bs-preloader__icon
ru kz

Зейнетақы төлемдері – БЖЗҚ немесе сақтандыру компаниясынан

2024 жылы 62 592 салымшы БЖЗҚ-дан өмірді сақтандыру ұйымдарына 394,54 млрд теңге аударды. Ал 2025 жылдың 1 шілдесіне дейінгі алты айда 33 543 салымшы 151,78 млрд теңгені сақтандыру компанияларына бағыттады. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады. Енді зейнетақы аннуитеті жайлы толығырақ айтып өтейік.
Зейнетақы төлемдері – БЖЗҚ немесе сақтандыру компаниясынан

Зейнетақы аннуитеті – бұл азамат пен өмірді сақтандыру компаниясы арасындағы келісім. Келісім бойынша сақтандыру компаниясы азаматқа өмір бойы немесе белгілі бір жасқа дейін ай сайын зейнетақы төлеп отыруға міндетті.

Қазақстан сақтандыру нарығында мынадай түрлері бар:

  • Жедел зейнетақы аннуитеті – келісім жасалғаннан кейін бірден төлемдер басталады.

  • Кейінге қалдырылған аннуитет – төлемдер келісімде көрсетілген уақыттан кейін басталады. Бұл түрі салым ақшасын инвестициялауға мүмкіндік береді, сондықтан болашақта алатын төлем көбірек болады.

  • Бірлескен (жұбайлық) аннуитет – екі адамның жинақтары біріктіріледі, төлемдер өмір бойы төленеді. Бірі қайтыс болған жағдайда екіншісі төлем алуды жалғастырады.

Аннуитет шартына қойылатын талаптар:

  1. Жас мөлшері

    • Жедел аннуитет: ерлер – 55 жастан, әйелдер – 53 жастан (2028 жылдан бастап әйелдердің жасы кезең-кезеңімен өсіп, 2031 жылы 55-ке теңеледі).

    • Егер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) кемінде 60 ай бойы төленген болса, жедел аннуитетті әйелдер де, ерлер де 50 жастан рәсімдей алады.

    • Кейінге қалдырылған аннуитет: міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) төлеген азаматтар үшін 45 жастан бастап. Ал қауіпті әрі зиянды салада істеп, МКЗЖ кемінде 60 ай төленгендер үшін – 40 жастан. Барлық жағдайда төлемдер 55 жастан басталады.

  2. Жинақ сомасы жеткілікті болуы керек
    2025 жылы ең төменгі айлық төлем – 32 360 теңге (күнкөріс минимумының 70%-ы). Мұндай төлем алу үшін ер адамдарда кемінде 9,1 млн теңге, әйелдерде – 11,9 млн теңге жинақ болуы тиіс.

Жинақ жеткіліксіз болған жағдайда:

  • ерікті зейнетақы жарналарын қосуға болады;

  • жұбайымен немесе жақын туыстарымен бірлескен аннуитет рәсімдеуге болады;

  • жетпеген соманы жеке қаражатпен толықтыруға болады.

Аннуитеттің ерекшеліктері:

  • ресми зейнет жасына жетпей-ақ төлем ала бастауға болады;

  • төлемдер өмір бойы жалғасады, тіпті жалпы төленген сома аударған жинақтан асып кетсе де;

  • жыл сайын төлем көлемі 7%-ға индексацияланады;

  • БЖЗҚ-дағыдай мұраға қалмайды, себебі жинақ сақтандыру компаниясына беріледі. Дегенмен келісімде кепілдендірілген төлем мерзімі қарастырылса, ол кезең ішінде мұрагерлерге де төленуі мүмкін.

Шарт жасасу тәртібі
Келісім жазбаша түрде жасалады. Ол үшін салымшы сақтандыру компаниясына өтініш береді. Қажетті құжаттар тізімі мен тапсыру жолдарын БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер – Зейнетақы аннуитеті» бөлімінен таба аласыз.

Шарт екі жылға дейін өзгертілмейді және бұзылмайды. Екі жылдан соң шартты басқа компанияға ауыстыруға болады, бірақ қаражатты БЖЗҚ-ға толық қайтару мүмкін емес.

Қанша қаражат жеткілікті екенін, сақтандыру компаниясынан немесе БЖЗҚ-дан қанша төлем алатыныңызды enpf.kz сайтындағы «Болжамды зейнетақы калькуляторы» арқылы есептеп көруге болады.

Шарт жасамас бұрын барлық шарттарды мұқият оқып шығу маңызды.

Фото ашық дереккөздерден алынған

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз
Қазақстанда зейнетақы аннуитеті қалай жұмыс істейді
Қазақстанда зейнетақы аннуитеті қалай жұмыс істейді

Қазақстанда күтілетін өмір ұзақтығы 2021 жылдың...

Балаларыңыз үшін жоғары білім алу үшін ақша жинаудың үш жолы
Балаларыңыз үшін жоғары білім алу үшін ақша жинаудың үш жолы

Қазақстандықтардың балалары үшін болашақты қ...

«Азия Life» ӨСК» АҚ өз атауын  «Freedom Finance Life» ӨСК» атауына өзгертеді
«Азия Life» ӨСК» АҚ өз атауын «Freedom Finance Life» ӨСК» атауына өзгертеді

Акциялары Қазақстандық қор биржасының (KASE) рес...

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру