Қалалық халық әсіресе жылдам қартаюда. 2025 жылы қалаларда қартаю индексі 34,9-ды құрап, 2021 жылғы 28,8 көрсеткішінен едәуір артты. Ауылдық жерлерде жағдай біршама жұмсақ болғанымен, онда да өсім байқалады: 23,9-дан 29,6-ға дейін. Ұрпақтар арасындағы алшақтық барлық жерде қысқарып келеді.
Өңірлік көрініс одан да алаңдатарлық. Бірқатар облыстарда ел іс жүзінде айқын қартаю кезеңіне енген. Ең жоғары көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысында — 84,1, Шығыс Қазақстан облысында — 80,7 және Қостанай облысында — 71,3 тіркелген. Бұл өңірлерде алдағы уақытта егде жастағы тұрғындар саны балалар санымен теңесуі мүмкін. Сондай-ақ Қарағанды облысы (56,6), Павлодар облысы (60,2) және Ақмола облысы (54,2) да халық құрылымының өте қолайсыз екенін көрсетіп отыр.
Ал салыстырмалы түрде оңтүстік және мұнайлы өңірлерде демографиялық құрылым жас болып қалуда: Маңғыстау облысы — 16,2, Түркістан облысы — 17,2, Шымкент қаласы — 17, Атырау облысы — 20,7. Дегенмен бұл аймақтарда да көрсеткіштер біртіндеп өсіп келеді, тек бастапқы деңгей төмен болғандықтан жалпы елдік теріс үрдісті әлі айтарлықтай өзгертіп отырған жоқ.
Негізгі себеп — туу көрсеткіші мен халықтың қартаюы арасындағы теңгерімнің нашарлауы. Жалпы халық саны өсіп жатқанымен, оның құрылымы жастар үлесіне тиімді емес бағытта өзгеруде. 14 жасқа дейінгі балалар саны 2024 және 2025 жылдардың басында 5,9 миллион деңгейінде тұрақтап, 2026 жылдың басында 5,8 миллионға дейін азайған. Соңғы он жылда балалар саны 21,5%-ға өскен. Ал 65 жастан асқан азаматтар саны керісінше үздіксіз артып келеді: 2016 жылдың басында 1,2 миллион болса, 2026 жылдың басында 2 миллионға жетті. Бұл он жылда 59,6%-дық өсім, яғни балалар санына қарағанда әлдеқайда жылдам қарқын.
Қосымша қысымды туу деңгейінің төмендеуі де күшейтіп отыр. 2025 жылы жалпы туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 16,4-ке дейін төмендеді. Бұл 2021 жылғы 23,5 деңгейімен салыстырғанда айтарлықтай, шамамен үштен біріне жуық төмендеу. Қалаларда бұл көрсеткіш 2021 жылғы 23,2-ден 2025 жылы 15,8-ге дейін, ауылдарда 23,8-ден 17,5-ке дейін азайған. Өңірлер ішінде ең төмен көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысында — 9, Қостанай облысында — 10 және Шығыс Қазақстан облысында — 10,5 деңгейінде тіркелген.
Дәстүрлі түрде туу деңгейі жоғары саналатын Түркістан облысында (22,2) және Маңғыстау облысында (21,4) да біртіндеп төмендеу байқалады. Бұл елдің бұрын демографиялық «қауіпсіздік жастығы» ретінде қызмет еткен фактордың әлсіреп бара жатқанын білдіреді.
Халық санының өсуі мәселені автоматты түрде шешпейді. Адам көбейгенімен, олардың ішінде егде жастағылардың үлесі артып отыр. Соның нәтижесінде тепе-теңдік бұзылады: еңбекке қабілетті тұрғындарға түсетін жүктеме өседі, ал болашақ еңбек ресурстары қысқарады. Бұл үрдістер алдағы уақытта да сақталады, өйткені ол жаһандық демографиялық трансформацияның бір бөлігі. Еңбек нарығына, денсаулық сақтау жүйесіне және әлеуметтік қамтамасыз ету саласына түсетін қысым одан әрі күшейе береді. Ал қоғамды жаңа шындыққа бейімдейтін шешімдер неғұрлым кеш қабылданса, жағдайды түзету соғұрлым күрделі әрі қымбат болады.
Фото ашық дереккөздерден


