«Әйелдердің жұмыспен қамтылуы мен дамуын қаржылай қолдауды одан әрі күшейту туралы» құжатты Қытай Халық банкі, Қаржылық реттеу жөніндегі бас мемлекеттік басқарма және Бүкілқытайлық әйелдер федерациясы бірлесіп жариялады.
Сақтандыру – басты басымдық
Құжаттың негізгі назарында әйелдердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру мәселесі тұр. Билік сақтандыру компанияларына әйелдердің жас ерекшелігіне, өмір кезеңдеріне, сақтандыру мерзіміне және полис құнына қарай бейімделген сақтандыру өнімдерін әзірлеуді тапсырды. Әсіресе әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық ауруларды, яғни «қатерлі ісіктің төрт түрін» (сүт безі, жатыр мойны, аналық без және эндометрий обыры) сақтандыру арқылы қорғау аясын кеңейтуге ерекше көңіл бөлінген.
Сонымен қатар, құжатта мынадай шаралар көзделген:
- медициналық, зейнетақы, жұмыссыздық және өндірістегі жазатайым оқиғалар бойынша әлеуметтік сақтандыру жүйесін жетілдіру;
- стандартты емес жұмыспен қамтылған әйелдерге (фрилансерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға) арналған арнайы сақтандыру өнімдерін әзірлеу;
- коммерциялық сақтандыру мен жүктілікке және босануға байланысты мемлекеттік сақтандыру жүйесінің өзара байланысын нығайту;
- сақтандыру полистерін сатып алу және сақтандыру төлемдерін алу рәсімдерін жеңілдету.
Жұмыспен қамтуды қаржылай қолдау
Сақтандырудан бөлек, құжат әйелдердің қаржылық ресурстарға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған бірқатар шараларды да қамтиды:
- әйел кәсіпкерлердің стартаптарын несиелендіру – оң несие тарихы бар әйел кәсіпкерлер үшін кепілдік талаптарын жеңілдету немесе толық алып тастау мүмкіндігі қарастырылған;
- жоғары білім алып жатқан әйелдерді мемлекеттік білім беру несиелері мен коммерциялық қарыздар арқылы қолдау;
- әйелдер құрған кәсіпорындарға арналған борыштық бағалы қағаздарды шығару сияқты мамандандырылған қаржы құралдарын енгізу.
Құжатта қаржылық технологиялар саласындағы гендерлік кемсітушіліктің алдын алуға да ерекше назар аударылған. Билік банктер мен сақтандыру компанияларынан клиенттердің төлем қабілеті мен сақтандыру тәуекелдерін бағалау кезінде кемсітушілікке жол беретін алгоритмдерді қолданбауды талап етеді.
Жаңа шаралар халықаралық күн тәртібінің заңды жалғасына айналды. 2025 жылдың қазан айында Бейжіңде Дүниежүзілік әйелдер саммиті өтті. Сонымен қатар Қытай БҰҰ аясындағы әйелдер бастамаларын қолдауға 10 миллион АҚШ долларын бөлетінін мәлімдеді.
Ұлттық медициналық сақтандыру басқармасының мәліметінше, 2025 жылғы маусымдағы жағдай бойынша Қытайда жүктілік пен босануға байланысты сақтандырумен 253 миллион адам қамтылған.
Құжат жарияланған күннен бастап күшіне енді. Қытай билігі қабылданған шаралардың іске асырылуын тоқсан сайын бақылап, тиімді тәжірибелерді ел аумағында кеңінен таратуды жоспарлап отыр.
Дереккөз: Asia Insurance Review
Фото: ашық дереккөздерден.

