bs-preloader__icon
ru kz

Өмірді сақтандыру – қаржылық тұрақтылықтың қозғаушы күші

Алматыда Қазақстан сақтандыру форумы өтті. Іс-шараға сақтандыру нарығының жетекші сарапшылары, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Форумда саланың дамуына қатысты негізгі үрдістер – цифрландыру, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін кеңейту мәселелері талқыланды. Ерекше назар өмірді сақтандыру сегментіне аударылды. Бұл бағыт азаматтарды ұзақ мерзімді қорғаудың және жинақ қалыптастырудың маңызды құралы ретінде қарастырылды.
Өмірді сақтандыру – қаржылық тұрақтылықтың қозғаушы күші

Форумның эксклюзивті серіктесі – өмірді сақтандыру компаниясы BCC Life болды. Компанияның басқарма төрайымы өмірді сақтандыру халықтың қаржылық тұрақтылығы мен ел экономикасына ұзақ мерзімді инвестициялардың сенімді тетігіне айнала алатынын атап өтті.

«Біз уақыт талабына сай тұрақты, ашық әрі клиентке бағытталған сақтандыру нарығын дамытып келеміз. Форум – Қазақстан сақтандыру саласының әлеуетін халықаралық тәжірибемен ұштастырып, клиенттердің болашағын сенімді қаржылық қорғауға мүмкіндік беретін тиімді шешімдер енгізудің алаңы», – деді BCC Life басқарма төрайымы, ҚДКҚ директорлар кеңесінің мүшесі Гүлжан Жақсымбетова.

Нарықтың жағдайы

2025 жылдың қаңтар–маусым айларында өмірді сақтандыру нарығы тұрақты екі таңбалы өсім көрсетті. Бұл сұраныстың жоғары болуы, заңнамалық өзгерістер, жалақы көлемінің өсуі және цифрлық сервистер арқылы өнімдерді ілгерілету нәтижесінде мүмкін болды.

Өмірді сақтандыру компанияларының активтері 1,9 трлн теңгеге жетіп, жалпы сақтандыру нарығының 55,1%-ын құрады. Міндеттемелер көлемі 1,4 трлн теңгеге дейін өсті. Сегменттегі сақтандыру сыйлықақыларының өсімі жалпы сақтандыру компанияларына қарағанда әлдеқайда жоғары болды: бірінші жартыжылдықта ол 98,4 млрд теңгеге артып, 478,2 млрд теңгеге жетті.

Негізгі өсім ерікті жеке сақтандыру өнімдері есебінен қамтамасыз етілді. Әсіресе зейнетақы аннуитеттері айтарлықтай артты (+48,0 млрд теңге). Бұған бірлескен аннуитеттің енгізілуі, жекелеген санаттар үшін қолжетімділіктің кеңеюі, ЕПВ бойынша аударымдардың 30%-ға өсуі және БЖЗҚ салымшыларымен жасалған шарттардың екі есе көбеюі (+109,3%) ықпал етті. Сондай-ақ өмірді сақтандыру сегменті де (+24,3 млрд теңге) несиелік сақтандыру және өнімді белсенді ілгерілету есебінен өсті.

«Біздің басты жетістіктеріміздің бірі – аннуитеттік өнімдерге басымдық беру. Қазақстан алғашқы болып Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында субсидияланған өмірді сақтандыру өнімін енгізді. Біз „Келешек“ өнімін іске қостық. Елде зейнетақы аннуитеттеріне де жоғары сұраныс бар. Осылайша, кез келген жастағы және табыстағы азамат өзіне қолайлы өнімді таңдай алады. Шілде айында барлық жинақтаушы сақтандыру өнімдеріне кепілдік беру жүйесін кеңейтетін заң қабылданды», – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова.

Сақтандыру төлемдері де өсім көрсетті – +26,3% немесе 13,5 млрд теңгеге артып, 65,1 млрд теңгеге жетті. Негізгі үлесті аннуитеттік сақтандыру (+9,4 млрд теңге) мен өмірді сақтандыру (+1,8 млрд теңге) қамтамасыз етті. Бұл – бизнестің кеңеюінің табиғи нәтижесі.

«Қазақстан заңнамасының прогрессивтілігін атап өткім келеді. Сіздерде зейнетақы жарналары міндетті, бұл қалыпты жағдай. Бұдан бөлек, салықтық ынталандырулар бар. Мысалы, Данияда салық өте жоғары, сондықтан зейнетақы аннуитеттері салық жүктемесін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді», – деді Ярл Курэ, Данияның қаржылық қадағалау агенттігінің арнайы кеңесшісі.

Болашақ жоспарлар

Өмірді сақтандыру нарығындағы сұраныс әлеуетті клиенттердің ауқымын кеңейту есебінен өсіп келеді. Бұған полистерді рәсімдеуді жеңілдететін цифрлық технологиялар, сондай-ақ банктер мен жұмыс берушілермен серіктестік бағдарламалар ықпал етуде. Компаниялар жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар сияқты жаңа сегменттерге шығып, икемді тарифтер мен бейімделген өнімдерді ұсынуда.

«Өмірді сақтандыру компанияларының басты бағыты – өнімдерді цифрландыру. Бұл клиенттер үшін оларды барынша ыңғайлы әрі қолжетімді етеді. Біз полисті бірнеше минутта онлайн рәсімдеуге және төлем процесін жеңілдетуге мүмкіндік беретін инновацияларды белсенді енгізудеміз. Nomad Life-та біз клиенттердің қаржылық болашағын қорғауға арналған қарапайым, жедел әрі сенімді сервисті құруға ұмтыламыз», – деді Ерлан Камбетбаев, КСЖ Nomad Life басқарма төрағасы.

Форум қатысушыларының пікірінше, өмірді сақтандыруға деген сұраныс жаппай сегментке қарай ауысып жатыр. Бұл жеке тұлғалармен жасалған шарттардың көбеюінен көрінеді. Бұл құбылыс өмірді сақтандырудың халықты қамту деңгейін кеңейтіп, оны қаржылық қорғау, ұзақмерзімді жоспарлау және лайықты қарттыққа дайындық құралы ретінде нығайтып келе жатқанын көрсетеді.

Фото ашық дереккөздерден алынды

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз
Қартаюмен байланысты кейбір жасушаларды қалпына келтіруге болады
Қартаюмен байланысты кейбір жасушаларды қалпына келтіруге болады

Бір жасушалы организмдердің геномикасы және Р...

Қазақстанда сақтандыру маркет-плейстері құрылады
Қазақстанда сақтандыру маркет-плейстері құрылады

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу ж...

Halyk Finance инфляцияны жыл соңына қарай 7.3% деңгейінде болжайды
Halyk Finance инфляцияны жыл соңына қарай 7.3% деңгейінде болжайды

Шілде айында инфляция 7%-дан 7.1%-ға дейін жылдам...

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру