2024 жылдың қорытындысы бойынша өмірді сақтандыру бойынша сыйлықақылар көлемі 834,8 млрд теңгеге жетті. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен (75,5 млрд теңге) 11 есе көп. Соңғы бір жылда сектор 84,4% өсті. 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында да оң динамика сақталды: сыйлықақылар 670,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15,6% артты.
Өсімнің негізгі драйвері — зейнетақы аннуитеттерін сақтандыру. 2025 жылдың 9 айында сектордағы барлық түсімдердің 49%-ы (328,6 млрд теңге) осы сегментке тиесілі болды. Классикалық өмірді сақтандыру 224,5 млрд теңге, ал қызметкерлерді жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру 110,9 млрд теңге жинады.
Айтарлықтай өсімге қарамастан, 2024 жылдың қорытындысы бойынша өмірді сақтандыру сыйлықақыларының ЖІӨ-дегі үлесі небәрі 0,61% болды. Салыстырып айтсақ: дамыған Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 5%-дан асады, әлемдік орташа деңгей — 3,1%, ал ЭЫДҰ елдерінде 3–4% шамасында.
«Мұндай айырмашылық халықтың қаржылық мәдениетінің төмендігін, сақтандыру компанияларына сенімнің әлсіздігін және қаржы нарығының жеткілікті әртараптандырылмағанын көрсетеді», — дейді сарапшылар. Қазақстандық нарық кеңінен таралған халықтық сұранысқа емес, корпоративтік бағдарламалар мен зейнетақы аннуитеттеріне тәуелді болып отыр.
Тағы бір мәселе — нарықтың жоғары шоғырлануы. Сектордағы барлық сыйлықақылардың 77,2%-ы үш ірі компанияның үлесінде. Ал классикалық өмірді сақтандыру сегментінде бұл көрсеткіш 88,1%-ға жетіп, бәсекелестік ортаның әлсіздігін көрсетеді.
Осылайша, ресми өсімге қарамастан, Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығы халықаралық даму стандарттарына жету және халықтың ұзақмерзімді сақтандыру өнімдеріне қатысуын арттыру жолында әлі де үлкен жұмыс атқаруы қажет.
Дереккөз: finprom.kz
Фото: ашық дереккөздерден


