Halyk-Life жиырма жылдық қызметі барысында нарықтағы жас қатысушыдан оның негізгі көшбасшыларының біріне дейінгі жолдан өтті. Пресс-конференция барысында компанияның 2025 жылдың 9 айындағы қаржылық көрсеткіштері ұсынылды. Кезең қорытындысы бойынша «Halyk-Life» АҚ өмірді сақтандыру нарығында көшбасшылық орнын сақтап, активтер көлемі, сақтандыру резервтері, меншікті капитал және таза пайда бойынша бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ спикерлер Қазақстандағы өмірді сақтандыру нарығының даму динамикасы мен перспективаларын талқылады.
Жинақтаушы өмірді сақтандыруды кепілдендіру тақырыбына ерекше назар аударылды. Компания өкілдері заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, 2025 жылғы 30 тамыздан бастап жинақтаушы өмірді сақтандырудың барлық түрлері Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының (СТКБҚ) кепілдендіру жүйесіне енгізілгенін атап өтті. Бұл клиенттердің қаражатын қосымша қорғауды қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді сақтандыру өнімдеріне деген сенімді айтарлықтай арттырады. Бұл – компанияның 20 жылдық даму контексінде ерекше маңызды сегмент.
«Halyk-Life» АҚ басқарма төрайымы Лариса Зданович ағымдағы жылдағы қызмет қорытындылары туралы айтып, мерейтойлық жылдың компанияның тұрақтылығын, кемелденгендігін және клиенттердің жоғары деңгейдегі сенімін дәлелдегенін атап өтті.
«Сақтандыру – бұл тек сақтандыру жағдайы туындаған кезде қорғаныс емес. Ең алдымен, бұл болашақ қаржылық тұрақтылықты қалыптастыру құралы. Қолайлы сценарий кезінде клиент сақтандыру қорғанысын сақтай отырып, қосымша табыс алады», – деді Лариса Зданович.
«Сақтандыру компаниясын таңдағанда оның сенімділігіне, капитал деңгейіне және рейтингтеріне назар аудару маңызды. Халықаралық рейтингтік агенттік S&P Halyk-Life компаниясына BBB+ рейтингін берді, бұл оның тұрақтылығы мен қаржылық тәртібін растайды. Біз ірі қаржы тобының құрамына кіреміз, бұл біздің тұрақтылығымызды одан әрі күшейтеді. Жинақтаушы бағдарламалардың СТКБҚ кепілдендіру жүйесіне енгізілуі заңмен көзделген клиенттерді қорғаудың қосымша деңгейін қамтамасыз етеді», – деп қосты компания басшысы.
Журналистер нарықтағы ағымдағы үрдістер, заңнамадағы өзгерістер, жинақтаушы бағдарламаларды кепілдендіру ерекшеліктері, сондай-ақ Қазақстандағы өмірді сақтандыру саласының стратегиялық даму бағыттары бойынша сұрақтарына жауап алды.
Іс-шара аясында өмірді сақтандыру өнімдері туралы журналистік материалдардың жыл сайынғы байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Компанияның мерейтойлық жылында бұл байқау ерекше маңызға ие болды. Байқаудың негізгі мақсаты – өмірді сақтандыру тақырыбын кеңінен насихаттау және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. 2025 жылы төрт номинация бойынша 12 журналист лауреат атанып, олардың 5-еуі бүгін Алматыдағы пресс-конференцияда марапатталды.
«Halyk-Life» АҚ байқауға қатысқан барлық журналистерге қаржылық мәдениетті дамытуға және халықтың сақтандыру сауаттылығын арттыруға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
Ресми бөлімнен кейін БАҚ өкілдеріне арналған интерактивті ұтыс ойыны мен тақырыптық викторина өтті.
Фото: «Halyk-Life» ӨСК


