Өмірді инвестициялық сақтандыру – адам өмірін сақтандыруды және түрлі қаржы активтеріне (облигациялар немесе акциялар) ақшаны инвестициялау есебінен табысты алуға мүмкіндік беретін қаржы құралын біріктіретін өнім. «Адам полисті сатып алатын сақтандыру компаниясына қор нарықтарына инвестициялауды тапсырады. Негізгі мақсат – өмірді сақтандыру және түрлі ұзақ мерзімді өмірлік мақсаттарға капиталды жинау: білім алуға ақы төлеуге, зейнетақы жинақтары, жылжымайтын мүлік сатып алу және басқалары», - дейді «Nomad Life» ӨСК-нің Басқарма Төрағасы Қайрат Чегебаев.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес есептеулер ұлттық валюта – теңгеде жүргізілуі мүмкін. Бірақ unit linked бойынша шарттың талаптары, оның ішінде долларлық, инвестициялық стратегия аясында таңдалуы мүмкін. «Мұндай өнім банктегі депозитке қарағанда көбірек табыс табуға әрекет жасағысы келетін, бірақ бұл ретте арнайы білімі және өзінің бос қаражатын сапалы басқару үшін жеткілікті бос уақыты жоқтар үшін қызық болуы мүмкін», - дейді «Халык-Life» ӨСК-нің басқарушы директоры Виталий Любимов.
Клиенттің салымдары екі бөлікке бөлінеді: сақтандыру және инвестициялық. Сақтандыру бөлігі сақтандыруға жіберіледі және сенімді қаржы құралдарына, мысалы, мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестицияланады, және осы бөлік бойынша сақтандыру компаниясы табыстылықтың белгілі мөлшерлемесіне кепілдік береді. Инвестициялық бөлік клиент таңдаған портфельге жіберіледі. Сақтандырушылар көптеген стратегияларды ұсынады, ал клиент өзіне тәуекел/табыстылық ыңғайлы ара қатынасын өзі анықтайды. «Біздің өнімді мысалға келтіріп түсіндірейін. Nomad Life полистің мерзімдеріне байланысты 2,6%–3,41% деңгейінде өмірді жинақтаушы сақтандыру бойынша табыстылыққа кепілдік береді. Инвестициялық бөліктің табыстылығы клиент таңдаған инвестициялық портфельдерге байланысты. Мысалға, 15 жылда «АҚШ 100 ең ірі IPO компаниялары» портфелінің орташа брутто табыстылығы сақтандырушының шығындарын алып тастағанда, 14,53%-ды құрады», - деп нақтылайды «Nomad Life» ӨСК-нің Басқарма Төрағасы.
Өмірді инвестициялық сақтандыру бағдарламалары бойынша табыстылық тек қана клиент таңдаған инвестициялық құралдарға байланысты. «Инвестициялық стратегияның тәуекелі жоғары болған сайын, соғұрлым болжамды түрде инвестициялық портфельдің табыстылығы жоғары болуы мүмкін, бірақ шығындар тәуекелі де жоғарылайды», - дейді Виталий Любимов.
Заңнамаға сәйкес жинақталған қаражаттың, жарналардың мөлшері және шарттың басқа да талаптары туралы мәліметтер жариялануға жатпайды. Бұл ретте сақтандыру полисінің әрекет ету кезеңінде клиенттің қаражаты тыйым салуға жатпайды, жинақтар мүліктік даулар кезінде үшінші тұлғалардың наразылығынан қорғалған. «Unit-linked полисін сатып алу екі маңызды аспектке әкеледі – жинақтарды құру және күтпеген жағдайлар жағдайына материалдық көмекті қамтамасыз ету. Бірақ тағы бір артықшылық бар: unit linked-ке инвестициялар салық салынатын табыстан алынып тасталады, бұл қосымша табысты алуға мүмкіндік береді», - дейді «Сентрас Коммеск Life» ӨСК-нің Басқарма Төрайымы Гүлжан Джаксымбетова.
Өмірді сақтандыру шарты пайда алушыларды көрсетуді білдіреді. Сондықтан капитал иеленушісі атаулы түрде өз мүлкін мұрагерлеріне тапсыра алады. Сол арқылы мүліктік даулар болмайды, себебі активтер атаулы түрде қалаулы мұрагерлерге беріледі.
«Unit-linked бағдарламасы болашаққа қаржы мақсаттары бар тәжірибелі инвесторларға, сондай-ақ жаңадан келгендерге де капиталды жинау және көбейту үшін өте қолайлы», - деп қорытындылайды Гүлжан
Джаксымбетова.