І тоқсанның қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану деңгейі (1000 жұмысшыға шаққанда жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициенті) 0,04 құрады.
Жарақаттанудың жоғары деңгейі елдің өнеркәсіптік аймақтарында сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында 31 адам, Қостанай облысында – 27, Шығыс Қазақстан облысында-24, Ақтөбе облысында – 22, Атырау облысында – 22, Алматы қаласында – 19 адам зардап шекті.
Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 15,3% және құрылыс саласында – 12% байқалады.
Жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептер: жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру (34,4%); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (32%); автожол жүрісі қағидаларын бұзу (8,4%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу (7,6%) болды.
Естеріңізге сала кетейік, Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту Үкімет пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Соңғы бес жылда еңбекті қорғау саласында мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер қабылдаған кешенді шаралар Өндірістік жарақаттану деңгейін 6,3% - ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорны Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.
2019 жылдан бастап Еңбекмині "Нөлдік жарақат – Vision Zero" тұжырымдамасын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда оған 605 кәсіпорын қосылды.
Құрылыс объектілерінде бас мердігердің объектідегі еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша барлық қосалқы мердігерлерге жауапкершілігі мен бақылауын көздейтін бақылаудың тік моделін енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл бақылау моделін республиканың 318 кәсіпорны енгізді.
Бұдан басқа, жұмыс берушілерге еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуге мүмкіндік беретін "Онлайн еңбек консультанты" электрондық сервисі іске қосылды. Сервис іске қосылған сәттен бастап оны 41 090 жұмыс беруші пайдаланды.
Қазақстан Республикасының 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда, ол 4 негізгі бағытты көздейді. Бұл тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттіліктер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру. Тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақаттану мен кәсіптік сырқаттанушылық деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады.
Ашық дереккөзден алынған сурет