Жеке деректер дегеніміз не?
Жеке деректер – адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін ақпарат. Мысалы, толық аты-жөні, ЖСН, мекенжайы, телефон нөмірі, фото немесе бейне, физиологиялық ерекшеліктері және тағы басқа мәліметтер. Қазақстанда бұл деректер электронды түрде, қағаз жүзінде немесе басқа форматта болуы мүмкін.
Қол жеткізу деңгейіне қарай жеке деректер екіге бөлінеді:
🔹 Жалпыға қолжетімді деректер – оларды телефон анықтамалықтарынан, БАҚ немесе интернеттен табуға болады.
🔹 Шектеулі қолжетімді деректер – бұл толық аты-жөні, туған күні, мекенжайы, ЖСН және төлқұжат деректері. Бұл мәліметтер заңмен қорғалады және алаяқтар ең алдымен осы деректерге көз тігеді.
Күдікті сілтемелерге өтпеңіз
Көп хат алмасатын жұмысыңыз болса да, белгісіз жіберушілерден келген хаттарды ашпағаныңыз жөн. Әсіресе, сілтемелерге өтпеңіз. Бұл фишинг болуы мүмкін – жалған сайтқа өтіп, логин, құпиясөз, ЖСН немесе карта деректерін енгізуді сұрайды. Сайт сырт көзге ресми ресурске ұқсайды, бірақ ол алаяқтар жасаған. Деректерді енгізсеңіз – оларды өз қолыңызбен беріп жібересіз.
Сондай-ақ, хаттағы сілтеме зиянды бағдарламасы бар файлға немесе сайтқа апаруы мүмкін. Бұл бағдарлама:
– жеке деректеріңізді ұрлайды;
– пернетақтадағы әрекеттерді жазып отырады (мысалы, құпиясөздер);
– құрылғыңызды бот-желіге қосып, шабуылдарға пайдаланады.
Сондықтан сенімді антивирустық бағдарлама орнатып, әрбір хатты тексеріп отырыңыз.
Деректердің көшірмесін жасап отырыңыз
Қауіпсіздіктің ең негізгі, бірақ жиі ұмыт қалатын әдісі – деректердің резервтік көшірмесін жасау. Егер құрылғы жоғалса, ұрланса немесе вирус жұқса – маңызды ақпаратты жоғалтпайсыз. Google One, iCloud, Acronis Cyber Protect Home Office, Mac Time Machine сияқты ресурстар мен қосымшалар көмектесе алады.
Бұлтта сақталған көшірмелерді де қорғау керек:
🔹 Күрделі құпиясөз орнатыңыз;
🔹 Қосымша қорғаныс деңгейлері бар ақылы нұсқаларды таңдаңыз;
🔹 Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз.
Ескі қатқыл дискілерді оқуға келмейтін етіңіз
Ескі компьютерлер мен смартфондарда жеке ақпарат сақталып қалуы мүмкін. Қатты дискіні форматтау – деректерді толық өшірмейді. Алаяқтар қарапайым тәсілдермен де оларды қайта қалпына келтіре алады. Әсіресе ЭЦҚ, жеке куәлік, төлқұжат сканы секілді құжаттарды сақтайтыныңызды ескерсек – дискіні оқуға жарамсыз ету өте маңызды.
Ең сенімді әдіс – қатқыл дискіні физикалық түрде жойып, қалдықтарын қоқысқа тастау.
Wi-Fi желісін қорғаңыз
Үйіңіздегі Wi‑Fi желісіне бөгде адамдар қосылмас үшін мықты құпиясөз орнатыңыз. Кәдімгі «интернетті тегін пайдалану» ниетімен қосылған адам – құрылғыларыңызға қол жеткізуі мүмкін.
Сондай-ақ, қоғамдық орындардағы (кафе, әуежай, сауда орталықтары) Wi-Fi желісіне қосылу қауіпті. Бұл желілерде деректер шифрланбайды, сондықтан кез келген адам сіздің трафикті бақылап, жеке мәліметтеріңізді – логин, құпиясөз, ЖСН, банк картасы деректері – ұрлап кетуі мүмкін.
Бағдарламаларды уақтылы жаңартыңыз
Хакерлер осал тұстарды тауып, оны компаниялар жөндеп үлгермей тұрып пайдаланады. Сондықтан жаңа нұсқалар шыққан бойда компьютер, планшет, телефондағы бағдарламаларды жаңартып отырыңыз. Бұл жаңартуларда – қауіпсіздікті күшейтетін маңызды өзгерістер болады.
Антивирусты, браузерді, операциялық жүйені және қолданбаларды автоматты жаңартуға қосып қойыңыз.
Құпиясөз және аутентификация
Онлайн-аккаунттарыңызда жеке мәліметтеріңіз көп. Сондықтан:
🔹 Қиын, ойға қонымсыз құпиясөз қойыңыз;
🔹 Екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз;
🔹 Құпиясөзді генератор арқылы жасап, менеджерде сақтауға болады;
🔹 Өз бетіңізбен құрастырсаңыз – кемінде 15 таңбадан тұратын, бас және кіші әріптерді, сандар мен таңбаларды араластырып жасаңыз;
🔹 Туған күн, танымал сөздер, ән мәтіндері мен фильм цитаталарынан аулақ болыңыз – оларды болжау оңай.
Дереккөз: https://fingramota.kz/ru/news/post/sekrety-cifrovoj-bezopasnosti-zashchita-personalnyh-dannyh
Фото: ашық дереккөздерден алынған