Жас ұлғайған сайын бұлшықеттер біртіндеп әлсіреп, энергия өндіру қабілеті төмендейді және қалпына келу үдерісі баяулайды. Әдетте мұндай өзгерістер қартаюдың табиғи бөлігі ретінде қарастырылады. Алайда зерттеушілер бұл үдерісте дене белсенділігінің қандай рөл атқаратынын анықтауды ұйғарды.
Зерттеуге 47 адам қатысты. Ғалымдар жас еріктілердің көрсеткіштерін дені сау егде жастағы адамдардың екі тобымен салыстырды. Бірінші топқа күнделікті өмірде белсенді қозғалғанымен, тұрақты жаттығу бағдарламасын ұстанбайтын адамдар кірді. Ал екінші топтағы қатысушылар аптасына кемінде үш рет, бір сағаттан спортпен шұғылданған.
Жас қатысушылар мен физикалық белсенді егде жастағы адамдар күніне шамамен бірдей қашықтықты жүріп өткен – орта есеппен 10 мың қадам. Алайда молекулалық деңгейде олардың бұлшықеттері арасында айтарлықтай айырмашылық болған. Егде жастағы қатысушыларда бұлшықеттерді энергиямен қамтамасыз ететін жасушалық «электр станциялары» – митохондриялардың жұмысына жауап беретін гендердің белсенділігі төмендеген.
Ал тұрақты түрде жаттығатын егде жастағы адамдарда жас ұлғаюына байланысты молекулалық өзгерістердің жартысынан астамы байқалмаған. Әсіресе энергия алмасу мен митохондриялардың жұмысына жауап беретін гендер белсенділігіндегі айырмашылық айқын көрінген. Физикалық жүктемеден кейін олардың бұлшықеттерінің реакциясы жас еріктілердің көрсеткіштеріне де жақын болған.
Сонымен қатар тұрақты жаттығатын қатысушылардың өзінде жасқа байланысты кейбір өзгерістер сақталған. Олар тіндердің қалпына келуіне, жасушалар арасындағы сигналдардың берілуіне және физикалық жаттығулар арқылы толық өтеу мүмкін емес басқа да үдерістерге қатысты болған.
Зерттеу авторлары алынған нәтижелер себеп-салдарлық байланысты анықтауға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Тұрақты жаттығумен айналысатын адамдардың бұлшықеттері бастапқыдан-ақ сау болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды. Яғни бұлшықеттердің жақсы жағдайы жаттығулардың нәтижесі емес, адамның бастапқы денсаулығына байланысты болуы ықтимал. Бұдан бөлек, физикалық жүктеме қарқындылығы әр қатысушының жеке мүмкіндіктеріне қарай есептелгендіктен, топтар арасындағы көрсеткіштерді тікелей салыстыру қиын болған.
Соған қарамастан, зерттеу нәтижелері жүйелі әрі жоспарлы дене жаттығулары бұлшықеттердің молекулалық деңгейде қартаюының баяулауымен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді. Ғалымдардың пікірінше, егде жаста денсаулықты сақтау үшін күнделікті көбірек қозғалып, қадам санын арттыру ғана емес, сонымен қатар тұрақты түрде толыққанды дене жаттығуларын орындау да маңызды.
Дереккөз: Incrussia
Фото ашық дереккөздерден алынды.


