ҚНРДА-да қазақстандықтардың жинақтаушы сақтандыруды жинақ құралы ретінде пайдалануына ынталандыру тетіктерін әзірлеу жоспарланып отырғанын атап өтті. Банк депозиттерінен айырмашылығы, жинақтаушы сақтандыру ұзақ мерзімді жинақ қалыптастырумен қатар, шарттың бүкіл қолданылу мерзімі ішінде сақтандыру қорғанысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Жинақтаушы сақтандырудың басты артықшылығы – жинақ пен сақтандыру қорғанысының үйлесуі. Сақтанушы сақтандыру жағдайы туындаған кезде сақтандыру төлемін алатын пайда алушыны өзі анықтай алады. Бұл ретте заңда көзделген жағдайларда сақтандыру жинақтары кредиторлардың талаптары бойынша өндіріп алудан қорғалады», – деп түсіндірді агенттікте.
Реттеуші өнімдер желісін дамыту және кеңейту, сондай-ақ инвестициялық сақтандыру өнімдерінің ашықтығын арттыру арқылы бұл қаржы құралын халық үшін тартымды етуді жоспарлап отыр.
«Осы мақсатта кірістілік, тәуекелдер мен комиссиялар туралы ақпаратты ашуға бірыңғай тәсілдер енгізіледі. Сондай-ақ әртүрлі инвестициялық стратегиялар мен тәуекел деңгейлері бар өнімдерді дамыту жалғастырылады», – деп толықтырды ҚНРДА.
Дамудың негізгі бағыттарының бірі зейнетақы аннуитеттері өнімдерінің желісін кеңейту болмақ. Кепілдендірілген зейнетақы аннуитетімен қатар, өмір бойы кепілдендірілген төлемдерді қосымша инвестициялық табыс алу мүмкіндігімен ұштастыратын инвестициялық және гибридті аннуитеттерді енгізу мәселесі қарастырылуда.
Сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының платформасы немесе бірыңғай маркетплейс арқылы зейнетақы аннуитеті шарттарын онлайн форматта жасасуға мүмкіндік беретін цифрлық сервистерді дамыту жоспарлануда.
Халық үшін ынталандыру шаралары ретінде ұзақ мерзімді жинақтарды дамыту, қаржылық консультация беру тәжірибесін кеңейту және сақтандыру өнімдері туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру шаралары қарастырылуда.
Агенттікте жинақтаушы сақтандыру шарт негізінде жүзеге асырылатынын еске салды. Шарттың талаптарын сақтандыру ұйымдары заңнама шеңберінде айқындайды және олар шарттың мерзімін, жарналардың мөлшері мен төлеу кезеңділігін, сондай-ақ сақтандыру тәуекелдерінің тізбесін қамтиды. Азамат сақтандыру бағдарламасын өзі таңдайды және сақтандыру төлемін алу үшін пайда алушыны анықтауға құқылы.
Қазақстанда жинақтаушы сақтандыруды реттеушінің лицензиясы негізінде отандық сақтандыру ұйымдары да, шетелдік сақтандыру компанияларының филиалдары да ұсына алады. Олар үшін Қазақстанның сақтандыру ұйымдарына қойылатын талаптар мен жұмыс істеу шарттары бірдей. Ерекшелік Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылмайтын исламдық сақтандыру ұйымдарының филиалдарына ғана қатысты. Олар жинақтаушы сақтандыру бойынша қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.
Дереккөз: LS
Фото ашық дереккөздерден алынған.


