Қазақстандық өмірді сақтандыру компаниялары алдағы жылдары цифрлық өнімдер желісін айтарлықтай кеңейтуді күтеді. Бұл үрдіс клиенттер тарапынан өсіп келе жатқан сұраныспен қатар, нарықтағы реттеушілік өзгерістерге де байланысты. Сауалнамаға қатысқан компаниялар цифрландыру сақтандыру саласының негізгі өсу драйверіне айналатынын айтады. Әсіресе өмірді сақтандыру сегментінде цифрлық сервистерге үйренген Z ұрпағы үшін күнделікті өмірге толық интеграцияланған цифрлық өнімдер қажет.
2024 жылдан бастап «КСЖ Nomad Life» компаниясында БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын аудару кезінде зейнетақы аннуитеті шарттарын электронды форматта жасау мүмкіндігі енгізілді. Клиенттердің бір бөлігі бұл шешімді белсенді түрде пайдаланып келеді.
Сонымен қатар, басқа бір бөлігі әлі де шарттарды қағаз жүзінде рәсімдеуді жөн көреді — бұл дәстүрлі форматқа деген сенімнің жоғары болуымен немесе цифрлық дағдылардың жеткіліксіз деңгейімен байланысты. «Халықтың мұндай форматқа деген сенімі артқан сайын, сондай-ақ зейнетақы аннуитеті шарттарына қосымша келісімдер мен бұзу рәсімдерін автоматтандыру толық аяқталған соң, процестерді толық онлайн форматқа көшіру мүмкін болады», – деп түсіндіреді «КСЖ Nomad Life».
Жас компания ретінде BCC Life өнімді дамыту стратегиясының негізіне бірден цифрлық модельді енгізіп отыр. Сондықтан компания қызметті толық онлайн шешім ретінде құруды жоспарлайды — bcclife.kz сайтында, кеңсеге келусіз рәсімдеу мүмкіндігімен.
«Біздің мақсатымыз — қызметті бүкіл ел бойынша барынша қолжетімді ету. Біз онлайн рәсімдеуді нөлден бастап іске қосуды жоспарлап отырмыз: құжаттар пакеті минималды, ал клиентті сәйкестендіру рәсімі жеңілдетілген болады. Бұл рәсімдеу уақытын айтарлықтай қысқартып, қызмет алу ыңғайлылығын арттырады», – дейді «BCC Life» АҚ Басқарма мүшесі, IT жөніндегі директор Бахтияр Түгелбасов. – «Қазіргі кезеңде біз цифрлық инфрақұрылым мен ішкі процестерді толық онлайн іске қосуға дайындап жатырмыз. Іске қосу кезең-кезеңімен жүзеге асады, бұл сервистің тұрақтылығын және алғашқы күннен жоғары клиенттік тәжірибені қамтамасыз ету үшін қажет».
Қазіргі таңда сақтандырушылардың басым бөлігі онлайн-арнаны қосымша емес, зейнетақы аннуитетін сатудың негізгі форматы ретінде қарастырады. Бұл өнімнің ауқымдылығы мен халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
«Евразия» ӨСК-де онлайн сервистер енгізілген: Қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (ҚЖОМС), «Зейнетақы аннуитеті», «Евразия Keleshek» (Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында), Міндетті медициналық сақтандыру (ММС). Жыл соңына дейін өмірді мерзімді сақтандыру шарттарын рәсімдеу процестерін автоматтандыру жоспарланып отыр. «2026 жылдың басынан бастап біздің компанияда зейнетақы аннуитетін онлайн рәсімдеуге болады. Барлық процестер автоматтандырылған», – дейді «Евразия» ӨСК басқарушы директоры Игорь Енгалычев.
Solvency II
Solvency II халықаралық жүйесінің элементтерін кезең-кезеңімен енгізу өмірді сақтандыру компанияларынан IT-инфрақұрылымды дамыту, аналитикалық функцияларды күшейту және актуарлық сараптаманы жетілдіруді талап етеді. «Біздің компанияда МСФО 17 талаптарына сәйкес сақтандыру міндеттемелерін есептейтін IT-инфрақұрылым құрылған. Бұл база Solvency II тәсілдері бойынша есептеулер жүргізуге де жақсы негіз қалыптастырады», – дейді «КСЖ Nomad Life».
Қазіргі уақытта компания Solvency II принциптеріне сәйкес төлем қабілеттілігін жыл сайын бағалап, қолданылып отырған модельді жетілдіру мүмкіндіктерін талдап отырады.
Сонымен қатар, қаржы реттеушісі Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілеріне Solvency II элементтерін кезең-кезеңімен енгізу жұмысын жүргізуде. «Реттеуші модель түпкілікті бекітіліп, тиісті талаптар айқындалғаннан кейін компания қолданыстағы IT-инфрақұрылымды жаңа параметрлерге сәйкес жетілдіруге дайын болады. Қазіргі кезеңде басты назар бар технологиялық және әдіснамалық базаны дамытуға аударылып отыр. Бұл болашақ талаптарға тиімді бейімделуге мүмкіндік береді», – деп атап өтеді «КСЖ Nomad Life».
Қаржы мамандарының айтуынша, нарық өмірді сақтандыруды жеке полис емес, түсінікті шарттары мен әділ бағасы бар кіріктірілген цифрлық сервиске айналдыруға бет алып келеді.
«Сатылымның қарқынды өсуі және онлайн процестердің дамуы бізден масштабталу мен киберқауіпсіздікке тұрақты инвестиция салуды талап етеді. Біз жыл сайын IT-инфрақұрылымды терең жаңартып, заманауи, икемді және қауіпсіз шешімдерге көшеміз. Solvency II-ге дайындық аясында аналитикалық жүйелер мен деректерді басқару платформаларын жаңартып жатырмыз. Бұл актуарлық есептеулер мен есептіліктің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін қажет. Біз қазірдің өзінде тәуекелге негізделген басқару процестерін жүйелі түрде қалыптастырып жатырмыз», – дейді Игорь Енгалычев.
МСФО (IFRS) 17 «Сақтандыру шарттары» стандарты Solvency II-ге өтудің негізгі негізі болып табылады, себебі екі жүйе де міндеттемелерді нарықтық құн бойынша бағалауды және ақша ағындарын дисконттауды талап етеді. «Біз 2024 жылы жұмысымызды бастағандықтан, бірден МСФО 17 есеп жоспарын негізгі ретінде қолдандық. IFRS 17 біздің есеп жүйеміздің бастапқы күнінен-ақ негізі болды. Біз МСФО 17 және Solvency II есептері үшін бірдей деректер массивтерін қолданамыз, бұл бухгалтерия мен тәуекел-менеджмент арасындағы айырмашылықтарды жояды», – дейді Бахтияр Түгелбасов.
Толық цифрлық форматқа көшу екі өзара байланысты міндетті шешуді талап етеді: халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және онлайн құжаттарға деген сенімді күшейту, сондай-ақ саланың технологиялық негізін дамыту. Компаниялар қазірдің өзінде IT-инфрақұрылымды МСФО 17 мен Solvency II талаптарына сай құрып, киберқауіпсіздік пен аналитикаға инвестиция салуда.
Ашық дереккөздерден алынған фотоматериалдар


