bs-preloader__icon
ru kz en

S&P Қазақстанның сақтандыру компаниялары үшін басты қауіп-қатерді атады

Пандемияның экономикалық салдары ілеспе сақтандыру тәуекелдеріне қарағанда қазақстандық сақтандыру компанияларының көрсеткіштеріне көбірек әсер етеді, деп хабарлайды LS. Агенттіктің жаңа есебінде S&P сарапшылары осындай пікірмен бөлісті.
S&P Қазақстанның сақтандыру компаниялары үшін басты қауіп-қатерді атады

«Біз пандемияның экономикалық және қаржылық салдары, мұнай бағасының төмендеуі және қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық алдағы 12-24 айда қазақстандық сақтандыру компаниялары үшін беріктікке тексеріс болады деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта жағдайдың тез өзгеріп жатқанын назарға ала отырып, макроэкономикалық жағдайдың нашарлауы мен COVID-19 Қазақстанның сақтандыру секторына тигізетін қаржылық ықпалын бағалау тым ерте. Біз вирустың таралуын тежеу шаралары әлемдік экономиканы рецессияға итермеледі деп ойлаймыз», - деп атап өтті S&P агенттігінде.

Талдаушылардың көзқарасы бойынша коронавирус және қолайсыз макроэкономикалық жағдай қаржылық көрсеткіштері пандемия басталғанға дейін қысымға ұшыраған шағын және әлсіз сақтандыру компанияларына теріс әсер етуі мүмкін.

«Мұндай ұйымдардың көпшілігі вируспен байланысты сақтандыру төлемдерін және қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың салдарын сіңіре алады. Соның салдарынан, рейтингтер бойынша болжамдар капиталдандырудың жеткілікті көрсеткіштерінің арқасында «тұрақты» болып қала береді. Сондай-ақ, біз бұл ұйымдар үшін жалпы сақтандыру секторының өсу перспективасы 2020 жылы жоғары болмай қалады деп күтудеміз. 2021 жылы қалпына келтіру болжанып отыр. Ол макроэкономикалық ахуалдың жақсаруына, жеке тұлғалардың сатып алу қабілетінің артуына және экономикалық белсенділіктің жандануына байланысты болады. Біз бұрынғысынша 2020-2021 жылдары өмірді сақтандыру секторындағы өсу перспективаларын оң бағалап, осы жылы шамамен 15% деңгейінде өсуді болжап отырмыз, бұл реттеуші органның бірқатар бастамаларына қолдау көрсетілетін болады», - деп баса айтты агенттікте.

Сондай-ақ, сарапшылар ТЖ және карантин кезеңінде барлық қаржы ұйымдарының жұмысына мәжбүрлі түрде шектеу қоюға қатысты пікір білдірді.

«Өздерінің бизнес-модельдерінің арқасында сақтандырушылар тұтастай алғанда басқа салалардағы компанияларға (мысалы, авиатасымалдар және туризм) қарағанда рецессияға төзімді. Олардың қызметіне ауқымды үнемдеу және портфельдерді әртараптандыру оң ықпал ететін болады. Шағын компаниялар бәсекелестіктің күшеюіне және жағымсыз макроэкономикалық үрдістерге байланысты қиындықтар көре алады. Бизнестің бірнеше бағытындағы сақтандыру сыйлықақысының жалпы көлемі қысымға ұшырайды, себебі қолда бар кірістердің төмен деңгейі халыққа жинақ ақша жасауға мүмкіндік бермейді, әсіресе, қазір үй шаруашылықтары мен компаниялардың көпшілігі керісінше өз шығыстарын қысқартқан кезде», – деп S&P агенттігінде түсіндірді.

Өмірді сақтандыру секторының компаниялары үшін жағдай неғұрлым қолайлы болып қалуда, өйткені соңғы екі жылда сектор өте төмен базадан өсуді көрсетті. Сарапшылар реттеуші органның бастамалары орта мерзімді перспективада өмірді сақтандыру секторының дамуын ынталандырады деп болжайды. Олардың қатарына инвестициялық құрауышы бар өнімдерді күтілетін енгізу, білім беруді қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы және зейнетақы қаражатын басқару жөніндегі функциялардың бір бөлігін өмірді сақтандырумен айналысатын компанияларға беру туралы реттеушінің ықтимал шешімі жатады. Осындай құралдардың неғұрлым жоғары инвестициялық кірістілігіне байланысты банк депозиттеріне емес, халықтың активтерін өмірді сақтандыру өнімдеріне ауыстыру қосымша оң фактор болуы мүмкін. Бұл әсіресе доллармен номинацияланған өнімдерге қатысты.

«Ағымдағы дағдарыс тәуекелдерді ғана емес, сондай-ақ сақтандыру саласы үшін кейбір мүмкіндіктерді де негіздейді. Инновациялық компаниялар клиенттердің мінез-құлқының өзгеруінің арқасында нарықтағы өз позицияларын сақтай алады. Рецессия кезеңінде шығындарды оңтайландыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыру сату арналарын қайта бөлуді де айқындай алады. Сонымен қатар, сақтандыру компаниялары сақтандыру полисін ресімдеуден бастап сақтандыру төлемдерін реттеуге дейін сатудың бірыңғай тізбегін қалыптастыру үшін белгілі бір шаралар қабылдауы керек деп ойлаймыз. Компанияларға оны құру және орта мерзімді перспективада бәсекелестік басымдыққа айналдыру үшін уақыт пен қосымша шығыстар қажет болады. Агенттік желілер арқылы сату көлемі төмендеуі мүмкін, ал интернет арқылы сату үлесі 2020 жылы уақытша әлеуметтік оқшаулауға байланысты өсуі мүмкін. Бірақ біз әлі де елде агенттік желілері жақсы жөнделген компаниялар маңызды рөл атқарады және белгілі бір бәсекелестік артықшылықтарды сақтайды деп ойлаймыз, атап айтқанда шалғай өңірлерде», – деп болжайды S&P агенттіктігінде.

Есепте сондай-ақ компаниялардың сақтандыру қызметінің болашақ динамикасы жалпы сақтандыру секторында да, өмірді сақтандыру секторында да қысымға ұшырауы мүмкін, сондықтан ұйымдар кірістілік көрсеткіштерін қолдау үшін 2020 жылы шығыстарды қысқарту бойынша шаралар қабылдайтыны айтылған.

«Біздіңше, инвестициялық кіріс барлық қазақстандық сақтандыру компанияларының қорытынды нәтижелерінің құрылымында пайыздық ставкалардың төмендеуі мен теңгенің девальвациясы аясында айырбастау бағамының өзгеруінен түсетін пайда салдарынан негізгі үлесті құрайтын болады. Бұдан басқа, сақтандырушылардың инвестициялық портфельдерінде шетел валютасында (негізінен доллармен) номинацияланған құралдарға салымдардың үлесі 2015 жылдан бастап жоғары болып табылады», – деп ұйымда көрсетті.

Корпоративтік басқаруға келетін болсақ, ол операциялық қызметті жалғастыру үшін маңызды фактор болып қала береді.

«Көптеген ұйымдар үздіксіз қызметті қамтамасыз ету жөніндегі жоспарларды табысты орындайды. Сонымен қатар, біз есептілікке байланысты операциялық тәуекелдер, киберқатерлер мен тәуекелдер барлық сақтандыру компаниялары үшін артатынын атап өтеміз. Олардың басым көпшілігі 2020-2021 жылдарға арналған бюджетті қайта қарауға тура келеді, алайда, олар оны екінші жартыжылдықта жасайтын шығар. Естеріңізге сала кетейік, АФР сақтандыру компанияларына дивидендтік төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынды және есептілікті ұсыну мерзімін ұзартты. Бұл біздің түсінігімізде міндетті емес сипатқа ие. Мұндай шешім капиталдың немесе ақша қаражатының жеткіліксіз көлемін емес, пандемияға байланысты туындауы мүмкін сақтандыру компанияларының болашақ шығыстарына қатысты белгісіздікті куәландырады. Біз кейбір сақтандыру компаниялары 2019 жылы пайданы толық көлемде ұстап отырғанын атап өтеміз, ал басқалары акционерлерге дивидендтер төлеуді жалғастырды», – деп S&P агенттігінде қорытындылады.
 

Фотосурет ашық дереккөздерінен алынды

 

Дереккөзі: https://lsm.kz/strahovanie-sip

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз
Көрші елдің сақтандырушысы салауатты өмір салты экожүйесін енгізді
Көрші елдің сақтандырушысы салауатты өмір салты экожүйесін енгізді

КАПИТАЛ LIFE сақтандыру компаниясы салауатты өм...

Сізге өмірді сақтандырудың қанша мөлшері қажет
Сізге өмірді сақтандырудың қанша мөлшері қажет

Өмірді сақтандырудың қажетті көлемін анықтау ...

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру