Кездесу қатысушылары бірінші жартыжылдықтың қорытындысын және биылғы жылы сақтандыру компаниялары тап болған сын қатерлерді талқылады. Сақтандыру секторы қаржылық тұрақтылықты сақтағаны атап өтілді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінде сектордың төлем қабілеттілігінің нормативі сыртқы күйзелістердің әсерімен 2022 жылдың басымен салыстырғанда азайғанымен, 1 деген ең төменгі мәнінде 4,6 құрады.
Сақтандыру ұйымдарының активтері 2022 жылдың 6 айында 7,7%-ға өсіп, 1 шілдеде 2,0 трлн теңгені құрады, ал сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 6%-ға өсіп, 395 млрд теңгені құрады.
Кездесу барысында нарыққа енгізілетін жаңалықтар талқыланды. Мысалы, жақында Қазақстан Президенті жаңа сақтандыру өнімдерін енгізу, көрсетілетін қызметтерді одан әрі цифрландыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау сапасын арттыру және қолданыстағы заңнаманы үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес келтіру арқылы сақтандыру нарығын одан әрі дамыту үшін жағдай жасайтын заңға қол қойды.
Атап айтқанда, келесілер көзделеді:
барлық міндетті және әлеуметтік маңызы бар сыныптарды кепілдік берілген сақтандыру сыныптарының тізбесіне енгізу;
сақтандыру омбудсманының мәртебесін көтеру;
әлеуметтік маңызы бар өмірді сақтандыру өнімдерін енгізу;
азаматтарға зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша ақшаны БЖЗҚ-ға ішінара қайтару мүмкіндігін беру;
сақтандыру жағдайларын онлайн реттеуді енгізу;
сақтандыру төлемдерін рәсімдеуді жеңілдететін Еурохаттаманы енгізу;
автокөлікті міндетті сақтандыруда икемді тарифтеуге көшу.
Заң нормаларын іске асыру саланың техникалық инфрақұрылымын жақсарту және тиісті бағдарламалық-техникалық құралдарды әзірлеу бөлігінде осы және келесі жылы дайындық жұмыстарын жүргізуді талап етеді.
Сақтандыру саласы туралы заң нормаларын іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек және қазан айларында қабылдау жоспарланған 15 нормативтік құқықтық акт дайындалды.
Фото ашық дереккөздерден алынған