Салыстыру үшін: тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1991 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы небәрі 67,6 жас болған. Кейін 2000-жылдардың күрделі кезеңі болды — 2001 жылы бұл көрсеткіш 65,6 жасқа дейін төмендеді. Алайда содан бері тұрақты өсім байқалады: 2011 жылы — 68,98 жас, 2021 жылы — 70,23 жас, 2025 жылы — 75,97 жас.
Осылайша, соңғы 35 жыл ішінде Қазақстан азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа артқан.
Бұл өсімге ықпал еткен негізгі факторлардың бірі — жұқпалы емес аурулармен (ЖЕА) күрес. 2025 жылы Қазақстан ДДСҰ Еуропалық өңіріндегі елдер арасында жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітімді 25%-ға төмендеткен он елдің қатарына енді. Бұл — ДДСҰ Еуропалық бағдарламасының мақсатты көрсеткіші.
Сарапшылардың бағалауынша, оң динамика денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін, халықтың өмір сапасының жақсарғанын және өлім-жітім деңгейінің төмендегенін көрсетеді.
Қазақстан Үкіметі алға қойған маңызды міндеттердің бірі — «Денсаулық сақтау жүйесін дамыту тұжырымдамасы» аясында 2029 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыру.
Осылайша, ел тек тарихи максимумды тіркеп қана қоймай, ұлттың өмір сапасын сипаттайтын осы маңызды көрсеткішті одан әрі арттыруға ұмтылып отыр.
Ашық дереккөздерден алынған фото


