Халықты және бизнесті қолдау үшін 10 қаңтарда агенттік төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін беру жөнінде бұйрық қабылдады. Төтенше жағдай мерзіміне кредиттер бойынша мерзімін өткізу болған жағдайда айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуге тыйым енгізілген, сондай-ақ шағым-талап қою жұмысы тоқтатыла тұрады.
«Мемлекет басшысының тұтынушылық кредиттеуді реттеу бойынша нақты әрі шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін Агенттік мынадай шараларды іске асыратын болады. Тәуекелге бағдарланған қадағалау шеңберінде банктерге және микроқаржы ұйымдарына қатысты тәуекелі жоғары тұтынушылық кредиттер бойынша қосымша шектеулер енгізу де қарастырылады», - деп нақтылады ҚНРДА басшысы.
Үкімет әзірлеп жатқан жеке тұлғалардың банкроттығы тетігі шеңберінде жеке тұлғалардың банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кредиттері бойынша, оның ішінде коллекторлардың өндіріп алуына берілген проблемалық берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылданатын болады.
«Мемлекет басшысының елден капиталды негізсіз шығаруды шектеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін ҚНРДА Ұлттық банкпен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп трансшекаралық қаржылық операцияларды жүргізуге бақылау шараларын күшейту туралы бірлескен бұйрықты қабылдады. Күдікті трансшекаралық операциялар тізбесі, сондай-ақ клиенттерді тиісінше тексерудің күшейтілген шаралары бойынша қаржылық мониторинг субъектілерінің іс-қимыл тәртібі белгіленді», - деп қорытындылады.
Сурет ашық дереккөздерден