Зейнетақы аннуитеті – өмірді сақтандыру компаниялары ұсынатын және жеткілікті зейнетақы жинақтары бар болғанда БЖЗҚ салымшыларына (алушыларына) өмірлік төлемдерді, оның ішінде заңмен белгіленген зейнеткерлік жастан ерте ала бастауға мүмкіндік беретін өнім.
Өзінің мазмұны бойынша зейнетақы аннуитеті – еңбек қызметі аяқталғаннан кейін басқа табыс көздері болмаған кезде, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерімен қатар болашақта қажеттіліктерді өтеуге арналған зейнетақымен қамсыздандыру құралы.
Өткен жылы зейнетақы заңнамасына салымшыларға (алушыларға) жұбайларымен немесе жақын туыстарымен бірге зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға мүмкіндік беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, бұл сақтандыру ұйымдарынан өмірлік сақтандыру төлемдерін қамтамасыз ету арқылы әйелдердің неғұрлым төмен зейнетақылары деген гендерлік проблеманы ішінара шешуі мүмкін.
Ерлі-зайыптылар бірлескен зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін өздерінің зейнетақы жинақтарын біріктіре алады. Мысалы, егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы аннуитет шартын жасасу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болса, ал екіншісінде артық болса, онда бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы ерлі-зайыптылардың екеуі де өздерін өмірлік төлемдермен қамтамасыз етеді. Бірлескен зейнетақы аннуитет шартын жасасқан кезде әрбір жұбайға сақтандыру төлемдері жеке белгіленеді және сақтандыру төлемдерінің дербес кестесі жасалады.
Ерлі-зайыптылар ай сайынғы сақтандыру төлемдерін өмір бойы, оның ішінде неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған жағдайда сақтандыру төлемдерінің кестесінде белгіленген мөлшерде алады, олардың жалпы мөлшері зейнетақы аннуитет шарты жасалған күнде қолданыстағы күнкөріс минимумының (КМ) 1,4 еселенген мөлшерінен төмен болмауы керек.
Ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болған жағдайда, екіншісі бірлескен зейнетақы аннуитет шартына сәйкес кесте бойынша дербес сақтандыру төлемдерін алуды жалғастырады (кемінде 0,7 КМ).
Осылайша, бірлескен зейнетақы аннуитеті егде жастағы төмен қаржылық қамтамасыз ету тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Фото ашық дереккөздерден алынған