Зиянкестер бос уақытты және балалардың цифрлық ортада белсенділігінің артуын пайдаланып, жалған мобильді ойындарды, тауарлар мен қызметтерді ұсынады, оңай табыс немесе сыйлықтар уәде етеді.
Осы кезеңде балалар алаяқтардың қаржылық ақпарат пен ата-анасының қаражатына қол жеткізуге бағытталған әрекеттеріне жиі тап болуы мүмкін. Білімнің жетіспеуі мен сенгіштік оларды түрлі цифрлық алдау түрлеріне осал етеді.
Аса қауіпті тәсілдерге карта деректерін енгізуді сұрайтын жалған ұтыстар, «дос» не «туысқан» атынан көмек сұрау, зиянды қосымшалар мен күмәнді сілтемелер жатады. Көп жағдайда бала өзімен алаяқтар сөйлесіп жатқанын түсінбеуі де мүмкін.
Балаларға жарнамасыз немесе жеңілдікпен қосымшалар мен ойындарды жүктеуді ұсынатын жағдайларға ерекше назар аудару қажет – мұндай файлдарда зиянды код болуы мүмкін. Егер смартфон ата-ананың банк шотымен байланысқан болса, алаяқтар құпия ақпаратқа қол жеткізіп, қаражатты ұрлап кетуі мүмкін.
Сонымен қатар «ақылды» қосымшалар арқылы геодеректерді жинау схемалары да кең таралған. Осы арқылы алаяқтар отбасының қайда тұратынын, ата-ананың қайда жұмыс істейтінін, баланың қайда оқитынын және неге қызығатынын анықтай алады. Бұл қаржылық шығындармен қатар бүкіл отбасы үшін қауіп төндіреді.
Агенттік ата-аналарға балаларымен интернеттегі қауіптер туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді, желіде болу уақытын шектеуді, антивирустық бағдарламалар орнатуды, ата-ана бақылау баптауларын пайдалануды және балаларды цифрлық әрі қаржылық сауаттылыққа үйретуді ұсынады. Ең бастысы – баланың кез келген жағдайда ата-анасына көмек сұрап келе алатынын түсіндіру маңызды.
Сурет ашық дереккөздерден алынған.