bs-preloader__icon
ru kz

Балаңыздың жазғы демалысы қанша тұрады?

Freedom Life өмірді сақтандыру компаниясының мамандары балалар демалысының құнын, интернетті пайдалану статистикасын және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар туралы деректерді талдап, мектеп оқушыларының каникулды қалай өткізетінін және ата-аналар баласын ең аз шығынмен немен айналыстыра алатынын анықтады.
Балаңыздың жазғы демалысы қанша тұрады?

Жазғы демалыс балаларға көптен күткен еркіндік сыйласа, ата-аналарға үш айға жуық уақытқа пайдалы әрі қауіпсіз бос уақытты ұйымдастыру міндетін жүктейді. Ересектер жұмыста болған кезде «баланы немен айналыстыруға болады?» деген сұрақ ерекше өзекті бола түседі.

Қазақстанда ұйымдастырылған балалар демалысының құны жыл сайын дерлік өсіп келеді. Жазғы лагерьлер бойынша онлайн ұсыныстарды талдау соңғы он жылда жолдаманың орташа бағасы алты есеге артқанын көрсетті: 2015 жылғы 30 мың теңгеден 2026 жылы 180 мың теңгеге дейін.

Бағаның өсуі көптеген отбасылардың мүмкіндігінен айтарлықтай асып түсуде. Егер он жыл бұрын лагерь баланың жазғы демалысын ұйымдастырудың салыстырмалы түрде қолжетімді тәсілі болса, бүгінде бір ауысымның құны отбасының бір айлық табысының елеулі бөлігін құрауы мүмкін.

Сонымен қатар, ел бойынша орташа көрсеткіштер толық көріністі бере бермейді. Өңірге және инфрақұрылым деңгейіне байланысты демалыс құны айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін.

2026 жылғы онлайн ұсыныстарды талдау деректеріне сәйкес, мемлекеттік лагерьлерде бір ауысымның бағасы 70 мың теңгеден басталып, Алматы облысындағы кейбір қала сыртындағы лагерьлерде 300 мың теңгеге дейін жетеді.

Лагерь шығындарын есепке алмағанның өзінде көптеген ата-аналар спорт секцияларының, үйірмелердің, репетиторлардың және түрлі ойын-сауықтардың ақысын төлеуді жалғастырады. Соның нәтижесінде бір баланың жазғы маусымдағы шығыны 200–400 мың теңгеден асып кетуі мүмкін.

Кейбір отбасылар үшін мұндай шығындар тым жоғары болып шығады. Соның салдарынан көптеген балалар каникул уақытын гаджеттермен үйде немесе нақты жоспары мен дамытушы белсенділіктері жоқ көшеде өткізеді.

Көше — «тегін ойын-сауық»

Жасөспірімнің ұйымдастырылған ісі болмаған жағдайда, бос уақыты көбіне мақсатсыз серуендеуге, сауда орталықтарына баруға, кездейсоқ компанияларда жүруге және аулалардағы кешкі басқосуларға кетеді. Дәл каникул кезінде балалар ересектердің тұрақты бақылауынсыз жиі қалады.

Мамандар жасөспірімдер қылмысын бұрыннан жұмыспен қамтылмау және ұйымдастырылған бос уақыттың болмауымен байланыстырады. Соңғы 10 жылда Қазақстанда жасөспірімдер қылмысының деңгейі шамамен үш есеге, ал 24 жыл ішінде төрт есеге жуық төмендегеніне қарамастан, мәселе әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 1703 кәмелетке толмаған жас қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35%-ға көп. Көбінесе жасөспірімдер ұрлық, бұзақылық, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және тонау фактілері бойынша жауапқа тартылған. Негізгі тәуекел тобы — 16–17 жастағы жасөспірімдер.

Сонымен қатар мемлекет профилактикалық жұмыстарды күшейтуді жалғастыруда. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға азайған. Буллингтің, кибербуллингтің және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында мектептер, полиция, медициналық ұйымдар мен қорғаншылық органдары арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі енгізілді.

Бала «жай ғана үйде отырғанда» не болады?

Бір қарағанда, жасөспірім үйде болса қауіпсіз сияқты көрінеді. Алайда дәл жаз мезгілінде балалардың интернетте өткізетін уақыты күрт артады.

Оқу жылы кезінде күн тәртібінің белгілі бір бөлігі мектеппен, үй тапсырмаларымен, спорт секцияларымен және үйірмелермен реттеледі. Каникул кезінде бұл тәртіп жоғалады. Смартфон негізгі ойын-сауық құралына айналып, кейде бала үшін қарым-қатынасты, хоббиді және белсенді демалысты алмастырады.

Статистика цифрлық ортаның қазіргі балалар өміріне қаншалықты жылдам енгенін көрсетеді. Егер 2015 жылы Қазақстандағы 6–15 жас аралығындағы балалардың 53,1%-ы интернет пайдаланған болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 92,2%-ға жеткен. Осылайша тоғыз жыл ішінде балалар арасындағы интернетті пайдалану деңгейі 39,1 пайыздық тармаққа өскен.

Әсіресе интернет белсенділігі қала мектеп оқушылары арасында жоғары. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы қалаларда тұратын балалардың 95,9%-ы интернет пайдаланған. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 87%-ды құрады.

Сонымен бірге барлық ата-аналар балалардың цифрлық белсенділігін бақыламайды және олармен интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық мәселелерін талқылай бермейді. Ал дәл каникул кезінде балалар интернет-алаяқтыққа, кибербуллингке, күмәнді чаттарға, жеке деректерді алдап алуға бағытталған әрекеттерге және басқа да онлайн қауіптерге жиі тап болады.

Баланы жазда қосымша шығынсыз немен айналыстыруға болады?

Қазіргі балалардың өмірінен гаджеттерді толықтай алып тастау мүмкін емес. Интернет әлдеқашан жай ғана ойын-сауық құралы болудан қалып, қарым-қатынас жасаудың, ақпарат алудың және бос уақыт өткізудің негізгі ортасына айналды.

Сондықтан сарапшылар бүгінде басты мәселе баланың интернетте қанша уақыт өткізетіні емес, ол жерде нақты немен айналысатыны екенін жиі айтады.

Пайдалы бос уақытты ұйымдастырудың бір жолы — мектеп оқушыларына арналған қаржылық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздік бойынша білім беру жобасы Freedom Camp болуы мүмкін. Алты жылдан астам уақыт ішінде жоба аясында еліміздің түрлі өңірлерінен 13 мыңнан астам бала білім алған.

Қазіргі таңда оқушыларға екі онлайн-платформа қолжетімді. camp.ffin.life сайтында қаржылық сауаттылық пен жеке қаржыны басқару негіздерін үйренуге болады. Ал campdigital.ffin.life платформасы цифрлық қауіпсіздікке арналған және жеке деректерді қорғау, интернет-алаяқтық, кибербуллинг пен желідегі қауіпсіз мінез-құлық мәселелерін түсінуге көмектеседі.

Екі платформадағы оқу да тегін және онлайн форматта қолжетімді. Бұл курстарды тұрғылықты жеріне қарамастан, ыңғайлы уақытта өтуге мүмкіндік береді.

Ұйымдастырылған жазғы демалыс барған сайын қымбаттап, экран алдында өткізілетін уақыт артып жатқан жағдайда, мұндай жобалар жасөспірімдерге үйреншікті онлайн ортаны пайдалы білім мен дағдылар алумен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Фото ашық дереккөздерден алынды.

 
 
Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру