Оқиға 2020 жылдың жазында болған. Орел облысының тұрғыны банкке 500 000 рубльді (2,5 млн теңге) депозитке орналастыру үшін барған. Алайда қаржы ұйымының қызметкерінің ықпалымен ол «Бенефит. Недюжинный доход» атты өмірді сақтандыру шартын рәсімдеп қойғаны кейін белгілі болды, деп хабарлайды «Орелград» ақпарат агенттігі.
Сотта анықталғандай, бір мезгілде «Россельхозбанк» АҚ мен «Россельхозбанк-Страхование жизни» ЖШҚ-да жұмыс істеген қызметкер әйелге сақтандыру өнімін табанды түрде ұсынып, оны «тиімді салым» деп сипаттаған және 200 000 рубль (1 млн теңге) көлемінде табыс уәде еткен.
Орта білімі бар және соңғы 20 жыл бойы тазалықшы болып жұмыс істеген зейнеткер кеңесшінің сөзіне сенген. Оның еңбек қызметі тәуекелдермен байланысты болмаған және өмірін сақтандыруға ешқандай қажеттілігі болмаған.
2025 жылдың шілдесінде әйел өзінің «салымы» бойынша қанша пайыз жиналғанын білмек болады. Банк қызметкерлері оған ешқандай пайыз есептелмегенін, ал олардың болмауын санкциялар мен котировкалармен түсіндіреді. Сол кезде ғана клиент өзін адастырғанын түсініп, сотқа жүгінеді. Талап арызында банк қызметті ұсыну кезінде қажетті ақпаратты тиісті түрде бермегенін көрсеткен.
Сақтандыру компаниясының өкілдері барлық шарттар түсіндірілгенін, ал келісімшарттағы талапкердің қолы оның келісімін білдіретінін айтты. Ал банк өз кезегінде мәміле тарапы болмағандықтан тиісті жауапкер емес екенін мәлімдеді.
Алайда сот зейнеткердің жағына шықты. Шешімде талапкер мәміленің мәнін күрделі терминология мен жеткіліксіз ақпарат салдарынан дұрыс түсінбей, адал түрде қателескені атап өтілген. Судьялар Ресей Банкі қаржы ұйымдарына қаржылық білімі жоқ адамдарға күрделі сақтандыру өнімдерін сатпау жөнінде берген ұсынымдарды да ескерген.
Сот шешімінде былай делінген:
«Талапкер қол қойған сақтандыру шартында барлық маңызды талаптардың көрсетілуі және шешімнің ерікті түрде қабылданғаны туралы ескертудің болуы өздігінен талапкер жасалған мәміленің құқықтық табиғатын және оның салдарын толық түсінді дегенді білдірмейді. Өйткені құжатта қолданылған ұғымдар мен терминдер жалпыға бірдей түсінікті емес, олар инвестициялау мен қаржылық қызметтер саласында кемінде бастапқы білімнің болуын талап етеді. Бұдан бөлек, сақтандыру шарты банк ғимаратында, сақтандырушының мүддесі үшін әрекет еткен банк қызметкерінің қатысуымен жасалған».
Сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. Шарт РФ Азаматтық кодексінің 178-бабы (жаңылысу әсерімен жасалған мәміле) негізінде жарамсыз деп танылды.
«РСХБ-Страхование жизни» ЖШҚ-дан талапкердің пайдасына:
-
500 000 рубль (2,5 млн теңге) — негізгі сома;
-
32 876 рубль (164 380 теңге) — РФ АК 395-бабы бойынша пайыздар;
-
30 000 рубль (150 000 теңге) — моральдық зиянды өтеу;
-
281 438 рубль (1,4 млн теңге) — «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес айыппұл өндірілді.
Ал «Россельхозбанк» АҚ-ға қатысты талап қанағаттандырылмады, себебі банк келісімшарттың тарапы болмаған.
Сот шешіміне Орел облыстық сотында шағым беруге болады.
Дереккөз: https://www.asn-news.ru/news/91557
Фото ашық дереккөздерден.


