The Guardian басылымының хабарлауынша, Британ сақтандырушылар қауымдастығы жариялаған салалық деректерге сәйкес, 2025 жылы аннуитеттер сатылымының көлемі 4%-ға өсіп, 7,4 млрд фунт стерлингке (шамамен 4,6 трлн теңге) жеткен. Аннуитетке салынған инвестицияның орташа мөлшері 80 мың фунт стерлингтен (шамамен 50 млн теңге) асты.
Аннуитет дегеніміз не және ол неге қайтадан танымал бола бастады?
Аннуитет — адамның зейнетақы жинақтарын өмірінің соңына дейін немесе белгілі бір мерзім ішінде тұрақты әрі кепілдендірілген табысқа айналдыратын қаржы өнімі. Сақтанушы сақтандыру компаниясына біржолғы соманы төлейді, ал компания оған тұрақты төлемдер жүргізуге кепілдік береді.
2015 жылы енгізілген «зейнетақы еркіндігінен» кейін аннуитеттерге деген сұраныс күрт төмендеді. Бұл өзгеріс адамдарды зейнетақысын міндетті түрде осы құрал арқылы рәсімдеу талабынан босатты. Алайда Рэйчел Ривз 2024 жылғы қазанда жариялаған мұраға салынатын салыққа қатысты өзгерістер аннуитетке деген қызығушылықты қайта жандандырды.
2027 жылғы сәуірден бастап адам қайтыс болғаннан кейін белгіленген жарналары бар зейнетақы шотында (жинақтаушы зейнетақы жоспарында) қалған қаражатқа мұраға салынатын салық салынады. Бұл барлық жеке зейнетақы жоспарларына, сондай-ақ корпоративтік зейнетақы жүйелерінің басым бөлігіне қатысты. Егер пайдаланылмаған зейнетақы жинақтары белгіленген шектен асып кетсе, олар мұраның бір бөлігі ретінде салық салынатын активке айналуы мүмкін.
Табыстылықтың артуы инвесторларды қызықтыруда
Салық саласындағы өзгерістерден бөлек, бүгінде аннуитеттер бұрынғыға қарағанда тиімдірек шарттар ұсынады. Fidelity International инвестициялық компаниясының деректеріне сәйкес, денсаулығы жақсы 66 жастағы адам 300 мың фунт стерлинг көлеміндегі зейнетақы капиталына (шамамен 187,3 млн теңге) жылына 22 440 фунт стерлинг (шамамен 14 млн теңге) төлейтін өмір бойғы аннуитет сатып ала алады. Бұл жылдық шамамен 7,5%-дық табыстылыққа тең.
Салыстыру үшін, бес жыл бұрын мөлшерлемелер шамамен 4–5% болған. Бұл сол көлемдегі капиталдан шамамен 13 500 фунт стерлинг (шамамен 8,4 млн теңге) көлемінде жылдық төлем алуға мүмкіндік беретін. Осылайша, кепілдендірілген табыс айтарлықтай өсті.
Сақтандыру компаниясы Royal London өкілі Клэр Моффат бұл деректерге қатысты: «Келесі жылы мұраға салынатын салық пен зейнетақымен қамсыздандыру саласында болатын өзгерістерге байланысты мұраға салынатын салықты жоспарлау үшін аннуитеттерді пайдалануға қызығушылық артты», — деп атап өтті.
Дереккөз: The Guardian
Фото: ашық дереккөздерден


