Аталған стандарттар тәуекелдерді басқару мен бағалау тәсілдерін, сондай-ақ сақтандыру міндеттемелерін қалыптастыру және есептеу тәртібін түбегейлі өзгертеді. Бұл тәсілді енгізу сақтандыруды реттеудің жаһандық даму үрдістеріне және Сақтандыру қадағалаушыларының халықаралық қауымдастығының (IAIS) қадағалау қағидаттарына толық сәйкес келеді.
Бұрын қолданылған жүйе Solvency I қағидаттары мен IFRS 4 стандартына негізделіп, белгіленген нормативтер мен бірыңғай коэффициенттерге сүйенді. Ал жаңа SRES (Supervisory Risk Evaluation System) қадағалау моделі сақтандыру компанияларының нақты тәуекел бейінін, олардың бизнес-модельдерінің тұрақтылығын және тәуекелдерді басқару жүйесінің сапасын сандық әрі сапалық тұрғыдан кешенді бағалауға бағытталған. Бағалау төрт негізгі бағыт бойынша жүргізіледі: бизнес-модельді талдау, капитал тәуекелдері, өтімділік тәуекелдері және корпоративтік басқару.
Жүйе 37 сандық көрсеткіш пен 834 сапалық сұрақтың үйлесіміне негізделген. Жаңа тәсіл негізгі көрсеткіштердің ағымдағы жай-күйі мен даму серпінін, сондай-ақ тәуекелдердің шоғырлану деңгейін жан-жақты бағалауға мүмкіндік беріп, сақтандыру компанияларының жағдайы туралы толық ашықтықты қамтамасыз етеді.
Сапалық сұрақтар арқылы тәуекелдерді басқару жүйесінің даму деңгейі, бизнес-процестер мен қабылданатын шешімдердің сапасы, цифрландыру деңгейі және корпоративтік басқарудың жетілу дәрежесі бағаланады.
Модельдің негізгі элементтерінің бірі – сақтандыру компанияларының менеджментімен және құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен сұхбат жүргізу. Бұл олардың тәуекел бейінін терең талдауға және қадағалау бағасының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
2026 жылдан бастап қадағалау бағалауы жыл сайын жүргізілетін болады. Ал 2027 жылдан бастап қадағалау шаралары мен шешімдерін, оның ішінде компаниялардың тәуекел бейіні мен ішкі бақылау жүйесінің сапасына байланысты капиталға қадағалау үстемесін қолдану жоспарланып отыр.
Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша жаңа қадағалау моделін енгізу нәтижелері, сақтандыру компанияларын одан әрі дамыту бағыттары және қалыптастырылған қадағалау күтулері қамтылған егжей-тегжейлі есеп дайындалды.
Фото ашық дереккөздерден


