bs-preloader__icon
ru kz en

Зейнетақы жүйесі өзін-өзі ақтады ма?

Қадыржан Дамитов Капитал.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстанның зейнетақы жүйесі және 20 жыл ішіндегі аралық нәтижелері туралы баяндап берді.
Зейнетақы жүйесі өзін-өзі ақтады ма?

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне – 20 жыл болды. 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін реформалау тұжырымдамасы», содан кейін «ҚР-да зейнетақы қамсыздандыру туралы» заңы сарапшылар қауымдастығында қызу талқыларды тудырды. Көптеген қазақстандықтар кейін болашақта жалақысынан бөліп шығаруға мемлекет міндеттеген қаражат есебінен лайықты зейнетақыны алатынына сенбеді. Дегенмен Қазақстан ортақтас жүйеден жинақтаушы компонентке негізделген зейнетақымен қамсыздандырудың аралас үлгісіне ауысу шешімін қабылдады. Посткеңестік кеңістікте республикалардың ішінен алғашқы болып осы қадамды жасады. Содан бері республикада көп деңгейлі зейнетақы жүйесі әрекет етеді: ортақтас компонент, міндетті жинақтаушы бөлік және ерікті жарналар. Зейнетақы реформасы дамуының және жетістіктерінің негізгі кезеңдері туралы «Капитал.kz» сайтына берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы (1998-1999 жж.), қазіргі кезде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ тәуелсіз директоры – директорлар кеңесінің мүшесі Қадыржан Дамитов баяндап берді.

— Қадыржан Кабдошевич, неге ТМД елдері арасынан Қазақстан бірінші болып зейнетақы реформасын өткізді? Бұл шешімге қандай факторлар әсер етті?

— Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін республикада Қеңес Одағынан мұра етіп қалған ортақтас немесе таратушы зейнетақы жүйесі қолданылды. Мұндай жүйенің басты қағидасы – жұмыс істейтін халық зейнеткерлерді қамсыздандыратын ұрпақтардың ортақтастығы. Әлемде едәуір өзекті әлеуметтік мәселенің бірі қоғамның қартаюы болып табылады. Ол жұмыс істейтін азаматтар мен зейнеткерлердің арақатынасының азаюына әкеліп соғады. Бұл өз кезегінде ортақтас зейнетақы жүйелері аясында түсімдер мен төлемдер арасында теңгерімсіздікке әкеліп соғады. Сондықтан көптеген елдер таратушы жүйеден жинақтаушы немесе аралас зейнетақы жүйелеріне ауысуды жүзеге асырады. Қазақстан да солардың қатарына жатады.

Оның үстіне біздің елімізде зейнетақы реформасы макроэкономикалық жағдаймен шартасқан болатын. 90-шы жылдарда барлық экономикалық және демографиялық көрсеткіштер нашарлағанын есіңізге түсіріңіз. Республикада аса қажетті азық-түліктің тапшылығы орын алды, көптеген кәсіпорындар және өндірістік орындар жабылды, адамдар жалақыларын айлап ала алмай жүрді, жұмыссыз қалғандардың саны артты, зейнетақы да уақтылы берілмеді. 1992 ж. елімізде гиперинфляция орын алды, ол ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің мәліметтері бойынша 2960,8% құрады. Оны тек 1995 жылға қарай төмендетуге мүмкіндік туды, ол кезде 60,3%-ды құрады.

Таратушы зейнетақы жүйесі сол кездегі еліміздің экономикасы мен бюджетіне үлкен жүктеменің салдарынан көптеген зейнеткерлердің минималды қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмай қалды. Сондай-ақ, мынадай демографиялық ерекшелік орын алды: соғыстан кейінгі жылдарда туу көрсеткіші күрт көтерілді. Ал 90-шы жылдарда бұрынғы КСРО республикаларының көбінде, оның ішінде Қазақстанда да бұл көрсеткіш төмендеді, зейнеткерлер саны болса, арта түсті. Кейіннен егер зейнетақы жүйесіндегі жағдай бұрынғыша қалатын болса, бізді үлкен әлеуметтік күйзеліс күтетін еді. Бұның барлығы қолданыстағы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін өзгерту қажеттілігін тудырды.

— Неліктен Чилидің үлгісі таңдалды?

— Әлемде зейнетақымен қамсыздандырудың екі үлгісі ғана бар: таратушы, ол туралы жоғарыда айтқан болатынмын, және жинақтаушы. Түрлі елдерде экономикалық немесе тарихи факторларға байланысты бірінші немесе екінші түрі немесе зейнетақы жүйелерінің аралас түрі қызмет етеді.

Жас егеменді Қазақстанның зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінде пайда болған бір қатар мәселелерді шешу үшін Чилидің, Сингапурдың, Швейцарияның жинақтаушы зейнетақы жүйелерінің шетелдік тәжірибесі зерттелді. Шын мәнінде жинақтаушы компонент Гонконг, Малайзия, Австралия, Дания, Перу, Мексика, Уругвай, Колумбия және т.б. сияқты әлемнің көптеген елдерінің зейнетақы жүйелерінде бар.

Қазақстандық зейнетақы жүйесі чилиялық деп аталып кетті, өйткені оны енгізген кезде ұқсас сипаттамалары байқалды: тіркелген мөлшерде зейнетақы жарналарфның міндеттілігі – қызметкердің табысынан 10%, жеке зейнетақы қорлары нарығының болуы, сонымен қатар зейнетақы активтерін басқару стратегиясын таңдау мүмкіндігі. Бүгінгі таңда бір қатар маңызды ерекшеліктер бар. Мысалы, Чилиде зейнетақымен қамсыздандыурдың қазақстандық үлгісіне тән қорланымды сақтау бойынша мемлекеттік кепілдігі жоқ. Сонымен қатар мемлекет біздің еліміздің зейнетақы жасына жеткен барлық азаматтары үшін базалық зейнетақы төлемін төлейді.

— Қадыржан Кабдошевич, жинақтаушы компоненттің негізгі мәні неде?

— Жинақтаушы компоненттің басты қағидасы болашақ зейнетақының кейінгі тағдыры үшін азаматтардың жауапкершілігінен тұрады: «қанша ақша таптың және жинадың – сонша зейнетақы аласың». Жинақтаушы компонентте белгілі бөлігі – инвестициялық құрамдас бөлігі: келіп түсетін жарналар қаржы нарықтарында инвестицияланады және табыс алып келеді. Бұл ретте қор нарығы отандық экономика салаларының дамуын түрлі қаржы құралдары арқылы қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді капиталға қол жеткізеді.

Қазақстандағы зейнетақы реформасы қазіргі таңда жұмыс істейтін азматтар аударған және аударып отыратын жарналар әрбір қазақстандықтың жеке зейнетақы шотына түсетіндей етіп ойластырылған және іске асырылған. Демек адамдар болашақта зейнетақы төлемдерін өзінің еңбек өтілі мен табыстарына сәйкес алуы керек. Бұл орайда реформаны өткізу кезеңінде 1998 жылда азаматтардың жеке зейнетақы қорланымдары болмағандықтан, зейнетақыны төлеу бойынша міндеттемелер ортақтас компонент есебінен мемлекетке қалдырылды. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде жартыжылдық еңбек өтілі бар азаматтар туралы айтып отырмыз.

Ол кезде халық зейнетақы реформасын қалай қабылдады? Ол бірнеше жыл бойы қызмет еткен 14 жинақтаушы зейнетақы қорынан біреуін таңдауда қиналмады ма екен?

— «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңы 1998 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді. Дәл осы күн тәуелсіз Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің туған күні болып есептелінеді. Зейнетақы қызметтері нарығында алғашқы қатысушысы Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры (МЖЗҚ) болды. Ол 1997 жылғы қыркүйек айында құрылды, ал 1998 жылғы 19 қаңтарда МЖЗҚ-ға алғашқы міндетті зейнетақы жарнасы түсті. Содан кейін жеке жинақтаушы зейнетақы қорлары да құрылды, алайда біріншілік бірнеше жылдар бойы Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорында қалды. Сондықтан халықта сол жылдарда таңдау да болмады десек болады, МЖЗҚ 2003 жылға дейін жалғыз қор болған. Енді әрбір азамат өз бетінше өзінің зейнетақысына ақша жинайда деген түсінік бірден қалыптасты деп айтуға болмайды. Көбісі міндетті жарналарға салық ретінде қараған еді. Өкінішке орай, зейнетақы реформасын енгізілген алғашқы жылдары, сонымен қатар қазіргі таңда жүргізілген үлкен түсіндіру жұмысына қарамастан, көптеген адамдар әлі де солай ойлауда.

— Жеке жинақтаушы зейнетақы қорларының бірігуі, сіздің ойыңызша, қаншалықты қажетті және мақсатты болды?

— Жеке жинақтаушы зейнетақы қорларының пайда болуымен азаматтарда өз қорланымын кімге сеніп тапсыру керек деген таңдау пайда болды. Қазақстанның зейнетақы нарығындағы бәсекелестік оң әсер бергенімен, уақыт өте келе жеке ЖЗҚ осал жерлері айқындала бастады. Қайта-қайта «дұрыс емес» бәсекелестік айқындалып, қорлар жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жаңа клиенттерді шақырмай, бір-бірінен тартып алуды бастады.

Жеке зейнетақы қорлары көбінесе жоғары табысқа қол жеткіземін деп, тәуекелді құралдарға ақша салып, шығынға бататын болды. ЖЗҚ басқыншылық инвестициялық саясаты және ел экономикасында орын алған дағдарыс шығынға әкеліп соқтырды, бұл зиянды салымшылар – өз қорланымына кірісті ала алмай қалған қарапайым халық шекті. Бұның барлығы, өкінішке орай, жеке қорлардың сенімін жойып қана қоймай, халықтың жалпы зейнетақы жүйесіне сенімсіздігін тудырды. Бұл орайда, өз пікірімді білдіре отырып, бәлкім, жеке зейнетақы қорларына қойылатын талаптарды көтеру керек еді, нарықта ең мықты және айқын қорларды қалдырып, ал корпоративтік басқарудың адекватты емес деңгейі болған қорларды жауып, олардың акционерлері болса проблемалық активтер бойынша шығындарды өтеу керек еді.

— Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылуы және активтерді «бір қолға» тапсырылуы қандай нәтиже берді?

— 2013 жылы МЖЗҚ негізінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды, оған жеке жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері мен міндеттемелері тапсырылды. Нәтижесінде – салымшылардың бір қордан екінші қорға ауысуы тоқтатылды, және инфляцияны ескере отырып, зейнетақы жарналары сақталуының мемлекеттік кепілдігі қисынды әрекетке айналды. Енді мемлекет, оның атынан БЖЗҚ-ның жалғыз акционері ретінде үкімет және инвестициялық басқарушы ретінде Ұлттық Банк зейнетақы капиталының сақталуына жауап береді. Сондай-ақ БЖЗҚ-ның құрылуы операциялық және әкімшілік шығындарды қысқартуға мүмкіндік берді. Комиссиялық сыйақылардың деңгейі жеке қорлар өндіріп алатын комиссиялармен салыстырғанда, едәуір төмендетілді. Сонымен қатар үлестес тұлғалармен көрінеу залалды мәмілелерді жасау тәуекелі де жойылды.

Қазіргі таңда салымшылардың бірыңғай базасы құрылып, БЖЗҚ қаржылық құралдар портфелі сауықтырылғаннан кейін тағы да зейнетақы нарығына зейнетақы активтері басқару жөніндегі компанияларды (ЗАБК) түрінде бірнеше ойыншыны шығару туралы мәселе қарастырылуда, бірақ бір мәнді шешім әлі қабылданбады. Бұл орайда БЖЗҚ барлық қаржылық ағындардың бірыңғай операторы және әкімдігі болып қалады. Осылайша, зейнетақы қорланымдарға мемлекеттік бақылау да сақталады.

— Зейнетақы реформасы міндеттерінің бірі Қазақстанда қор нарығын дамытудың негіздерін қалау болып табылды. Бұл міндет шешімін тапты ма, Сіз қалай ойлайсыз?

— Жинақтаушы зейнетақы қорлары қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздардың негізгі сатып алушылары болған ұзақ мерзімді институционалды инвесторларға айналды. Дәл осы жағдай 2000-шы жылдардың басындағы дамуы мен экономикалық өрлеуге түрткі берді. Зейнетақы қорларының «Халық IPO» бағдарламасына белсенді қатысуын атап кету жөн, бұл Қазақстанның қор нарығының дамуына игі ықпал еткені, сөзсіз. Алайда әлемдік, сол сияқты отандық қаржы нарықтарында кейінгі дағдарыс сәттері эмитент-компанияларының жағдайына, зейнетақы қорларының табыстылығына да кері әсер етіп, оның инвестициялық басқаруы түпкі нәтижесінде тиімсіз деп танылды.

Листингтік компания болып табылған жеке ЖЗҚ-ның нарықтан шығуымен биржа мүшелерінің саны да азайды. Бүгінгі таңда барлық қаржы ағындары БЖЗҚ-да жалғыз ірі инвесторда жинақталды. Осыған байланысты зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша шешімдерді қабылдау тәртібі де өзгерді. Нақты айтқанда, 2016 жылы зейнетақы зейнетақы активтерін инвестициялаудың стратегиялық бағыттарын анықтайтын органы ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес болып табылды. Инвестициялық декларация Ұлттық Банктің Басқармасымен, ал рұқсат етілген қаржылық құралдардың тізімі – Қазақстан Үкіметімен бекітіледі.

Осы барлық үрдістер және осы толық емес тізім, ең алдымен, халықтың зейнетақы қорланымын сақталуына бағытталады. Зейнетақы активтерін басқару саясаты орташа сақтанымпаз болды. Осы кезең ішінде зейнетақы активтерін басқарудың сапасы көтеріліп, тәуекелді құралдардың үлесі төмендеді, инфляциямен салыстырғанда зейнетақы активтерінің табыстылығы артты. Сол уақытта ішкі қор нарығында белсенділіктің бірте-бірте төмендеуі де орын алды. Бұл тиісті рейтингтері жоқ нарық қатысушыларына зейнетақы активтеріне қол жеткізуді шектеумен байланысты. Алдында мен айтқанымдай, қазір зейнетақы нарығының құрылымына зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияларды енгізу бойынша ұсыныстар әзірленеді, олар, менің ойымша, қор нарығының жалпы дамуына жаңа түрткі бере алады.

— Кадыржан Кабдошевич, Сіз реформа өткізілгеннен кейін 20 жылдан соң бүгінгі таңда Қазақстанның зейнетақы жүйесінің жағдайын қалай бағалар едіңіз? Қойылған мақсаттарға қол жеткізе алдық па?

— Жүйенің жағдайын бағалау әлі ерте, 20 жылдан астам уақыт өту керек. Кем дегенде тағы 20 жыл қажет. Кез келген жүйенің тиімділігін бағалау және 20 жыл бұрын қойылған мақсаттарға қол жеткізілгені туралы сұраққа нақты жауап беру үшін кемінде бір толық цикл өту керек. Егер қазіргі таңда аралық нәтижелер туралы айтатын болсақ, көп деңгейлі зейнетақы жүйесі табысты түрде қызмет ететіндігі және жасалған таңдаудың дұрыстығын растағандығын атап кету жөн.

Әділ зейнетақы жүйесін құрудан басқа реформа бір қатар экономикалық міндеттерді, оның ішінде мемлекеттік бюджетке жүктемені төмендету міндетін шешу керек еді. Осы мақсатқа жинақтаушы зейнетақы жүйесі қол жеткізе алды. Сондықтан бүгінгі таңда қолданылып жүрген зейнетақы үлгісінен бас тартудың қажеті жоқ. Өйткені оның принциптері әділ болып табылады. Оның үстіне қазақстандықтар болашақ зейнетақысы олардың өздеріне байланысты екенін бірте-бірте түсіне бастады. Сонымен қатар қазір зейнетақы активтерін инвестициялаудан табыстылық байқалуда, бұл қорланымдардың ұлғаюына оң әсер етеді.

Дереккөзі: https://kapital.kz/finance/72387/opravdala-li-sebya-pensionnaya-reforma.html

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз
Өмірді сақтандыру өмірдің қиын жағдайларында ғана емес қажет
Өмірді сақтандыру өмірдің қиын жағдайларында ғана емес қажет

РФ-дағы өмірді сақтандыру нарығы ипотекалық қ...

Корпоративтік өмірді сақтандыру бизнес иелеріне қалай көмектеседі
Корпоративтік өмірді сақтандыру бизнес иелеріне қалай көмектеседі

Соңғы бірнеше жылда экономикалық тұрақсыздық ...

Өмірді сақтандырушылар нарықтағы жағдайды қайта бағалауда
Өмірді сақтандырушылар нарықтағы жағдайды қайта бағалауда

Өмірді сақтандыру нарығының көшбасшылары сал...

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру