Пәкістанда сақтандырудың экономикаға ену деңгейі ЖІӨ-нің 1%-ынан да төмен. Салыстыру үшін, әлем бойынша бұл көрсеткіш орта есеппен 6,7%-ды құрайды. Үндістанда сақтандырудың экономикаға ену деңгейі 4%-ға жетеді. Сақтандыру тығыздығы, яғни жан басына шаққандағы сақтандыру сыйлықақысының көлемі Пәкістанда небәрі 14 доллар болса, Үндістанда бұл көрсеткіш 82 долларды құрайды.
Такафул — шариғат нормаларына сәйкес келетін, өзара көмек және ерікті қайырымдылық қағидаттарына негізделген сақтандыру жүйесі. Ол Пәкістанда 2006 жылы SECP тиісті қағидаларды қабылдағаннан кейін ресми түрде енгізілді.
EFU Life Assurance такафул-терезе форматында жұмыс істеуге лицензия алған алғашқы компания болды. Бүгінде такафул — нарықтағы ең жылдам дамып келе жатқан сегменттердің бірі. 2024 жылы отбасылық такафул бойынша жарналар 37%-ға өсті, барлық санаттар бойынша жалпы такафул нарығы 24%-ға артты, ал такафул секторындағы сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемі 100 млрд рупиге жуықтады.
Қазіргі уақытта такафулдың жалпы сақтандыру сатылымдарындағы үлесі шамамен 12%-ды құрайды. SECP бұл көрсеткішті 2028 жылға қарай 35%-ға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
Алайда сарапшылардың пікірінше, такафул қос сын-қатерге тап болып отыр: халық мұндай өнімдердің бар екенін ғана біле бермейді, сонымен қатар олардың шариғат талаптарына нақты сәйкестігіне күмән келтіреді. Соған қарамастан, кейбір компанияларда, мысалы, EFU Life-та, такафул қазірдің өзінде бизнестің 35%-дан астамын қамтамасыз етеді.
Дәстүрлі агенттік сату моделі Пәкістанның ауқымды әрі әркелкі халқын толық қамтуға қауқарсыз. Бұл ретте қаржылық технологиялар көмекке келеді.
Цифрлық арналар қазірдің өзінде әсерлі өсімді көрсетіп отыр: 2024 жылы цифрлық арналар арқылы жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі үш есеге артты. SECP бес жылдық стратегия аясында сақтандырумен 15 миллион жеке тұлғаны қамтуды мақсат етіп отыр.
Цифрландырудың басты артықшылығы — бұрын дәстүрлі сақтандыру компанияларының қызмет көрсету аясынан тыс қалған миллиондаған пәкістандыққа сақтандыру өнімдерін ұсынуға мүмкіндік беруінде.
Фото: ашық дереккөздерден


