bs-preloader__icon
ru kz

Айова тұрғыны отбасы мүшелерінің хабарынсыз 11 өмірді сақтандыру полисін рәсімдеген

АҚШ-тың Айова штатындағы Уолкотт қаласында 61 жастағы Стэнли У. Блайтқа жеке деректерді ұрлау және құжаттарды қолдан жасау баптары бойынша айып тағылды. Ол өз отбасы мүшелерінің келісімінсіз олардың атына өмірді сақтандыру полистерін рәсімдеген.
Айова тұрғыны отбасы мүшелерінің хабарынсыз 11 өмірді сақтандыру полисін рәсімдеген

Сот құжаттарына сәйкес, 2024 жылғы ақпан мен 2025 жылғы қаңтар аралығында Блайт туыстарының хабарынсыз кемінде 11 өмірді сақтандыру полисін рәсімдеген. Алаяқтықтың мақсаты – өзі қызмет атқарған сақтандыру компаниясын алдап, агенттік комиссия алу болған. Осылайша ол кемінде 36 360 АҚШ доллары көлемінде комиссиялық сыйақы алған.

Полиция Блайтқа 1 500-ден 10 000 АҚШ долларына дейінгі сомадағы жеке деректерді ұрлаудың 10 эпизоды, ауыр қылмыс санатына жататын құжаттарды қолдан жасаудың 11 эпизоды, сондай-ақ 1 500 АҚШ долларынан аз көлемдегі жеке деректерді ұрлау және 10 000 АҚШ долларынан асатын сомадағы сату кезіндегі алаяқтық бойынша айып тақты. Бұдан бөлек, оған ұзақ уақыт бойы қылмыстық әрекетпен айналысты және қылмыстық ұйымға қатысы бар деген айыптар да тағылған.

Қазіргі уақытта Блайт Скотт округінің түрмесінде 75 000 АҚШ доллары көлеміндегі кепілмен қамауда отыр. Алдын ала сот отырысы 7 шілдеге белгіленген.

Мәселенің ауқымы

Айовадағы бұл оқиға – сақтандыру саласындағы алаяқтықтың көптеген мысалдарының бірі ғана. АҚШ-тың Сақтандыру комиссарларының ұлттық қауымдастығының (NAIC) дерегіне сәйкес, өмірді сақтандыру саласындағы алаяқтық америкалық тұтынушыларға жыл сайын 74,7 млрд АҚШ долларына шығын келтіреді. Бұл сақтандыру алаяқтығынан болатын жалпы шығынның шамамен төрттен бір бөлігі. Жалпы шығын көлемі жылына кемінде 308,6 млрд АҚШ долларын құрайды.

Ал АҚШ Федералдық тергеу бюросының (ФБР) бағалауынша, сақтандыру алаяқтығының салдарынан орташа америкалық отбасы сақтандыру жарналарының қымбаттауына байланысты жыл сайын қосымша 400–700 АҚШ долларын төлейді.

Сонымен қатар мұндай қылмыстардың әшкерелену деңгейі өте төмен. RGA Global Claims Fraud Survey зерттеуіне сәйкес, анықталған сақтандыру алаяқтығы фактілерінің 2%-дан азы ғана сотқа дейін жетеді.

Сарапшылардың айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты алаяқтар ұрланған жеке деректер мен жасанды тұлғаларды (synthetic identities) барған сайын жиі пайдалануда. Сақтандыру қылмыстарымен күрес жөніндегі ұлттық бюроның (NICB) болжамынша, 2025 жылдың соңына қарай жеке деректерді ұрлауға байланысты сақтандыру алаяқтығының саны 49%-ға артады.

Өмірді сақтандыру саласындағы ең кең таралған алаяқтық схемаларының қатарында сақтандыру сыйлықақысын иемдену (агент клиенттен ақша алып, полисті рәсімдемейді), ештеңеден хабарсыз клиенттердің атынан өтініштерді қолдан жасау, сақтандыру төлемін алу үшін өлім немесе мүгедектік фактісін қолдан ұйымдастыру, сондай-ақ бөтен адамның жеке деректерін пайдаланып полистер рәсімдеу және комиссия алу бар. Айовалық Блайт дәл осы соңғы схеманы пайдаланып, отбасы мүшелерінің хабарынсыз олардың атына сақтандыру полистерін рәсімдеген.

«Жеке деректерді ұрлау және жасанды тұлғаларды пайдалану – өмірді сақтандыру, медициналық сақтандыру және жүк ұрлау салаларындағы алаяқтықтың негізгі құралы», – деді NICB президенті Дэвид Дж. Глау. Оның айтуынша, қылмыскерлер жалған тұлғалар жасап, қайтыс болған адамдардың атын пайдаланады немесе сақтандыру және зейнетақы шоттарын бұзып, заңсыз төлем алуға тырысады.

Сақтандыру алаяқтығы барлық адал сақтанушыларға тікелей әсер етеді. Оның салдарынан сақтандыру жарналары орта есеппен жылына 900 АҚШ долларына дейін өседі. NICB мәліметінше, бұл құбылыспен тиімді күресу үшін сақтандыру компаниялары мен құқық қорғау органдарының тығыз ынтымақтастығы қажет. Алайда бүгінгі таңда қылмыскерлердің өте аз бөлігі ғана сот алдында жауап береді, ал қалғандары жүйедегі жаңа олқылықтарды іздеуді жалғастыруда.

Дереккөз: https://www.kwqc.com/2026/06/29/walcott-man-facing-multiple-forgery-identity-theft-charges/

Фото: ашық дереккөздерден.

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз
Moody's еуропалық сақтандырушылардың мәселелерін көрсетті
Moody's еуропалық сақтандырушылардың мәселелерін көрсетті

Еуропалық сақтандырушылардың төлем қабілетті...

ҚР өмірді сақтандыру төлемдері 80%-ға артты
ҚР өмірді сақтандыру төлемдері 80%-ға артты

2020 жылғы қаңтар-сәуір айларында өмірді сақтан...

Ыстықта шөлігіп ішкен сода өңештің жарылуына әкелуі мүмкін
Ыстықта шөлігіп ішкен сода өңештің жарылуына әкелуі мүмкін

Терапевт Водовозов ешқашан қатты ыстықта салқ...

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру