bs-preloader__icon
ru kz

АҚШ-та өмірді сақтандыру компаниялары кейбір препараттарды тәуекел факторы ретінде бағалайды

АҚШ-тың Вирджиния штатында өмірді сақтандыру, мүгедектіктен сақтандыру және ұзақ мерзімді күтімге арналған сақтандыру бойынша компанияларға АИТВ-ның (ВИЧ) жұқтыруының алдын алуға арналған PrEP препараттарын қабылдайтын адамдарға сақтандыру тарифтерін көтеруге немесе сақтандырудан бас тартуға тыйым салатын заң күшіне енді. Губернатор Эбигейл Спанбергер бұл заң жобасына қол қойды. Бұған дейін осыған ұқсас бастамаға 2025 жылы бұрынғы губернатор Гленн Янгкин вето қойған болатын.
АҚШ-та өмірді сақтандыру компаниялары кейбір препараттарды тәуекел факторы ретінде бағалайды

Хэмптон қаласынан сайланған депутат Джейон Уорд (Демократиялық партия) әзірлеген HB60 заң жобасы сақтандырушыларға азаматтарды PrEP қабылдайтыны үшін кемсітуге тыйым салады. PrEP – АИТВ-ның алдын алудың тиімділігі жоғары әдісі. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) 2012 жылдан бері мақұлдаған бұл препарат жыныстық қатынас арқылы АИТВ жұқтыру қаупін шамамен 99%-ға, ал инъекциялық есірткі қолдану кезінде 74%-ға төмендетеді.

Федералдық заңнамаға сәйкес медициналық сақтандыру компаниялары PrEP препаратын медициналық сақтандыру аясында өтеуге міндетті болғанымен, өмірді сақтандыру, мүгедектіктен сақтандыру және ұзақ мерзімді күтімге арналған сақтандыру өнімдері штаттардың заңнамасымен реттеледі. Бұған дейін көптеген сақтандырушылар PrEP қабылдайтын азаматтарға «тәуекел деңгейі жоғары» деген уәжбен сақтандыру полисін беруден бас тартқан немесе сақтандыру сыйлықақысын негізсіз көтерген.

Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар мұны қосарланған стандарт деп бағалайды. Себебі сақтандыру компаниялары адам папилломасы вирусына (HPV) қарсы Gardasil вакцинасын алатын адамдарға дәл осындай шектеулер қоймайды. Бұл вакцина да жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алуға арналған. «Егер сақтандыру компаниясы тек PrEP қабылдайды деген себеппен талаптарға толық сәйкес келетін адамды сақтандырудан бас тартса, бұл қисынсыз. Өйткені дәл сол адам PrEP қабылдамаса, сақтандырылар еді. Олар тәуекелі жоғары адамдарды сақтандырып, тәуекелі төмен адамдарды шеттетіп отыр», – дейді ЛГБТК+ қауымдастығы мен АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқықтарын қорғайтын GLAD Law ұйымының заңгері Бен Кляйн.

Вирджиниядағы жаңа заң АҚШ деңгейінде де осындай бастамалардың қолға алынуымен тұспа-тұс келіп отыр. Калифорния мен Миннесота штаттарының сенаторлары мұндай кемсітушілікке бүкіл ел бойынша тыйым салатын заң жобасын әзірледі.

АҚШ-та сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді және PrEP-тің оған қандай қатысы бар?

АҚШ-та сақтандырудың екі негізгі түрі бар: медициналық сақтандыру (health insurance) және өмірді сақтандыру (life insurance). Бұдан бөлек, мүгедектіктен сақтандыру және ұзақ мерзімді күтімге арналған сақтандыру сияқты ұқсас өнімдер де бар. Олардың әрқайсысының мақсаты мен құқықтық реттелуі әртүрлі.

Медициналық сақтандыру емделуге, дәрі-дәрмекке және профилактикалық қызметтерге жұмсалатын шығындарды өтейді. Федералдық заңға сәйкес сақтандыру компаниялары белгілі бір профилактикалық қызметтерді сақтандыру пакетіне пациенттен қосымша ақы алмай енгізуге міндетті. АИТВ-ның алдын алуға арналған PrEP препараты 2019 жылдан бастап осы тізімге енгізілген. Сондықтан оны дәрігер тағайындаған барлық азаматқа медициналық сақтандыру арқылы төлеу міндетті. Бұл талап АҚШ-тың барлық штаттарына бірдей қолданылады.

Өмірді сақтандыру – мүлде басқа өнім. Ол емдеу шығындарын өтемейді. Оның орнына сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда оның туыстарына немесе өзі көрсеткен бенефициарларға алдын ала белгіленген сақтандыру төлемі беріледі. Бұл – отбасының табысын сақтап қалуға, қарыздарды, ипотеканы немесе балалардың оқуына байланысты шығындарды жабуға мүмкіндік беретін қаржылық қорғау құралы.

Өмірді сақтандыру полисін рәсімдеу кезінде сақтандыру компаниясы адамның денсаулық жағдайын және өмір салтын бағалайды. Бұл процесс андеррайтинг деп аталады. Осы мақсатта сақтандырушы медициналық тарихты, зертханалық талдау нәтижелерін, қабылдап жүрген дәрі-дәрмектер туралы мәліметті, сондай-ақ мамандығы, хоббиі және өмір сүру ұзақтығына әсер етуі мүмкін өзге де факторлар жөніндегі ақпаратты сұратуы мүмкін.

Осы мәліметтердің негізінде сақтандыру компаниясы:

  • сақтандыру полисін беру немесе бермеу туралы;
  • сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін (стандартты деңгейден жоғары немесе төмен) белгілеу туралы;
  • сақтандыру шарттарына белгілі бір шектеулер немесе алып тастаулар енгізу туралы шешім қабылдайды.

Андеррайтинг – көптеген елдерде қолданылатын қалыпты тәжірибе. Ол актуарлық есептеулерге негізделеді: сақтандырушылар халықтың әртүрлі топтары бойынша өлім-жітім мен сырқаттанушылық статистикасын талдап, тәуекелдің әділ құнын анықтайды.

PrEP (pre-exposure prophylaxis) – АИТВ жұқтыру қаупі жоғары адамдар инфекцияның алдын алу үшін қабылдайтын дәрілік препарат. Клиникалық зерттеулер оның дұрыс қабылданған жағдайда жыныстық қатынас арқылы АИТВ жұқтыру қаупін шамамен 99%-ға төмендететінін дәлелдеген. Препарат АҚШ-та 2012 жылдан бері қолдануға рұқсат етілген және оның тиімділігі әлемдік медицина қауымдастығы тарапынан мойындалған.

2026 жылдың шілдесіне дейін Вирджиния штатында және АҚШ-тың көптеген басқа штаттарында өмірді сақтандыру компаниялары PrEP қабылдайтын азаматтарға сақтандыру полисін беруден бас тарта алатын немесе оларға жоғары сақтандыру сыйлықақысын белгілей алатын. Сақтандырушылар PrEP қабылдауды адамның АИТВ жұқтыру қаупі жоғары өмір салтын ұстанатынының белгісі ретінде қарастырған. Алайда препараттың өзі бұл қауіпті ең төменгі деңгейге дейін азайтады. Сонымен бірге дәл осы компаниялар адам папилломасы вирусына (HPV) қарсы вакцина сияқты басқа да профилактикалық құралдарды пайдаланатын адамдарға мұндай шектеулер қолданбаған.

Дереккөз: https://www.vpm.org/news/2026-06-30/prep-hiv-spanberger-virginia-ward-klein-glad-healthcare

Фото: ашық дереккөздерден.

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз
Ресейлік алаяқтар қымбаттау полистерді таңдайды
Ресейлік алаяқтар қымбаттау полистерді таңдайды

2019 жылы алаяқтардың кесірінен сақтандыру комп...

2026 жылға арналған ең тиімді инвестициялық жоспар – ULIP пе?
2026 жылға арналған ең тиімді инвестициялық жоспар – ULIP пе?

Көптеген банктер мен сақтандыру компаниялары ...

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру