Қазақстанда қаржылық институттарға сенім тарихи тұрғыда әлсіз. Кеңестік кезеңнің соңғы жылдары мен 90-жылдардағы дағдарыс халықтың көзқарасына әсер етті. Оның үстіне «болар іс болады» деген түсінік пен қаржылық сауаттың төмендігі жағдайды қиындатады. Тек басына іс түскенде ғана адам полистің қажеттілігін түсінеді. Бұл – қауіпсіздік белдігі секілді: артық сияқты көрінеді, бірақ апат кезінде өмірді сақтайды.
КСЖ BCC Life басқарма төрайымы Гүлжан Жақсыметованың айтуынша, біздің қоғамда әлі де «мемлекет немесе туыстар көмектеседі» деген әдет басым. «Адамдар көбіне бүгінгі күнді ойлайды, ал ұзақ мерзімді қорғаныс туралы сирек жоспарлайды. Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда ересек азаматтардың небәрі 12%-ында ғана өмірді сақтандыру полистері болған (оның ішінде жинақталмайтын бағдарламалар да бар). Ал жинақтаушы сақтандыруды рәсімдегендер – бар болғаны 0,4%. Бұл елімізде сақтандыру мәдениеті әлі қалыптасу кезеңінде екенін көрсетеді», – дейді ол.
Қазақстандағы өмірді сақтандыру нарығы жас: белсенді дамуы соңғы 15–20 жылда ғана басталды. Ал Еуропа мен АҚШ-та мұндай өнімдерге 150 жылдан астам уақыт болды, және сақтандыру полисі – онда қаржылық мәдениеттің ажырамас бөлігі.
КСЖ Freedom Life басқарма төрағасы Азамат Ердәсов: «Көбіне сенімсіздік қаржылық сауаттылықтың төмендігінен туындайды. Көпшілік өмірді сақтандыру қалай жұмыс істейтінін, қандай жағдайларды қамтитынын және басқа қаржылық құралдардан айырмашылығын білмейді. Сол себепті құндылығын көрмейді немесе “артық шығын” деп есептейді», – дейді.
Көптеген адамдар сақтандыру тек қайтыс болғанда ғана төленеді деп ойлайды. Шын мәнінде қазіргі полистер ауыр сырқаттарды, мүгедектікті, жарақаттарды, шетелде емделуді қамтиды, әрі білімге немесе ірі мақсаттарға ақша жинауға мүмкіндік береді.
КСЖ «Еуразияда»: «Кейде адамдар “теріс оқиғаны ойлаудың өзі жаман” деп қашқақтайды. Бірақ өмірде қиындықтар болады, және ондай сәтте сақтандыру қорғауы болғаны әлдеқайда дұрыс», – дейді.
Өмірді сақтандыруға қатысты ең көп тараған мифтер
Миф 1. «Жастарға полис қажет емес».
Керісінше, жас әрі дені сау кезде полис арзанырақ және тиімдірек. Дәл осы кезеңде күтпеген жағдайлар – ауру, жарақат, жазатайым оқиға – орын алса, ол барынша толық қорғау береді. Әсіресе отбасы асырап отырғандарға, ипотека төлеп жүргендерге және белсенді спортпен айналысатындарға маңызды.
Nomad Life-тағы нақты мысал: клиент айына 40 доллар төлеп отырған. Үш жылдан кейін күйеуі жазатайым оқиғадан мүгедек болып қалды. Полис бойынша төлем отбасының табысын сақтап қалуға көмектесті: ипотеканы төлеуді жалғастырып, балаларын оқытты, қарызға батпады.
Миф 2. «Бұл тым қымбат».
Бағасы жасқа, денсаулыққа, қамтылатын тәуекелдерге байланысты. Көп жағдайда жарна күнделікті бір кесе кофеден де арзан.
КСЖ «Коммеск-Өмір» басқарма төрағасы Олег Ханин: «Көбіне “қымбат” немесе “маған қажет емес” дегенді естимін. Бірақ есептесеңіз, бұл күнделікті шығындардан да аз. Ал “қажет болмайды” деу – белдікті тағумен бірдей: күнде апат болмайды, бірақ керек кезде ол өмірді сақтайды», – дейді.
Миф 3. «Жинақтаушы сақтандыру тек ауқатты адамдарға арналған».
Керісінше, мұндай бағдарламалар қарапайым адамдарға ірі мақсаттарға (мысалы, балалардың оқуына) жинауға көмектеседі. Айына небәрі 15 мың теңгеден бастауға болады. Бұл – орташа қазақстандықтың кофе мен жазылымға жұмсайтынынан аз.
КСЖ «Мемлекеттік аннуитеттік компаниясында»: «Біз тұрақты түрде қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер, вебинарлар, кеңестер өткіземіз. Клиенттерге нақты артықшылықтарды, төлемдердің мысалдарын көрсетеміз», – дейді.
Миф 4. «Ақша бекер кетеді».
Жинақтаушы бағдарламаларда мерзім соңында клиент өз қаражатын инвестициялық табыспен бірге қайтарады.
КСЖ Freedom Life-та нақты мысалдар бар: бір клиентке Израильде жүрегіне ота жасалды, екіншісінің онкологиялық емі Кореяда толық төленді. Барлық шығынды бағдарлама жапты. Бұл – сақтандырудың формальдылық емес, нақты көмек құралы екенін көрсетеді.
Миф 5. «Депозит жақсырақ».
Шын мәнінде, кейбір валюталық сақтандыру бағдарламаларының табыстылығы депозиттерден жоғары. Оның үстіне сақтандыру қорғауы қоса жүреді.
Миф 6. «Мемлекет бәрібір көмектеседі».
Әлеуметтік төлемдер бар, бірақ олар көбіне негізгі шығындардың өзін жаппайды.
КСЖ «Халық-Life» пресс-қызметі: «Жақында біз қайтыс болған клиенттің толық несиесін өтеп бердік, ол артында күйеуі мен екі кішкентай баласын қалдырған еді. Басқа бір жағдайда инсульт алған клиент емін сақтандыру төлемімен өтеді. Мұндай оқиғалар – сақтандырудың нақты артықшылығының дәлелі», – дейді.
Миф 7. «Компания сенімсіз болуы мүмкін».
Барлық өмірді сақтандыру компаниялары мемлекеттік лицензиямен жұмыс істейді, тәуекелдерін әлемдік серіктестерде қайта сақтандырады, қаржылық есептері ашық.
КСЖ «Еуразияда»: «Ұлттық банк пен компаниялардың сайттарында барлық есеп-қисап жарияланады. Сақтандыру төлемдері тұрақты түрде жасалады. Компания келісімшартта көрсетілген төлемнен негізсіз бас тарта алмайды», – дейді.
Фото ашық дереккөздерден алынған