Полистің географиялық қамту аумағына ерекше назар аудару қажет: егер сақтандыру жағдайы сақтандыру әрекет етпейтін елде немесе аймақта (көбіне әскери қақтығыс аймақтары) орын алса, төлем жасалмайды. Сондықтан шартқа қол қоймас бұрын барлық алып тастауларды мұқият зерделеп, сауалнамада ақпаратты адал көрсету аса маңызды.
«Көбіне сұрақтар үш жағдай бойынша туындайды. Біріншісі — қауіпті немесе экстремалды спорт түрлерімен айналысу, егер олар рәсімдеу кезінде көрсетілмесе.
Екіншісі — клиент білген, бірақ сауалнамада хабарламаған созылмалы аурулардың асқынуы.
Үшіншісі — ережелерде тікелей көрсетілген жағдайда алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде болған кездегі сақтандыру оқиғалары. Алып тастаулар тізімі әрдайым шартта немесе сақтандыру ережелерінде, әдетте «Алып тастаулар» немесе «Сақтандырушының жауапкершілігін шектеу» бөлімінде көрсетіледі», — деп түсіндіреді Nomad Life компаниясында.
Өмірді сақтандыруда алып тастаулар — бұл «тұзақ» емес, бастапқыда сақтандыру тәуекелі ретінде қабылданбаған, алдын ала сипатталған жағдайлар. Расында да, жиі кездесетін әрі даулы жағдайлар бар.
«Индексациясы бар өмірді сақтандыру бағдарламасы аясында да, басқа бағдарламалардағыдай, сақтандыру жағдайларынан алып тастаулар туралы тармақ бар. Онда сақтандыру компаниясы нақты қандай жағдайларда төлемнен бас тарта алатыны көрсетіледі. Біріншіден, егер шарт жасасу кезінде немесе сақтандыру жағдайы туралы өтініш бергенде клиент әдейі жалған мәлімет ұсынса. Бұл денсаулық жағдайына, оқиға мән-жайына немесе ережелер бойынша міндетті түрде ашылуы тиіс өзге де деректерге қатысты болуы мүмкін. Маңыздысы — әңгіме қасақана жалған ақпарат туралы болып отыр, және бас тарту растайтын құжаттар болған жағдайда мүмкін», — деп атап өтті Талгат Дуйсебаев.
Екіншіден, егер клиент сақтандыру жағдайының мән-жайын тексеруге кедергі келтірсе — мысалы, қажетті құжаттарды ұсынбаса немесе болған оқиғаның фактілерін анықтауға мүмкіндік бермесе, бас тарту мүмкін. Бұл жағдайда да шешім құжат жүзінде негізделуі тиіс.
Сонымен қатар, жалған мәлімет беру себебімен бас тартылған күннің өзінде шарт толық «жойылып кетпейді». Егер бағдарлама талаптарында көзделсе, клиент немесе оның мұрагерлері (сақтандырылған тұлға қайтыс болған жағдайда) шарт талаптарына сәйкес есептелген жинақтың бір бөлігін — сатып алу сомасын алуға құқылы.
Назар аударыңыз: сауалнама!
Өмірді сақтандыру кезінде сауалнаманы толтыру — болашақ шарттың жарамдылығы мен төлем алу құқығына тікелей әсер ететін маңызды кезең. Сауалнамада денсаулықтың қазіргі жағдайы, аурулар тарихы, өмір салты, зиянды әдеттер және кәсіби қызмет туралы сұрақтар қамтылады.
«Осы сауалнама негізінде тәуекелдер бағаланып, жинақтаушы өмірді сақтандыру шартын жасасу мүмкіндігі туралы шешім қабылданады. Денсаулық туралы мәліметтерді қасақана жасыру сақтандыру төлемінен толық немесе ішінара бас тартуға негіз бола алады, өйткені клиент денсаулық жағдайы, сақтандыру тәуекелі және оның салдары туралы әдейі жалған ақпарат береді», — деп нақтылайды Куаныш Мукажанов.
Сақтандыруға өтініште көрсетілген ақпарат сақтандыру тарифін айқындауда шешуші рөл атқарады. Толық ақпарат ұсынбау (жиі кездеседі) немесе әдейі жалған ақпарат беру (сирек кездеседі) төлем мөлшерін азайтуға немесе мүлде бас тартуға негіз болуы мүмкін.
«Денсаулық туралы декларация (сауалнама) — өте маңызды заңды құжат, ал “ұсақ-түйекті жасыра салу” — кең тараған, бірақ қауіпті иллюзия. Оған қол қоя отырып, клиент: мәліметтердің толық әрі шынайы екенін растайды; сақтандыру компаниясы тәуекелді есептеу кезінде осы деректерге сүйенетінімен келіседі; ақпарат дұрыс болмаған жағдайда салдарын қабылдайды. Заң тұрғысынан бұл жай ғана “белгі үшін” толтырылатын сауалнама емес, төлем жасау немесе одан бас тарту үшін негіз болып табылады», — деп атап өтеді Halyk-Life компаниясы.
Мұқият оқыңыз!
Өмірді сақтандыру полисін сатып аларда, ең алдымен, нақты қорғаныс көлемін айқындайтын бөлімдерге назар аудару қажет. Алдымен Сақтандыру сомасын және оны төлеу тәртібін зерделеңіз — бұл сіздің қорғанысыңыздың негізі. Одан кейін Сақтандыру жағдайларының тізімін мұқият қарап шығыңыз: полис тек өлім жағдайын ғана қамти ма, әлде ауыр сырқаттар, мүгедектік, жазатайым оқиғалар да енгізілген бе — соны нақтылаңыз.
Келесі қадам — Алып тастаулар бөлімін талдау. Міндетті түрде жарналарды төлеу шарттары мен мерзімдерін (мерзімділігі, кешіктіру салдары) және шартты бұзу ережелерін (мысалы, төленген жарналардың бір бөлігі қайтарыла ма) тексеріңіз.
«Сақтандыру шартын жасасуға барынша жауапкершілікпен қарауға кеңес береміз. Отбасының қаржылық болашағын жоспарлау — шартты “жүре сала” қол қоятын жағдай емес. Ең дұрысы — шартты сақтандыру менеджерімен бірге мұқият қарап шығып, барлық талаптар түсінікті болған кезде ғана қол қою», — дейді Рамай Курбангалиев.
Сондай-ақ полистің қолданылу мерзімі және оны ұзарту мүмкіндігі, бенефициарларға сақтандыру сомасын төлеу кестесі мен мөлшері, сондай-ақ күту кезеңінің (мысалы, онкологиялық жағдайларға қатысты) бар-жоғына назар аударыңыз. Агенттен немесе компаниядан осы тармақтардың әрқайсысы бойынша нақты, жазбаша түсіндірме алмайынша шартқа қол қоймаңыз.
Фото ашық дереккөздерден.


