Жеке бизнесін жүргізетін қолданушы жағдайды былай сипаттайды: 45 жастағы күйеуінің ағасынан ұйқы безі обыры анықталғаннан кейін (бұған дейін әкелері де осы дерттен қайтыс болған), дәрігерлер генетикалық тексеруден өтіп, сақтандыруды шұғыл рәсімдеуге кеңес берген. Мамандар ескерткен: егер тест елеулі генетикалық мутацияларды көрсетсе, болашақта сақтандыру алу мүмкін болмайды немесе өте қымбатқа түседі.
«Менің ауқымды сақтандыруым бар. Ал оның сақтандыруы — жоқтың қасы. Мен оның медициналық қарыздарын мұраға алғым келмейді немесе күтім шығындарын жабу үшін бизнесімді сатуға мәжбүр болғым келмейді», — деп түсіндіреді әйел. Оның ойынша, ең тиімді шешім — дәл қазір, мүмкіндік бар кезде, ортақ қаржылық болашақты қорғау үшін өмірді сақтандыруды рәсімдеу. Қаржыны толықтай бөлу үшін, тіпті, ажырасу нұсқасын да айтқан (олар тұратын штатта азаматтық неке мойындалмайды).
Күйеуінің жауабы оны таңғалдырған және желіде қызу реакция тудырған. Әйелдің айтуынша, ол «мүгедек болып қалса, көп ақша керек емес, тек видеойын ойнаймын» деген. Ал медициналық шоттарды «жай ғана елемеуге немесе банкрот жариялауға болады» деп жауап берген. Тіпті әйелін «асыраушысы» қылып қоюы мүмкін екенін әзілмен айтқан.
«Маған ағасының диагнозы оныкінен гөрі мені көбірек күйзелткендей көрінеді. Енді оған менің болашағым бәрібір екенін түсіндім», — деп жазады автор. Ол мәселе тек қаржылық тәуекелде емес, күйеуінің өзіне және ортақ болашаққа деген немқұрайлы көзқарасында екенін атап өтеді.
Reddit қолданушыларының басым бөлігі әйелді қолдағанымен, ер адамның уәжі мен қандай әрекет дұрыс екеніне қатысты пікірлер екіге жарылған.
Көпшілік мәселенің түбірі — ер адамның эгоизмі мен инфантильділігінде деп санайды. «Бұл — өзің жақсы көремін дейтін адам алдындағы қарапайым жауапкершілік туралы әңгіме. Ол қазір ақшаны “босқа жұмсағысы” келмейді, бірақ болашақта екеуіңді қаржылық апатқа итермелеуге дайын. Бұл — махаббат емес», — деп жазады пікір қалдырушылардың бірі.
Кейбірі ер адам тұқым қуалайтын аурудан қорқып, психологиялық тұрғыда қабылдай алмай жүрген болуы мүмкін деп болжайды. Сондықтан ол бұл тақырыптан қашып, орынсыз әзілге жүгінеді. Алайда қауымдастықтың пікірінше, бұл оның жұбайының өміріне әсер ететін шешімдер үшін жауапкершіліктен босатпайды.
Бірқатар заңгерлер мен қаржылық сауатты қолданушылар әйелдің талабы толықтай қисынды екенін атап өткен. «Сіз “сақтандыру үшін ажырасуды” емес, басқа тетіктерді мойындамайтын мемлекетте қаржылық өзін-өзі қорғаудың заңды формалдылығын ұсынып отырсыз. Бұл — ащы шешім, бірақ егер ол сақтандырудан бас тартса, жалғыз жол осы болуы мүмкін», — деп пікір білдірген олардың бірі.
Бұл жағдай сақтандыру полисіне қатысты даудан әлдеқайда терең мәселені ашты. Ол қарым-қатынастағы өзара қамқорлықтың, қаржылық ашықтықтың және дағдарысқа дайын ортақ стратегияның жоқтығын көрсетті. Бұл оқиға қорқыныш пен болашақ туралы қиын әңгімені кейінге қалдырудың тіпті ұзақ жылдық некеге де қауіп төндіруі мүмкін екенін айқын дәлелдеді.
Фото ашық дереккөздерден


