Баяулау нарықтың екі сегментіне де әсер етеді. Өмірді сақтандыру секторында сыйлықақылар өсімі 2024 жылғы 6,1%-дан 2025 жылы 1,0%-ға дейін түседі. Тәуекелді сақтандыру (өмірден тыс) сегментінде, яғни автосақтандыру мен мүлікті сақтандыруды қамтитын бағыттарда өсім 4,7%-дан 2,6%-ға дейін баяулайды.
Негізгі сын-қатерлер
Өзгерістердің басты себебі – АҚШ енгізген сауда баждары. Олар әсіресе автосақтандыруда сақтандыру жағдайларының құнын арттырады.
«Импорттық баждардың салдарынан автокөлік бөлшектерін жөндеу мен ауыстыру қымбаттауда. Біздің болжамымыз бойынша, АҚШ-та көліктерді жөндеу мен ауыстыру құны 2025 жылы 3,8%-ға өседі», — делінген есепте. Бұған дейін сарапшылар бұл көрсеткіштің 0,8%-ға төмендеуін болжаған еді.
Сондай-ақ құрылыс шығындарының артуы мүлікті сақтандыруға әсер етеді. АҚШ-та құрылыс шығындары 3,6%-ға өседі деп күтілуде.
Жағдайды қиындататын тағы бір фактор — геосаяси жіктелудің күшеюі. Бұл сақтандыру саласының негізгі қағидаларының бірі — тәуекелдерді жаһандық әртараптандыру мүмкіндігін әлсіретеді. Елдер арасындағы капитал қозғалысының шектелуі ірі апаттардан келетін шығындарды өтеу қабілетін төмендетуі ықтимал.
Нарыққа әсері
Халықаралық сауданың қысқаруы теңіз, әуе және сауда несиесін сақтандыру сияқты мамандандырылған сақтандыру түрлеріне сұраныстың төмендеуіне әкеліп отыр.
Сонымен бірге, жаһандық «қорғаныс алшақтығы» — сақтандырылмаған тәуекелдердің құны — 2023 жылы 1,83 триллион долларға жетті. Ауыл шаруашылығы, денсаулық, өлім және табиғи апаттарға қатысты тәуекелдердің 40%-дан астамы сақтандырусыз қалып отыр. Геосаяси жіктелу бұл алшақтықты одан әрі ұлғайтуы мүмкін.
Өсу нүктелері
Барлық қиындықтарға қарамастан, салада өсім әлеуеті сақталып отыр. Оның бастысы — демографиялық тренд.
«65 жастан асқан жаһандық халық саны 2050 жылға қарай 1 миллиардқа жетеді. Бұл өмірді сақтандыру нарығына жаңа мүмкіндіктер ашады. 2035 жылға қарай осы сектордағы сыйлықақылар көлемі 5,1 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр», — дейді Swiss Re сарапшылары.
Тағы бір оң фактор — инвестициялық ортаның жақсаруы. Пайыздық мөлшерлемелердің өсуі сақтандыру компанияларының инвестициялық портфельдерінің кірістілігін арттыруда. Тәуекелді сақтандыру секторындағы капиталдың рентабельділігі шамамен 9,7% деңгейінде тұрақталады деп күтілуде.
Осылайша, сала жаңа тәуекелдер мен өсіп келе жатқан мүмкіндіктер арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, күрделі кезеңге дайындалуда.
Дереккөз: riskandinsurance.com
Фото ашық дереккөздерден алынған.


