Өмір сүру ұзақтығының артуы мен туу деңгейінің төмендеуі зейнетақы жүйесі үшін айтарлықтай сынақтар туғызады. Есепте 2050 жылға қарай егде азаматтардың үлесі өсіп, еңбекке қабілетті халық санының азаятыны көрсетілген. Бұл жұмыс істейтін азаматтар мен зейнетақы қорларына түсетін жүктеменің арта түсетінін, ал жүйенің тұрақтылығы жинақтаушы компоненттің тиімділігіне тікелей байланысты болатынын білдіреді.
Құжатта Қазақстанның қолданыстағы көпдеңгейлі зейнетақы жүйесіне ерекше назар аударылған. Ол базалық, міндетті және ерікті жинақтау элементтерінен тұрады. Есепте халықаралық рейтингтер негізінде жүйенің тиімділігі мен жеткілікті зейнетақы табысын қамтамасыз ету үшін қажетті оңтайлы жарна мөлшерлемелері талданған. Сарапшылар ерікті жинақтарды ынталандыру мен халықтың жүйеге қатысуын арттырудың маңыздылығын атап өтеді.
Болжамдар мен қаржылық тұрақтылық
БЖЗҚ демографиялық және экономикалық факторларды, соның ішінде еңбек нарығы мен инвестициялық табыстылықты ескерген KazPRESTO актуарлық модельдеуінің нәтижелерін ұсынды. Болжам бойынша, жинақтаушы жүйедегі зейнетақы ағындарының көлемі тұрақты өседі, алайда тәуекелдерді басқару, табыстылықты арттыру және зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану бақылауын күшейтуге ерекше назар аудару қажет болады.
БЖЗҚ өкілдері табысты зейнетақы жүйесін дамыту үшін әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық тиімділіктің тепе-теңдігін сақтау, сондай-ақ әр азаматтың өз зейнетақы болашағын қалыптастыруға белсенді қатысуы қажет екенін атап өтті.
Сурет ашық дереккөздерден алынған.

