bs-preloader__icon
ru kz en

Депозит дәурені өтті. Инвестициялық сақтандыру полистерін не үшін сатып алады

2012 жылғы полистер бойынша табыстылық деңгейіне қарамастан, өмірді инвестициялық сақтандыру банк салымдарының орнын басатын нақты шешім болуы мүмкін.
Депозит дәурені өтті. Инвестициялық сақтандыру полистерін не үшін сатып алады

Сенімгерлікпен басқару нарығы жандануда. Ұлттық басқарушылар лигасының (ҰБЛ) деректері бойынша 2017 жылы Ашық инвестициялық пай қорларының (АИПҚ) активтері 130 млрд рубльден 215 млрд рубльге дейін өсті. Өмірді инвестициялық сақтандыру (ӨИС) нарығының жағдайы бұдан да жақсы – «Сбербанк өмірді сақтандыру» аналитикалық орталығының деректеріне сәйкес өткен жылы ресей халқы бұл құралға 210-215 млрд рубль қаражат бөлді. Бүгінгі күні ӨИС-ға барлығы 600 млрд рубль салынды. Небәрі 7 жыл бұрын қалыптаса бастаған нарық үшін бұл өте жоғары көрсеткіш болып отыр.

Инвестияға деген сұраныс

Инвестициялық сақтандыру секілді балама құралдардың халық сұранысына ие болуының себебі неде? Бұл бірнеше фактордың үйлесімінің арқасында орын алып жатқан жағдай. Бірінші және ең басты факторы – депозиттер бойынша мөлшерлемелердің төмендеуі. Бір-екі-ақ жылдың ішінде салымдар бойынша пайыздар екі мәнді сандардан жылдық 6 %-ға және одан төмен құлады.

Бұл үрдістің жалғаса беретіні хақ – жақында инфляция деңгейіне жуық, жылдық 3-4% шамасындағы мөлшерлемелерге куә боламыз. Бұл дамыған елдің қаржы нарығы үшін тәп-тәуір құбылыс – Еуропаның өзінде-ақ депозиттер ақша табудың құралы болып табылмайды. Ол үшін балама инвестициялар бар. Және уақыты келгенде, 300 000 - 500 000 рубль шамасында шағын ғана жинап-терген ақшасы бар адамдар ӨИС-ға назарын аударатын көрінеді.

Бұдан басқа, клиенттердің көбісі салық шегерісін білсе, банктер мен сақтандыру компаниялары клиенттерінің орнына барлық қажет қағаздарды толтырып, оларға салықты төлеуге көмектесуді үйреді. ӨИС полисін сатып алғанда шегеріс бір салымнан 15 600 рубльге дейін құрауы мүмкін. Бұл осы құралға салынатын инвестициялар жөнінде ойластырып жатқандарға мұрындық болар.

Сондай-ақ банктер де ӨИС, сондай-ақ комиссиялық табыс әкелетін құрама өнімдерді сатуда өз пайдасын көздейді.

Нарық нені үйренді

Біздің болжам бойынша, алдағы жылдарда ӨИС нарығы жылына шамамен 40-50 %-ға өседі де, 2020 жылға қарай 1 трлн рубльден асатын болады. Осы құрал жөнінде пайда болған теріс ақпараттық шу да бұған кедергі келтірмес. Жақында 2011-2012 жылдары бұл өнімді алғашқы болып сатып алып, бес жыл өткен соң барлық жұмсаған ақшасын қайтарып алса да, нөл табыс алған бірнеше жүз инвестор жөнінде мәлім болғаны есіңізде болар.

Мұндай нәтиженің себебі бұл жылдары ақша көбінесе РТС индексі бойынша фьючерс пен алтынға салынған еді. Екі дағдарыстың нәтижесінде бұл активтер өз құнының шамамен 30-40 %-ын жоғалтты. Қазір мұндай жағдайдың қайталануы екіталай. Себебі сақтандырушылар салымдарды аса сауаттылықпен әртараптандырады. Қаражатты активтердің дерлік барлық санаттарына АҚШ-ның тұтынушы нарығынан бастап ірі неміс компанияларының акцияларына дейін салады.

Бұны 2013 жылы әлемнің озық инвестициялық банктерімен қызметтестік жөнінде келісімдер жасалған уақытта жасауға болатын еді. Банктермен тығыз қызметтестікте сақтандырушылар әр түрлі деривативтік стратегияларды ұсына алады. Сол себептен жағдай ойдағыдай шықпаса да, клиенттер нөл табыспен қалмайды.

Клиенттердің басым көпшілігіне бұл өнімнің беймәлімдігі тағы бір кедергі болуы мүмкін. Шынында да, азаматтар қаржылық жоспарлау және мобильдік банктермен жұмыс істеуге енді үйреніп келе жатыр. Кейбірі жиырма шақты стратегия мен сан түрлі активтер санатын жете ұға қоймас. Дәл осы себептен сақтандырушылар ӨИС-ны ыңғайлы әрі түсінікті үлгіге жинақтауы тиіс. 

ӨИС қандай болмақ

Бүгінгі таңда нарық қатысушылары "тәуекел/табыстылық" арақатынасы әр түрлі 10 аса инвестициялық стратегияны ұсынады. Олардың басым көпшілігі 2017 жылдың қорытындысы бойынша жылдық 6-37,5 % табыстылықты көрсетті. Халықаралық қор нарығының құрылымымен таныс болмаған адамдар үшін интуитивті түрде түсінікті өнімдерді әзірлеп шығару керектігі айдан анық. Мұндай өнімдерді банк бөлімшесінде де, мобильді қосымша арқылы да ресімдеп алуға болады.

Мұндай өнімдер купондық табысты жүйелі түрде алу құқығын бере отырып, бұнымен депозитке ұқсас болуы тиіс. Бұл табыс қарапайым параметрлер бойынша есептеледі. Мысалы, таңдалған стратегия бойынша компаниялар қоржынының баға белгіленімдері жылдың қорытындысы бойынша белгілі бір бағадан төмен түспесе, клиент 10 % көлемінде инвестициялық табыс алады. Бағалар кіріс нүктеден 10 % аса өсетін болса, клиент 20 % дейін купон төлемін алады.

Осылайша, балама инвестициялар нарығы ұзақ жылдар бойғы тоқырау мен бірнеше ірі дағдарыстан соң даму сатысына көшеді. Және бұл жолы нарықтың басты қозғаушысы қарапайым және халық жеңіл қабылдайтын инвестициялық-сақтандыру өнімдері болмақ.

Дерекнама: http://www.forbes.ru/finansy-i-investicii/359369-depozity-ne-v-mode-zachem-pokupat-polisy-investicionnogo-strahovaniya

Фотосурет prostrahovanie24.ru сайтынан алынған

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз
Өмірді сақтандыру нарығы туралы ҚҚҚ-да айтып берді
Өмірді сақтандыру нарығы туралы ҚҚҚ-да айтып берді

ҚҚҚ талдау орталығы 2022 жылғы қазақстандық өмі...

Өмірді сақтандырудың тағы бір артықшылығы
Өмірді сақтандырудың тағы бір артықшылығы

Сақтандыру компаниялар кеңінен өмірді ерікті ...

Индияда өмірді сақтандыру
Индияда өмірді сақтандыру

Индияда сақтандыру терең тарихи тамыр жайған. ...

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру