Базалық зейнетақы – зейнет жасына жеткен кезде тағайындалады және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны күнкөріс минимумының 70%-ына дейін (өтілі 10 жылға дейін), ал ең жоғары мөлшерін 2026 жылы – 118%-ға және 2027 жылдан бастап 120%-ға дейін кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылуда (егер жалпы еңбек өтілі ≥ 34 жыл болса).
Бұл ретте 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі тек тұрақты төленген міндетті зейнетақы жарналары арқылы ғана расталады. Тұрақты зейнетақы жарналары еңбек өтілін дәлелдеп, базалық зейнетақының мөлшеріне әсер етеді.
Ынтымақты зейнетақы – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар азаматтарға төленеді. Зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне және 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнет жасына дейінгі кез келген қатарынан алынған 3 жылдағы орташа айлық табысқа байланысты есептеледі.
Табыс мөлшерін растау ретінде ай сайынғы зейнетақы жарналарының көлемі алынады.
Тұрақты зейнетақы жарналары табысты растайды және ынтымақты зейнетақыны есептеуге әсер етеді.
Жинақтаушы зейнетақы – жеке зейнетақы жинақтары есебінен төленеді және жинақталған қаражат көлеміне байланысты: жинақ неғұрлым көп болса, төлем де соғұрлым жоғары болады. Ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері бекітілген әдістеме бойынша есептеледі.
2021 жылдан бастап зейнетақы төлемдерінің бірінші жылғы жылдық сомасы зейнетақы жинақтарының сомасын төлем мөлшерлемесіне көбейту арқылы анықталады. Есептеу формуласы:
зейнетақы жинақтарының сомасы × 6,5% / 12 = бірінші жылғы ай сайынғы төлем мөлшері.
Келесі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемдері өткен жылғы ай сайынғы төлем мөлшерін зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне (5%) арттыру арқылы анықталады. Төлемдер зейнетақы шотындағы қаражат толық таусылғанға дейін жүргізіледі.
Зейнетақы жинақтарының мөлшері төлемдердің көлемі мен ұзақтығына әсер етеді.
Осылайша, жинақтаушы жүйеге қатысу зейнетақының жалпы мөлшеріне тікелей ықпал етеді. Ынтымақты құрамдас бөліктің біртіндеп қысқаруын және қазіргі жағдайларды (демографиялық құрылымның өзгеруі, халықтың қартаюы, еңбек нарығының трансформациясы) ескерсек, жинақтаушы компоненттің маңызы барған сайын артып келеді.
Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесі аясында келесі жарна түрлері жүзеге асырылады:
-
міндетті зейнетақы жарналары – қызметкердің жалақысының 10% (жұмыс беруші ай сайын аударады);
-
міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – зиянды және қауіпті кәсіптерде жұмыс істейтін қызметкерлердің табысынан 5% (жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді);
-
жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) – 2024 жылдан бастап 1975 жылы және одан кейін туған барлық қызметкерлер үшін енгізілген (2024 жылы – 1,5%-дан бастап, 2028 жылы – 5%-ға дейін кезең-кезеңімен өседі; 2026 жылы – 3,5%).
Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ҚР жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне және ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңартылған арнайы салық режимдері (АСР) енгізілді:
– өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін,
– оңайлатылған декларация негізіндегі режим,
– шаруа немесе фермер қожалықтары (ШФҚ) үшін.
Бұл режимдер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың тек салықтарын ғана емес, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібін де реттейді.
Атап айтқанда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР қолданатын азаматтар өз табысынан келесі жарналарды дербес төлейді:
-
МЗЖ – табыстың 1%-ы,
-
ЖМЗЖ – табыстың 1%-ы.
Егер мұндай азаматтар интернет-платформалар немесе платформалық жұмыспен қамтуға арналған мобильді қосымшалар арқылы қызмет көрсетсе, онда МЗЖ мен ЖМЗЖ-ны ұстап қалып, аударуды интернет-платформа операторы жүзеге асырады.
Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР және ШФҚ үшін зейнетақы жарналарының мөлшерлемелері стандартты:
-
МЗЖ – табыстың 10%-ы,
-
ЖМЗЖ – 2026 жылы табыстың 3,5%-ы, кейін жыл сайын өсіп, 2028 жылы 5%-ға жетеді.
Зейнетақы капиталын қалыптастырудың қосымша тетігі – ерікті зейнетақы жарналары. Оларды жақын туыстар үшін төлеуге болады, сондай-ақ жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін аудара алады. Мұнда да тұрақтылық маңызды, себебі ерікті жарналар есебінен зейнетақы төлемдерін зейнет жасына дейін, яғни 50 жастан бастап алуға болады.
БЖЗҚ өз салымшыларына (алушыларға) жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) зейнетақы жинақтарының жағдайын тұрақты бақылап отыруды, сондай-ақ БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына зейнетақы жарналарының уақытылы түсуіне назар аударуды ұсынады. Өкінішке қарай, кейде жұмыс беруші өз міндеттемелерін толық орындамайтын жағдайлар кездеседі.
Әлеуметтік кодексте жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу міндеті нақты белгіленген. Жарналардың уақытылы әрі толық төленуін бақылау Мемлекеттік кірістер комитетіне жүктелген. Егер жұмыс беруші тарапынан қандай да бір бұзушылық орын алса, азаматтар МКК-ға жүгінуі қажет. Сондықтан өз зейнетақы жинақтарының жағдайын жүйелі түрде тексеріп отырған дұрыс.
Зейнетақы шотын тұрақты бақылаудың ең ыңғайлы әрі жедел тәсілі – Қордың сайтындағы жеке кабинет немесе мобильді қосымша арқылы үзінді-көшірме алу. Зейнетақы шоттары туралы ақпаратты БЖЗҚ сайтынан ғана емес, egov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov mobile қосымшасы арқылы да алуға болады.
Үзінді-көшірмеде салымшыға қажетті барлық ақпарат көрсетіледі. Атап айтқанда:
-
жинақтардың жалпы көлемі,
-
жарналардың түрлері бойынша жинақталған қаражат,
-
зейнетақы жарналарын қай ұйым және қашан аударғаны,
-
сұратылған кезеңдегі инвестициялық табыс мөлшері.
Бұл мемлекеттік қызметтерді бірыңғай цифрлық платформалар арқылы алуға үйренген азаматтар үшін өте ыңғайлы.
Тұрақты жарналар жинақ жасау әдетін қалыптастырып, қаржылық болашақты жоспарлауға көмектеседі. Салымшылардың ыңғайлылығы үшін БЖЗҚ зейнетақы калькуляторы мен жеке зейнетақы жоспары арқылы болашақ зейнетақыны болжау және жоспарлау мүмкіндігін ұсынады. Бұл құралдар сайтта және мобильді қосымшада қолжетімді. Олар болашақ төлемдердің мөлшерін есептеп қана қоймай, жинақтау стратегиясын түзетуге де көмектеседі.
Есте сақтайтын маңызды жайт: зейнетақы жинақтары ең алдымен еңбек қызметі аяқталғаннан кейін лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін қажет. Сондықтан зейнетке шығатын уақытқа дейін жинақ көлемін барынша арттыруға ұмтылу керек. Өз зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға белсенді әрі тұрақты қатысу – болашақтағы зейнетақы қамтамасыздығының жеткілікті болуының басты шарты.
Фото ашық дереккөздерден алынды.


