bs-preloader__icon
ru kz en

Балаларға дұрыс үнемдеуді қалай үйретуге болады?

Ақша біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болып табылады. Біз күн сайын ақша жұмсаймыз, сауда мен қызмет үшін төлем жасаймыз, ақшаның көмегімен өз армандарымызды жүзеге асыруға тырысамыз. Міне, сондықтан, балаларға ерте кезден бастап ақшаны дұрыс пайдалануды үйретудің маңызы зор, деп хабарлайды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайты.
Балаларға дұрыс үнемдеуді қалай үйретуге болады?

Балаларға қанша жастан бастап ақша пайдалануды үйрете бастау керек?

Балалардың ақшамен таныстығын ойын түрінде бастаңыз. Бала 3-4 жаста болғанда одан ақшаны түсі әртүрлі кеселерге салуды өтініп, түрлі монеталарды тануды үйретуге болады: мысалы, бала номиналы 100 теңге болатын монеталарды қызыл кесеге, номиналы 50 теңге болатын монеталарды – сары, ал 20 теңгелік монеталарды – жасыл кесеге салсын. Сондай-ақ, қызыл кеседегі ақшаға ойыншық, жасыл кеседегі ақшаға балмұздақ сатып алуға болатынын түсіндіру керек.

Тағы бір нұсқа – монеталарды іздейтін ойын ойнау. Әртүрлі монеталарды қағазға қойып, қаламмен айналдыра сызыңыз, сонда шеңберлер пайда болады. Содан кейін монеталарды араластырып, балаға оларды тиісті мөлшердегі шеңберге қоюға мүмкіндік беріңіз. Және қандай шеңберде құндылығы төмен және жоғары монеталардың бар екенін түсіндіріңіз.

Баламен дүкен ойынын ойнаңыз. Үстелдің үстіне әртүрлі тауарларды қойып, олардың бағаларын жабыстырып қойыңыз, содан кейін кімнің сатып алушы, ал кімнің сатушы болатынын шешіп алыңыздар. Қаласаңыз, кішігірім ойыншық касса немесе ойыншық ақша (теңге, еуро және доллар) сатып алсаңыз болады.

Балаға қай жасынан бастап күнделікті жұмсайтын ақша беруге болады?

Көптеген қаржы сарапшылары балаға күнделікті жұмсау үшін ақшаны 6-8 жасынан бастап беруге кеңес береді. Балаға дүкеннен өзіне сауда жасауды үйретіңіз. Бәрімізге белгілі, балалар ерте жастан бастап үлкен адамдарды мұқият қадағалап жүреді, үлкендердің түрлі заттарға, оның ішінде ақшаға деген қарым-қатынасын қайталайды. Сондықтан ақшаны дұрыс пайдалануды оларға іс жүзінде көрсеткен дұрыс. Баламен дүкенге барған уақытта оның тауарлардың құнына мән беруін байқаңыз. Уақыт өте келе балаға өздігінен дүкеннен сауда жасауды үйретіңіз. Баланың таңдаған затын салыстырыңыз, бірақ сынамаңыз. Отбасы бюджетін дұрыс жұмсағаны үшін баланы міндетті түрде мақтаңыз.

Балаға болашақта сатып алатын бірнеше затты таңдауға мүмкіндік беріңіз. Қажет соманы жинау үшін қанша уақыт керек екенін бағалауына көмектесіңіз. Осы мақсатқа жету үшін бала әр аптада немесе айда белгілі бір конвертке ақша салып жүрсін. Соңында, осындай пайдалы әдет қалыптастыру мақсатында баланың қалаған затын әперудің маңызы өте зор.

Балаға берілген ақша оның жеке иелігінде қалсын. Дегенмен, оның өз қаржысын қалай жұмсайтыны: белгілі бір затты қазір сатып алатыны не қомақты нәрсе алу үшін өз ақшасын әрі қарай жинайтыны туралы әңгімелесуге болады.

Орта мектеп жасындағы балаларға (10-14 жас) отбасылық бюджетті қалай жұмсау керек екендігін түсіндірген жөн, оларды тікелей үй бухгалтериясына араластырған абзал. Таза параққа жалпы отбасылық кірісті бір цифрмен жазыңыз, содан кейін осы сомадан пәтер шығындарын, отбасындағы қарыз немесе кредит сомасын алып тастаңыз. Әрі қарай қалған сомадан азық-түлік шығындарын, қажетті киім-кешектер сатып алуды, ұялы байланыс ақысын, қоғамдық көлікті және автомобильге кететін бензинді алып тастау қажет. Егер қандай да бір мерекелер немесе туған күндер жақындап қалса, сыйлықтар сатып алу үшін оған да белгілі бір соманы бөліңіз.

Балаңызға, мысалы, барлық отбасы мүшелеріне жаңа жылдық сыйлықтар сатып алу үшін белгілі бір соманы беріңіз. Осылайша, сіз баланы бюджетті дұрыс құра білуге үйрете аласыз. Балаға бюджеттің бір бөлімін басқаруға беру арқылы, оның жауапкершілігін арттырасыз, осылайша ол бюджетті есептеуді үйренуге мүмкіндік алады.

Сурет ашық дереккөздерден

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз
Еуропадағы жинақтаушы сақтандыру: 10 отбасының 9-ы сақтандырылған
Еуропадағы жинақтаушы сақтандыру: 10 отбасының 9-ы сақтандырылған

Жиі бір адамда әртүрлі қорғау жүйелері мен жин...

Сақтандыру нарығын реттеуде не өзгереді
Сақтандыру нарығын реттеуде не өзгереді

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ...

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру