Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Қаржылық қадағалау комиссиясымен, Тайнань қаласының әкімшілігімен және Nan Shan Life Insurance Co сақтандыру компаниясымен бірлесіп, баспасөз конференциясын өткізіп, қабылданған шара туралы жариялады.
Қоршаған ортаны қорғау министрі Пэн Чи-мин өткен жылы Nan Shan компаниясы министрлікке осы бастаманы ұсынғанын, ал 28 мамырда комиссия ыстықтың әсерінен болатын денсаулыққа зиян келтіру жағдайларына арналған микросақтандыру бағдарламасын мақұлдағанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл шара ғимараттардың тозуы мен жоғары температура жағдайында халықты климаттық қауіптерден қорғауға бағытталған министрлік бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Пэн бұл бастаманың жалғыз тұратын қарт адамдардың денсаулығын тексеруге арналған дәстүрлі қызметтерден ерекшеленетінін атап өтті. Себебі бағдарлама ыстық өту қаупіне ең осал халықтың 5%-ына бағытталған және жоғары тәуекел деңгейін анықтау үшін технологияларды қолданады.
Тайваньда жыл сайын 3 000-нан астам адам ыстық ауа райына байланысты денсаулық мәселелері бойынша медициналық көмекке жүгінеді. Бұл ретте егде жастағы адамдардың қауіп-қатерге ұшырау ықтималдығы жоғары. Микросақтандыру полисі табысы төмен және орташа отбасылардан шыққан, сондай-ақ жалғыз тұратын 15 пен 75 жас аралығындағы адамдарға ауруханаға жатқызылған жағдайда 10 000 тайвань долларына дейін (шамамен 144 000 теңге) біржолғы сақтандыру төлемін қарастырады.
Пэннің мәлімдеуінше, сақтандыру сыйлықақылары Nan Shan Life Charity Foundation қайырымдылық қоры есебінен толық төленеді. Бір жылдық пилоттық бағдарламаны іске асыру үшін Тайнань қаласы таңдалған. Министр бұл бастама кейіннен ерекше мәртебесі бар алты ірі муниципалитеттің барлығына таралады деп күтетінін айтты.
Тайнань қаласының Қоршаған ортаны қорғау бюросының бас хатшысы Чу Мэй-куэйдің хабарлауынша, ел бойынша 65–74 жас аралығындағы адамдардың ыстыққа байланысты медициналық көмекке жүгіну жағдайларының саны 2015 жылғы 333-тен 2024 жылы 791-ге дейін өскен. Бұл көрсеткіш соңғы он жылда шамамен 2,5 есе артқан.
Көптеген егде жастағы адамдар ыстықты сезіне бермейді және электр энергиясын үнемдеу мақсатында кондиционерді пайдаланудан бас тартады. Алайда Чу Мэй-куэйдің айтуынша, ауа температурасы 35°C-тан асқан кезде ишемиялық инсульт қаупі екі еседен астам артады.
Қала әкімшілігі Чэн Кун ұлттық университетімен бірлесіп, ғимарат ішіндегі температураны болжау моделін әзірлеуде. Бұл модель сыртқы ауаның ағымдағы температурасына сүйене отырып, қысқа мерзім ішінде үй-жай ішіндегі температураның өзгеруін болжауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қауіп деңгейіне қарай телефон қоңыраулары немесе үйге бару арқылы көмек көрсетудің кезеңдік жүйесі енгізілген. Оның аясында адамдарға салқындату құралдары ұсынылады немесе жақын маңдағы салқын орындар туралы ақпарат беріледі.
Дереккөз: Taipei Times
Фото ашық дереккөздерден алынды.


