер ұзақ мерзімді күтімге арналған сақтандыруға (long-term care) және еңбекке қабілеттіліктен айырылу тәуекеліне қарсы сақтандыруға қызығушылық танытады, дегенмен бұл өнімдердің нақты таралу деңгейі жеңілдіктер жүйесіндегі түсінбеушіліктерге байланысты төмен (18–19%) күйінде қалып отыр. Ерекше сегмент — ана болу және балалардың денсаулығы: дамушы нарықтарда (Үндістан, Филиппин) жүктілік, жаңа туған нәрестелердің генетикалық аурулары және аптап ыстық немесе су тасқыны салдарынан табыстан айырылу тәуекелдерін жабатын микро сақтандыру өнімдері сұранысқа ие. Қызығы, АҚШ-та әйелдердің 65%-ы сақтандыру сатып алудың негізгі себебі ретінде жерлеу шығындарын жабуды атайды, ал ерлер көбіне табысты алмастыруға бағытталады.
Қазақстандық әйелдердің таңдауы
Halyk Life компаниясында өмірді сақтандыру полисін рәсімдейтін әйелдердің орташа жасы шамамен 30–50 жас аралығында. «Клиент әйелдердің әлеуметтік мәртебесі — негізінен тұрақты табысы бар жұмыс істейтін әйелдер: мамандар, мемлекеттік және жеке ұйым қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ орта буын басшылары. Айтарлықтай үлесті тұрмыстағы әйелдер мен аналар құрайды, олар отбасының қаржылық қорғанысын және ұзақ мерзімді жинақтауды мақсат етеді», — деп хабарлады Halyk Life баспасөз қызметі.
Табысы — орташа және ортадан жоғары деңгейде. Әдетте, бұл — тұрақты ресми кірісі бар және өмірді сақтандыруды қаржылық қорғаныс, жинақ және болашақты жоспарлау құралы ретінде қарастыратын клиенттер (соның ішінде балалардың білім алуы мен зейнетақы жинақтары).
«Евразия» ӨСК-де өмірді сақтандыру бағдарламасының клиенті — 30–35 жастағы, отбасылы, бала тәрбиелеп отырған әйел: «Сақтанушы әйелдердің ең жоғары үлесі жинақтаушы сақтандыруда байқалады: 2025 жылы — 58%. Танымалдығы бойынша екінші орында — қарыз алушының өмірі мен еңбекке қабілеттілігін сақтандыру, мұнда үлесі 48%».
Мемлекеттік аннуитеттік компанияда жинақтаушы өмірді сақтандыру бойынша клиент әйелдің орташа жасы — 46 жас, ең жас клиент — 24 жаста, ең үлкені — 61 жаста.
«Біздің міндетіміз — жинақтаушы өмірді сақтандыру өнімдерінің қамтылуын арттыра отырып, НСЖ полисін мүмкіндігінше ертерек сатып алудың маңыздылығы мен тиімділігін түсіндіру. Яғни, жас, дені сау, еңбек етуге және табыс табуға мүмкіндігі бар кезде болашақта қалаған өмір деңгейін қамтамасыз ету үшін», — деп нақтылайды ұйымның баспасөз қызметі.
Айта кету керек, жастардың өмірді сақтандыруға қызығушылығы әлем бойынша өсіп келеді, бірақ нақты таралу деңгейі әлі де аға буынмен салыстырғанда төмен. Бұл қажеттіліктер, күтілетін пайда және «осында және қазір өмір сүру» қағидатына негізделген қаржылық басымдықтардың айырмашылығымен байланысты.
«ГАК» ӨСК-де НСЖ шарттарының 60%-дан астамы «тұрмыста» деп белгі қойған әйелдермен жасалған. Сонымен қатар, балаларын өз бетінше тәрбиелеп отырған әйелдер тарапынан да сұраныс бар, өйткені олар үшін өнімнің құндылығы айқынырақ: отбасының қаржылық тұрақтылығы, ұзақ мерзімді жинақ қалыптастыру және күтпеген жағдайларға арналған қаржылық «жастықша» мәселелері өткір тұр.
ВСС Life компаниясында клиенттердің 61%-ын әйелдер құрайды. Бұл әйелдердің қаржылық шешімдердегі рөлінің күшейіп келе жатқанын және болашақты жоспарлаудың жаңа мәдениетінің қалыптасуын көрсетеді. «Біздің портфельдегі әйелдердің орташа жасы — 42 жас. Әдетте, бұл — отбасысы және балалары бар әйелдер. Әйелдер тәуекелдерді азайтуға және ықтимал шығындардан қорғануға бейім болғандықтан, олар сақтандыруды ауру, еңбекке қабілеттіліктен айырылу немесе қайтыс болу жағдайында “сақтану” тәсілі ретінде қабылдайды. Көптеген отбасыларда қаржылық тұрақтылық пен балаларға қамқорлық мәселесінде әйелдер негізгі рөл атқарады. Сондықтан асырауындағылар болған жағдайда, өмірді сақтандыру әйелдер үшін күтпеген жағдайларда отбасын қарыз жүктемесінен қорғау құралы ретінде қабылданады», — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
ГАК ӨСК-де шарттардың шамамен 42%-ы орта мерзімге (3–10 жыл), тағы 42%-ы ұзақ мерзімге (10 жылдан астам) жасалады. Бұл түсінікті, себебі НСЖ — интеллектуалды әрі ұзақ мерзімді өнім, оның ең жоғары табыстылығы — жылына 6,5% (USD) — шарттың ең ұзақ мерзімі 20 жыл болғанда қолжетімді. Осы кезеңде салынған қаражат екі еселенеді — бұл күрделі пайыздың әсері.
«ГАК» ӨСК деректеріне сәйкес, ерлер жасаған жинақтаушы өмірді сақтандыру шарттары бойынша орташа чек шамамен 10 млн теңгені, ал әйелдерде — 6,9 млн теңгені құрайды.
Halyk Life компаниясында әйелдер көбіне келесі сақтандыру өнімдерін таңдайды:
— жинақтаушы құрамдас бөлігі бар өмірді сақтандыру — отбасының қаржылық қорғанысын жоспарлайтын және болашаққа қаражат жинайтын әйелдер арасында танымал (мысалы, балалардың біліміне арналған Bilim-Life немесе «Бәйтерек», «Болашақ-Life» бағдарламалары);
— зейнетақы сақтандыру бағдарламалары — зейнетақы аннуитеттері мен ұзақ мерзімді жинақ жоспарлары (Пенсионный аннуитет, Рента);
— ауыр аурулардан сақтандыру — ауыр диагноз қойылған жағдайда отбасының қаржылық жағдайын қолдауды ойлайтын әйелдер үшін (Үміт-Life).
«Клиент әйелдердің көпшілігі ұзақ мерзімді сақтандыру шарттарын таңдауды жөн көреді, өйткені мұндай бағдарламалар олардың қаржылық мақсаттары мен өмірлік басымдықтарына көбірек сәйкес келеді. Жалпы алғанда, 10 жылдан жоғары мерзімдерге басымдық беріледі, бұл қаржылық жоспарлауға және ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұмтылысты көрсетеді», — деп атап өтті Halyk Life.
«Евразия» ӨСК-де әйелдер жинақтаушы сақтандыру шарттарын көбіне 12–13 жыл мерзімге жасайды. Қарыз алушының өмірі мен еңбекке қабілеттілігін сақтандыру шарттарының мерзімі несие мерзіміне тең. Зейнетақы аннуитеттері — мерзімсіз, өмір бойына. «Әйелдер жасайтын жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша орташа жарна жылына 235 000 теңгені құрайды, ал ерлерде бұл көрсеткіш 407 000 теңге», — дейді компания өкілдері.
ВСС Life компаниясында мерзімді өмірді сақтандыру бойынша әйелдердің орташа сақтандыру сыйлықақысы 66 мың теңгені құрайды. «Жалпы алғанда, әйелдер арасында сақтандыру жағдайларының жиілігі төмен. Компаниямыздың тәжірибесі аз болғанына қарамастан, тіркелген сақтандыру жағдайлары бойынша өтініш білдіргендердің 34%-ын әйелдер құрайды», — деп атап өтті компания.
Осылайша, әлемде (әсіресе АҚШ-та) әйелдер полис иелену деңгейі бойынша ерлерден әлі де артта қалғанымен, Қазақстан нарығы керісінше, әлдеқайда ілгерішіл динамиканы көрсетіп отыр. Қазақстанда дәл әйелдер саланың негізгі драйверіне айналуда: клиенттердің 61%-ы — әйелдер, олар стратегиялық ойлап, ұзақ мерзімді жинақ бағдарламаларын таңдайды және сәттік тілектермен емес, отбасыны қорғау мен балалардың болашағын қамтамасыз ету қажеттілігімен басшылыққа алады. Қазақстандық әйелдер сақтандыру полисін қаржылық тәуелсіздік пен ертеңгі күнге деген сенімділіктің іргетасы ретінде қабылдайды.
Ашық дереккөздерден алынған фото.


